Томотерапиялық емдеу тәсілі туралы не білеміз?

7 Қазан 2021, 11:23 7552

Қатерлі ісікті емдеудің Қазақстандағы алғашқы медициналық орталығындағы бір күн

Томотерапия – онкологиядағы сәулелік терапияның бір түрі. «TomoTherapy» HD құрылғысы онкологиялық ауруларды емдеу үшін заманауи құрал-жабдық болып табылады. АҚШ-та жасалған бірегей қондырғы бүгінде Орталық Азия елдері арасында тек біздің елордамызда жұмыс істеп тұр.


Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үміт» томотерапия орталығында амбулаторлық жағдайда сәулелік терапия (радиотерапия), маммология орталығы және обырды ерте диагностикалау бөлімшелері бар.

Томотерапияның басымдылығы ісіктердің күрделі түрлерін қоршаған тіндерді зақымдамай емдеуге мүмкіндік береді. Олардың әрқайсысы жеке басқарылып, мыңдаған ұсақ сәулелерге бөлінген фотон будасымен сәулелеу дозасын жеткізудің ерекше әдісі.


Сәулелік терапияның жоғары нәтижелігі «TomoTherapy» HD құрылғысының техникалық сипаттамаларымен айқындалады. Құрылғы арқылы ісіктің ошағына жоспарланған мөлшермен жоғары нақтылы жеткізіледі. Сонымен қатар асқынулармен қосалқы әсерлері деңгейі төмен болады. Радиотерапияда сау тіндер мейілінше қорғалады. Және де күрделі, ұзақ 135 см-ге дейін қиын орналасқан ісіктерді емдеудегі техникалық мүмкіндіктер қарастырылған.

Томотерапия дегеніміз не?

Томотерапия – сәулелі терапияның бір түрі. Бұл инвазиялық емес әдістердің бірі. Терапия барысында ешқандай ота жасалмайды. Ем барысында науқастардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады. Сәулелі терапия жасау кезінде бірінші қатерлі ісіктерді, жасушаларды бұзып, науқастың жағдайын жақсартып, емдік сипатқа жетеді. Аталған тәсілмен барлық қатерлі және қатерсіз ісіктерді емдеуге болды.

Томотерапияны қолдану аясы

Томотерапия тәсілі – ми ісіктері, лимфома, бас және мойын ісіктері, мезотелиома, сүт безінің обыры, гинекологиялық органдардың обыры, тік ішек, қуық обырларында және сүйек кемігінде, өкпе және өңеш обырларында краниоспиналдық сәулелендіруде қолданылады.


Томотерапия мүмкіндік береді.

·        Обырдың ерте кезеңінде ауруды емдеп шығу мүмкіндігі;

·        Обырдың ІІ – ІІІ кезеңдерінде және VI кезеңінің кейбір түрлерінің нәтижелігі;

·    Емдеудің басқа тәсілдерімен аралас қолдану, сүйек кемігін транспланттауға дайындауды қолдану;

·        Паллиативті терапияда қолдану өмір сапасын жақсарту;

Орталықтағы компьютерлік томограф UCT510 томотерапияға нәтежелі дайындауға және ауруды диагностикалаудың жоғары сапасын жүргізуге мүмкіндік береді.


Томотерапия қалай жүргізіледі?

Бірінші орталық дәрігерлері науқастың құжаттарын қарайды. Содан кейін ғана қабылдауға шақырады.


– Науқас келе салысымен ісік анықталған орынға компьютерлік томография жүргізіледі. Ісіктің нақты қай жерде орналасқанын анықтағаннан кейін медициналық физик мамандардың көмегімен дәрінің мөлшері есептеліп, барынша сау органдарды зақымдамас үшін ем тағайындалады, – дейді радиациялық онколог дәрігер Қарқын Өмірсерікұлы.


Радиациялық онколог дәрігердің айтуынша науқастың ісігі нақты қай жерде орналасқанын, егер бұрын ісік болған болса, отадан кейін келіп отырған науқас болса, олардың барлығы мұқият тексеріледі.

– Сәулелі ем науқастың денсаулық жағдайына байланысты жүргізіледі. Мысалы омырау ісігі кезінде 25 сеанс сәулелі терапия жүргізіледі. Егер науқастың жасы отыз бестен төмен болса, біз 32 сеансқа дейін сәулелі ем тағайындаймыз. Біздің орталықтағы науқастардың жас ерекшеліктеріне келер болсақ, ең кішісі үш жастан бастап сексен жасқа дейінгі науқастар емделеді. Ең көп мөлшерде ем қабылдайтын 50-70 жас аралығындағы науқастар, – дейді радиациялық онколог Қарқын Өмірсерікұлы.


Сонымен қатар ем қабылдаған науқастарға 1,5-2 айдан кейін компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография (МРТ) жүргізіліп емнің нәтежесі бағаланады. Және де томотерапия соңғы бірнеше жылда пайда болған жаңа терапия түрі болғандықтан ондағы ақпараттар дәлелді медицина базасында жүргізіледі.


– Сәулелі терапияны ең көп өтетіндер қазіргі таңда омырау обыры. Бұл ең көп кездесетін онкологиялық аурудың бірі десек болады. Сәулелі ем кезінде ісіктерді күйдіргенде сау жасушалар зақымдалуы мүмкін. Бірақ та мұның барлығы әр науқастың жеке дозиметрлік жоспары арқылы жүргізіледі. Бір науқас арық, екінші науқас семіз болуы мүмкін. Осы дене бітіміне байланысты науқастардың сау жасушаларын қоршаймыз. Содан кейін арнайы құрылғының көмегімен ем жүргіземіз, – дейді радиациялық онколог.

Қатерлі ісік пайда болғанда адамға бірден біліне ме?

– Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері бірден білінбейді. Адамдар жыл сайын профилактикалық тексерулерден өтеді. Көп жағдайда сол тексеруден өткен кезде анықталып жатады. Сонымен қатар қатерлі ісік туғызатын зиянды әрекеттер мен тағам түрлері бар. Зиянды әдеттерге шылым шегу мен алкогольді қолдану жатады. Психоэмоционалдық күйзелістер де қатерлі ісікке алып келуі мүмкін. Тағам түрлерінен қуырылған, ащы тағамдардың да кері әсері бар. Томотерапия кезінде науқастарда барлығы көп жағдайда жеңіл өтеді. Ол негізгі әдіс сыртқы, ішкі зақымдалуларды барынша азайтады. Науқас ем қабылдау барысында күнделікті келеді. Өзінің денсаулық жағдайына байланысты сәулелі емді алады. Емдеудің хирургиялық және химиотерапиялық әдістері бар. Солармен салыстырмалы түрде сәулелі терапия ең қауіпсіз болып есептеледі, – дейді орталық директоры, дәрігер онколог Ержан Шаяхметов.

«Үміт» орталығы маған үміт сыйлады

Бақтияр есімді орталық емделушісінде өткен жылы желтоқсан айының басында қатерлі ісік бар екендігі анықталған. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген азамат омыртқа остехандрозы мазалап, емделу үшін тексеруден өткен. Сол тексеру барысында компьютерлік томографияға түсу барысында қатерлі ісіктің бар екендігі анықталған.


– Өкпенің оң жақ жоғарғы жағында қатерлі ісік пайда болғаны анықталды. Менің отбасымда, жалпы әулетімде ешкім бұрын мұндай ауруға шалдықпаған. Аспаннан жай түскендей күйде болдым. Содан ем алудың жолын іздестіре бастадым. Әрбір облыстың орталықтарында онкологиялық орталықтар бар екені баршамызға белгілі. Содан іздестіре отырып осы орталыққа келдім. 5 қаңтардан бастап емделуді бастадым. Алғаш анықталған кезде ісіктің көлемі 9 см болған. Дене тынысымды тарылтып қиналып отырғанымда ақ халаттылар бір күн де кешіктірген жоқ. Бірінші 6 сеанс химиотерапия алдым. Содан кейін қатерлі ісік 5 есе азайды. Енді томотерапия өтіп жатырмын. Бүгін томотерапияның оныншы күні. Өзімді жақсы сезінемін, – дейді Бақтияр есімді емделуші.


Бақтияр химиотерапияның үшініші сеансынан кейін өзінде өзгеріс барын байқай бастаған. Оның мамандығы ядерлық физик болғандықтан сәулелі емдеу тәсілін жақсы түсінеді.

– Томотерапия емдеу тәсілі маған үлкен үміт сыйлады. Әр науқастың дозасы әр түрлі. Біреуге 15 минут, біреуге 20 минут ем тағайындалады. Маған 5 минут томотерапия бекітілген. Мен орталыққа квотамен келдім. Қазіргі кезде тегін ем алып жатырмын. Ал химиотерапияны дәрі-дәрмекті өзім алып, ақылы өттім. Басқа аурулар сияқты бұл ауру да жазылады деген үміттемін. Жалпы томотерапия дегеніміз – сәулелік терапия. Ол басқа клеткаларға әсері болмайды. Сол ауырып жатқан ісікті қатерлі ісікті кетіру үшін ем жүргізіледі. Басына түспеген адамдар білмейді. Обыр ауруы дегеннен кейін көп адамдарда 3 ай немесе 6 ай өмірім қалды деген қорқыныш пайда бола бастайды. Сондықтан қазіргі прогресс динамика жақсы жүргеннен кейін ондай мерзімді алып тастайсыз. Өмірге деген құштарлығың артады. Қазіргі таңда бүгін оныншы күн ем алып отырмын. Күннен күнге өзімді жақсы сезініп келе жатырмын. Тіптен оянған кезде мұндай аурумен ауырмайтын сияқтымын. Бірақ бәріне де уақыт керек. Қатерлі ісік қазір алып тастайтын ауру емес. Мен өз басым негізі хирургияға отаға қарсымын. Егер де сәулелі терапия болмаса жағдайымның қандай боларын елестете алмаймын. Сәулелі терапия ісікті күйдіре отырып, денеңді кеспейді. Қазір жасым 55 те. Мен ішімдікке жақын емеспін. Өзім қорғаушы болып жұмыс істеймін. Бірақ осы ауруға шалдығуыма 25 жыл шылым шегуімнің әсері болды деп ойлаймын. Жұмысым да оңай емес. Үнемі күйзеліс, – дейді Бақтияр Сманов.


Томотерапия барысында науқастарға сүт тағамдары мен жеміс-жидектерді көп пайдалану керек. Емнің пайдасы тағамға шектеу қойылмайды.

Ең бірінші біздің жұмысымыз сәулелік терапия. Оған қоса химиотерапия өтіп жатыр. Екінші жоспарымыз амбулаторлық онкология. Ісіктің, обырдың белгілерін науқастар келген кезде тексеріп, таратып диагноз қою. Қазір бізде маммология бөлімі ашылды. Химиотерпия, эндоскопиялық, фибро, видро бронхоскопия кабинеттерін ашып дамытып жатырмыз. Ұлттық Ғылыми зерттеу орталығымен бірігіп жұмыс істейміз. Келісілген меморандум бойынша науқастарды бірге қосылып ем жүргізеді.


– Өткен жылы 444 адам ем қабылдады. Екі есе көбейді. Онкологиялық орталықтарға барып, жаңа емдеу әдісі туралы ақпарат бердік, дәрістер оқыдық. Томотерапия құрылғысының бір жақсысы кішкентай балаларды 1,5 жастан ем қабылдуға ала аламыз. Біз Ана мен бала ғылыми орталығымен қарым-қатынас жасаймыз. Орталық бізге кішкентай балаларды ем қабылдауға жібереді. Балалар арасында жиі кездесетін обыр түрі бастың миы мен жүйке жүйесі обырлары. Ал ересек адамдарда ең біріншіден өңеш, тік ішек, өкпе және омырау обырлары, – дейді хирург-онколог Ержан Шаяхметов.

Орталыққа шет мемлекеттерден емделуге науқастар келеді. Науқастар саны 2019 жылы көбірек болған.

– Америкадан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келіп ем қабылдаған науқастар болды. Былтырғы жылы пандемияға байланысты шет елден келетін ем алушылар саны азайды, – дейді орталық директоры Ержан Шаяхметов.

Сонымен қатар орталықта Қазақстандық азаматтарға ем тегін. Жалпы онкологияда науқастар диспансерлік тіркеу бойынша топтарға бөлінеді. Екінші емге жарайтын ем алатын науқастарға емнің ақысы мемлекет төлейді.

– Төртінші клиникалық топтағы науқастар емді көтере алмайды. Олардың денсаулығын тексеріп, емді көтере алатын болса ақылы түрде емдеуге аламыз. Оларға керегі полетивтік сәулелік терапия. Онда көп доза алмайды. Қатты ауырған кезде ауыратын жеріне ғана өмір сүру жағдайын жеңілдету үшін жүргізіледі. Квота бойынша да ем жүргіземіз. Қазақстан бойынша облыстық онкологиялық диспансерлік орталықтармен және ондағы дәрігерлермен тығыз байланыстамыз. Олар бізге электронды почтаға қағаздарын жібереді. Құжаттарын қарап, науқасты шақырамыз, – дейді орталық директоры.


Орталықтың дәрігерлері жоғары білімді, шет тілдерін меңгерген білікті мамандар. Орталық директорының айтуынша олар Индия, Америка, Франция, Украина, Ресей мемлекеттеріне білімдерін жетілдіріп келген мамандар.

– Онкология жалғыз сәулелік терапия емес, онкология томотерапия емес. Бізде онкологияда хирургия бар. Бірінші рет Қазақстанда тіркеуге тұрған науқастар әлемде 70 %-на сәулелік терапия өткізуге болады. Бұл ісік алғаш анықталған кездегі жағдай. Сонымен қатар бізде адюванттық және адюванттық емес деген ем бар. Адюванттық емес – отаға дейінгі емдеу түрі. Бізде өңеш, тік ішек ісігі ота алдында сәулелік химиотерапия өткізіп аламыз. Содан кейін 7-8 жұмадан кейін тексеріп ота жасаймыз. Ал мидың ісіктеріне Қазақстанда гисталогиялық зерттеу болмаса оған арнайы ем өткізуге болмайды. Омырау, өңеш, асқазан барлығын отаның алдында қандай ісік бар екені білеміз. Егер де ісік кішкентай болса, науқастың жасы да рөл атқарады. Денсаулығы тұрақты болуы керек. Ісіктің көлемі болады. Егер мүлдем кішкентай болса бірінші саты болған кезде жастарға ота жасаймыз. Одан кейін химия және сәулелі терапия жасайды. Ота келісім бойынша Ұлттық Ғылыми зерттеу орталығында жасалынады, – дейді хирург-онколог Ержан Шаяхметов.


Репортаж соңында хирург-онколог адам ең бірінші рет сүйе білуі қажет екендігін айтты. Себебі көп аурулар уайым-қайғыдан, күйзелістен пайда болады.

– Оңтүстік аймақта күннің көзі көп болғандықтан тері аурулары жиі кездеседі. Солтүстікте өңеш, батыста тік ішек, өңеш, омырау ісіктері жиі анықталып жатады. Негізінен обырдың клеткалары әрбір адамда бар. Біздің иммундық жүйеміз оны қорғап ұстап отыр. Қазақ кептірілген сүр етті көп жейді. Тағамды мөлшерден тыс пайдаланбау керек. Жақсы позитивті ой ойлау қажет. Дәрумендерді көп жеу керек, – деп кеңес берді Ержан Мұхатайұлы Шаяхметов.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: