«Толық адам»: Абайдың тағылымын арқалаған ұрпақ

27 Тамыз, 15:00 20974

Nazarbayev University «Толық адам» тұжырымдамасын жүзеге асырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған университет бүгінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. 250-ден астам зертханасы бар университетте қатерлі ісікті емдейтін препарат әзірленіп, сал ауруымен ауыратын балаларды жаттықтыратын кешен құрастырылған, ғарышқа жіберілетін роботтар жасалып, қазақ тілінде сөйлейтін цифрлық аватар іске қосылған. Бұл жұмыстармен студенттер де айналысады. Алайда ағылшын тілінде білім беріп, жастарды ғылымға баулитын университет тек қана біліктілігі жоғары мамандарды даярлаумен шектелмейді, сондай-ақ олардың бойына дұрыс қасиеттерді сіңіруді мақсат етеді. Осы мақсатта жоғары оқу орнында «Толық адам» тұжырымдамасы жүзеге асырылмақ.

«Толық адам» тұжырымдамасы ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының аттас пәлсапасына негізделген. Оған сәйкес, толыққанды адам болу үшін бойда үш-ақ қасиет болуы керек – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Білім ордасындағы тәрбие жұмысы өткен жылдың соңында NU Қамқоршылық кеңесінің шешімімен ресми түрде бекітілген. Оған бірден-бір себеп – қазіргі кезде сапалы білім беруден бөлек, ол білімді игі мақсаттарға қолданатын, адамзат пен өз елінің алдындағы жауапкершілікті сезінетін патриоттарды өсіру маңызды.

Студенттермен жұмыс жүргізу департаментінің бас менеджері Дана Абильтаеваның айтуынша, бұл ретте көрсеткіштер өте жақсы. Мәселен, оқу бітірген түлектердің барлығының 92%-ы Қазақстан экономикасының түрлі салаларында еңбек етуде. Сондай-ақ университеттің тағы бір стратегиялық бағыты – шетелде тұрып жатқан қазақстандық мамандарды елімізде жұмыс істеуге жақсы жағдай жасау арқылы қайтару. Қазіргі кезде шетелде академиялық салада еңбек етіп жүрген біраз қазақстандық университетке жұмысқа тұрып, табысты ғылыми жұмыстар жүргізуде.

Аталған департамент жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысымен айналысады. Ол 2,1 мың студент мүшелік ететін 127 студенттік ұйымның жұмысын үйлестіріп, оларға тәлімгерлік жасайды. 2024 жылы департамент 434 шара өткізген, олардың 110-ы «Толық адам» пәлсапасын дәріптеуге бағытталған.

Студенттер өткізетін шаралардың арасында қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу жөніндегі шараларға сұраныс артқанын айта кету керек. Оған қоса осы тақырыпқа шетелден келген оқытушылар мен студенттердің қызығушылығы артуда. Кейбір оқытушылар тіпті қазақ тілін толығымен меңгеріп алған. Сондай-ақ Kazakh Stage, NU Orchestra, «Kiye» Qazaq Dance Club, Kerim, Shyraq ұйымдары студенттер арасында өте танымал. Тағы бір айта кететін жайт, оқуға түскен студенттер арасында қазақ мектебін бітіргендер саны артып келеді, қазіргі кезде көрсеткіш 50%-ға жақындады, – дейді Студенттермен жұмыс жүргізу департаментінің директоры Бейбіт Асқарұлы.

Аталған тұжырымдаманың жүзеге асырылуының оң нәтижесі ретінде студенттер арасында қайырымдылық шараларының артқанын айтуға болады. Мәселен, университетте «Қызыл жарты ай» мен «Балаларды дамыту қоры» сынды ұйымдарға студенттер белсене араласа бастаған. Оған қоса биылғы көктемде өткен «Астана бал» қайырымдылық шарасына 3,5 мың қатысушы келіп, ерекше қажеттіліктері бар және мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек ретінде қаражат жиналды. Жиналған сома өткен жылғы көрсеткіштен екі есе өскен. Шараның негізгі тақырыбы «Жылы жүрек» болған.

Өзін-өзі басқару жүйесі – тәрбие жұмысын тиімді жүргізудің тағы бір мықты құралы. Оқу жылында жақсы жобалар жасап, университет өміріне белсене араласқан Студенттік Үкіметтің президенті Ерасыл Қадыржанов білім алушылардың дауысы бойынша үздік деп таңдалып, «Толық адам» сыйлығын алды.

Бұл тәрбие беру жүйесі тек қана білім беруге емес, оған қоса студенттерді жақсы түсініп-білуге, оларға жайлы және ыңғайлы ортада өзін-өзі тануға мүмкіндік береді. Жастар болашақта кім болғысы келетінін шешіп, ол мақсатқа қалай жету керегін үйренеді, бойларына ұлтымыздың мәдениеті мен құндылықтарын сіңіріп, отандық университет қабырғасында көзі ашық, көкірегі ояу ХХІ ғасыр адамдарына айналады. Біз білім ордасының қауымдастығы және ата-аналардың көмегімен әлемдік дәрежедегі біліммен сусындаған, бойына бар жақсы қасиеттерді сіңірген болашақ көшбасшыларды, еліміздің патриоттарын өсіруге талпынамыз, – деп қорытындылады NU вице-президенті Қадиша Даирова.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: