26.02.2026
09:10
386
Токиодан Калифорнияға дейін: Қазақтың киіз өнері қалай трендке айналды?

Токиодан Калифорнияға дейін: Қазақтың киіз өнері қалай трендке айналды?

Киіз – қазақ үшін тұрмыс бұйымы ғана емес, тұтас өркениеттің белгісі. Ал суретші Ләйлә Жарқын осы мыңжылдық материалды заманауи өнердің тіліне айналдырып, дәстүр мен бүгіннің арасын жалғап жүр. Ол жүнді тек илеп қоймайды – оны концепцияға, философияға, халықаралық форматқа шығарады. Туындылары Токиодан Нью-Йоркке дейін жол тартып жатқанымен, суретші шетелдік алаңдарға көбіне өз қаражатымен барады. Оның ойынша, өнер – мемлекеттің жұмсақ күші, ал киіз – Қазақстанның әлемге айтар сөзі. Ләйлә Жарқын үшін бұл жай шығармашылық емес, ұлттық кодты сақтай отырып, оны жаңа дәуірге бейімдейтін миссия.

El.kz: Ләйлә ханым, сізді суретші, текстиль дизайнері, киіз өнерінің заманауи интерпретаторы деп сипаттасақ әбден болады. Ерекше өнеріңіз туралы толығырақ айтып беріңізші. Бұл салаға қалай келдіңіз, кімнен үйрендіңіз?

Ләйлә Жарқын: Менің суретші боламын деп шешкенім – бала кездегі қиял емес, ішкі сенім еді. 11 жасымда-ақ болашақ мамандығымды анықтап қойғанмын. Әлі қай медиада жұмыс істейтінімді білмесем де, өнер менің өмірімнің өзегіне айналатынын сезетінмін. Он бес жасымда Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сән және қолданбалы өнер колледжіне оқуға түстім. Көркем-тоқыма факультетінде білім алып жүріп, Қастеев атындағы музейде киізден жасалған өнер туындыларының көрмесіне бардым. Сол сәт менің тағдырымды өзгертті десем артық емес. Киіздің иісі, фактурасы, оның табиғилығы мен тереңдігі – бәрі маған ерекше әсер етті. Мен сол күні киізге ғашық болдым.

Он сегіз жасымда алғаш рет киіз илеп көрдім. Сол сәттен бастап бұл материал менің шығармашылық жолымның ажырамас бөлігіне айналды. Көрмеден кейін ұстазыма киізбен кәсіби түрде жұмыс істеуді үйренгім келетінін айттым. Алайда біздің оқу бағдарламамызда киіз өнері қарастырылмаған еді. Қолданбалы өнер мамандығын оқысам да, төрт жылдық бағдарламаға киіз енгізілмепті. Сол кезде кураторым Гүлшарым Мұсақызы маған Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына түсуді ұсынды. Мен қолданбалы өнер колледжін тәмамдаған соң бір жыл үзіліс алып, қайтадан оқуға тапсырдым. Екінші рет академияға түсуімнің басты мақсаты – киізді терең меңгеру болды. Бұл жай ғана қызығушылық емес еді. Мен киіз арқылы өз болашағымды көргендей болдым.

Уақыт өте келе бір нәрсені анық түсіндім: менің өнердегі тілім – киіз, ал негізгі шикізатым – жүн. Мен осы материал арқылы ойымды, сезімімді, көзқарасымды жеткізе аламын. Киіз мен үшін тек дәстүрлі қолөнер емес, заманауи көркемдік ойдың құралына айналды. Колледжден кейін академияда білімімді жалғастырып, кәсіби жолымды бастадым. Академияны аяқтар тұста біз Абу-Дабиге халықаралық конкурсқа қатысып бардық. Сол байқауда құрбым Ақерке екеуміз бірінші және екінші орын иелендік. Бұл – менің шығармашылық жолымдағы маңызды белес болды.

Фото: instagram/laila_zharkyn

Кейін бізді отандық брендке жұмысқа шақырды. Бірнеше жыл сол жерде қызмет атқарып, параллель түрде жеке шығармашылығымды дамыттым. Сол кезеңде мен өмірімнің тұтастай өнермен байланысты екенін толық ұқтым. Бұл – бала күнгі алғашқы арманым еді. Сондықтан бір сәтте қызметкер ретіндегі рөлімді аяқтап, өзімді толықтай өнерге арнауға шешім қабылдадым. Бұған дейін де тапсырыстар алып жүретінмін, адамдар көбіне бір-бірінен естіп, “сарафан радиосы” арқылы келетін. Ал толықтай еркін шығармашылыққа бет бұрғаннан кейін мені танитындар көбейе түсті.

Бүгінде мен үшін киіз – жай материал емес. Ол – менің болмысым, менің көркемдік тілім, менің тарихым мен бүгінімнің тоғысқан нүктесі. Өнер мені таңдады ма, әлде мен өнерді таңдадым ба – оны айыру қиын. Бірақ бір нәрсе анық: мен өз жолымды дәл таптым.

El.kz: Киіз – мыңжылдық көшпелі өркениеттің материалы. Сіз осы материалмен жұмыс істегенде тек эстетикамен айналысасыз ба, әлде тарихи жүкпен де жұмыс істеп жүрмін деп сезінесіз бе?

Ләйлә Жарқын: Мен киізбен жұмыс істегенде оны тек эстетикалық сәндік материал ретінде қарастырмаймын. Мен үшін киіз – тарих, жады, тамыр. Әрбір туындым арқылы мен Қазақстандағы киіз өнерінің дамуына өз үлесімді қосып жатырмын деп сенемін. Оқып жүрген жылдары, шығармашылық жолымды енді бастаған кезде киізбен кәсіби деңгейде айналысатын, оны заманауи өнер тіліне айналдырған танымал суретшілер көп болмады. Қолөнершілер бар еді, бірақ киізді концептуалды, авторлық өнердің құралына айналдырған суретшілер аз болды. Мен дәл осы олқылықты сезіндім.

Мен бір ғана материалмен шектеліп қалғым келмеді деген мағынада емес – керісінше, бір материалдың шексіз мүмкіндігін ашқым келді. Киізді илеп қана қоймай, оның пластикасын, фактурасын, философиясын зерттеп, суретші ретінде сөйлеткім келді. Мен үшін маңыздысы – дәстүрді бұзу емес, оның негізін сақтай отырып, жаңа тыныс беру. Біз өз тарихымыздан, өз мәдениетімізден асып кете алмаймыз. Және оған асығудың да қажеті жоқ. Өйткені сол тарих – біздің туындыларымыздың қаңқасы, тамыры, ішкі құрылымы. Егер тамыр болмаса, бүгінгі өнер де болмас еді. Киіз – тек материал емес, ол көшпенді дүниетанымның коды.

Сондықтан менің мақсатым – киізді музейлік экспонат ретінде емес, тірі, дамып жатқан, бүгінгі заманмен үндесетін материал ретінде көрсету. Заманауи стильде, жаңа формаларда, жаңа мағынада. Әлемге киіздің басқа қырын ашу. Мен өз дәуірімнің адамы ретінде киіздің табиғи түрде трансформацияланып, заманауи өнер кеңістігіне еркін енуіне атсалысып жүрмін деп ойлаймын. Дәстүр мен бүгінгінің арасындағы көпір болу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Өнер уақытпен бірге өзгереді. Бірақ тамырын жоғалтпай өзгере алса ғана ол шынайы болады. Менің киізбен сөйлесуім – дәл осы тепе-теңдікті іздеу.

El.kz: Бүгінгі урбанистік, цифрлық қоғамда жүн сияқты «тірі» материалмен жұмыс істеу қаншалықты қиын? Киіз сіздің дүниетанымыңызды өзгертті ме?

Ләйлә Жарқын: Әрине, өз материалымды таңдаған сәтте қолдау ғана естідім десем, шындыққа жанаспайды. Көптеген әріптестерім, өзге бағыттағы суретшілер жүнді «ескінің қалдығы», «қазіргі заманда қажетсіз дүние» деп қабылдады. «Баршылық заманда қойдың жүні кімге керек?» деген пікірлер де айтылды.

Бірақ мен керісінше ойладым. Өйткені жүн – өлі емес, тірі материал. Ол табиғаттың бізге берген, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасап келе жатқан сыйы. Бізге дейін болған, бізден кейін де бола береді. Оның өміршеңдігі – дәл осы табиғилығында. Техника да, синтетикалық материалдар да болмаған кезеңде халқымыз киізді тек бұйым емес, өмір сүру ортасы ретінде қолданды. Киіз үй – баспана, киім – қорғаныш, тұрмыстық заттар – күнделікті қажеттілік болды. Киімнен бастап үй жиһазына дейінгі бұйымдардың басым бөлігі киізден жасалды. Яғни бұл материал – біздің өркениеттік тәжірибеміздің өзегі. Мұндай терең тарихы бар дүниені «ескі» деп біржақты айту мүмкін емес.

Кез келген дәстүрлі материалдың жаңа тынысы ашылатын кезеңі болады. Бір уақытта ұмыт қалғандай көрінген дүние келесі дәуірде қайта сұранысқа ие болуы мүмкін. Өнерде де, сәнде де циклдік қозғалыс бар. Маңыздысы – сол материалды уақыттың тілімен сөйлете білу. Әрине, киізбен жұмыс істей бастағанда бәрі бірден оңай болған жоқ. Көпшілік таңырқап қарады. «Иісі шығады», «күтімі қиын», «бұрын қарға алып шығып, жазда күнге кептіретін» деген пікірлер айтылды. Расында, бұрынғы тұрмыс жағдайында киізге күтім жасау өмір салтының бір бөлігі еді. Ал қазіргі қарбалас заманда адамдар алған затына көп уақыт жұмсағысы келмейді.

Фото: Фото: instagram/laila_zharkyn

Бірақ уақыт тек қиындық емес, мүмкіндік те әкеледі. Бүгінде киізді өңдеудің, тазартудың, күтім жасаудың заманауи технологиялары бар. Арнайы құралдар, экологиялық тазалау тәсілдері, құрылымын сақтайтын өңдеу әдістері табылды. Яғни киіз де заманға бейімделді. Мен үшін ең маңыздысы – материалды өткеннің символы ретінде қатырып қою емес, оның болашағын көру. Киіз – тек мұра емес, потенциал. Табиғилыққа, экологиялық тазалыққа сұраныс артып жатқан бүгінгі әлемде жүннің қайта бағалануы заңдылық. Сондықтан мен сын пікірлерді кедергі емес, керісінше дәлел ретінде қабылдадым. Егер бір материалға күмән көп болса, демек оның мүмкіндігі әлі толық ашылмаған. Ал менің миссиям – сол мүмкіндікті көрсету.

Киіз – мен үшін жай ғана материал емес, дүниетанымды қалыптастыратын үдеріс. Мен оны илеген сайын тек бұйым жасамаймын, ішкі әлеміммен жұмыс істеймін. Киіздің өзі – философия. Илеу процесіне қарасаңыз, ол адам өмірінің жолына ұқсайды. Әуелде жүнді алдыма қойған сәт – жаңа басталған өмір секілді. Ол әлі пішінсіз, қорғансыз, сәби тәрізді. Оны дайындайсың, тазалайсың, реттейсің. Бұл – ұзақ, сабыр талап ететін кезең. Ана құрсағындағы тоғыз айдай, көрінбейтін, бірақ шешуші дайындық уақыты.

Суды алғаш тигізген сәт – дүниеге келген шақтай. Материалды бірден қатты ұстамайсың, оны жәйлап сулайсың, сипайсың, бағытын табуға көмектесесің. Басында киізді мәпелейсің. Дәл баланы тәрбиелеудің алғашқы жылдарындай – мейірім, жұмсақтық, қамқорлық. Ал уақыт өте келе үдеріс өзгереді. Киізді қаттырақ илей бастайсың, көбірек күш саласың. Ол тығыздалып, қатаяды, өз формасын табады. Бұл – адамның да ішкі қаңқасы қалыптасатын кезеңі секілді. Өмір көрген сайын, қиындық пен тәрбиенің әсерінен тұлға бекиді, мінезі айқындалады. Киіз де дәл солай: алғашқы жұмсақ күйінен өтіп, біртіндеп берік құрылымға айналады. Маған ең қызығы – әр илеу бірдей болмайды. Әр туындыға жұмсалатын уақыт та, көңіл күй де, ниет те әртүрлі. Кейде сабырмен, кейде толқумен, кейде ішкі күреспен илейсің. Соның бәрі материалға сіңеді. Киіздің де өз «мінезі» пайда болады. Ол бірде жұмсақ көнсе, бірде қарсыласып, өз ырқын көрсетеді.

Осы үдерісте тек материал ғана өзгермейді. Шебердің өзі де өзгереді. Сен қолыңнан шыққан дүниені қалыптастырып қана қоймайсың, сол дүниені жасау барысында өзің де қайта қалыптасасың. Киіз саған төзімділікті, сабырды, уақытпен жұмыс істеуді, күш пен нәзіктіктің тепе-теңдігін үйретеді. Сондықтан мен үшін киіз – бұйым емес, процесс. Ал процесс – өмірдің өзі.

El.kz: Ұлттық материалмен жұмыс істеу кейде «қолжетімді» болуы тиіс деген ой тудырады. Ал сіздің ойыңызша, киіз өнері luxury сегментке енуге дайын ба?

Ләйлә Жарқын: Меніңше, кез келген заттың – мейлі ол өнер туындысы болсын, мейлі тұрмыстық бұйым болсын – өз сегменті бар. Қолжетімді деңгейі де, люкс деңгейі де болады. Бағаны тек нарық емес, ең алдымен оны жасаған адамның өзі айқындайды. Қанша уақыт жұмсады, қанша күш салды, қандай тереңдік қосты – құндылық соған қарай қалыптасады.

Біреу үшін 20 сағат – жай ғана жұмыс уақыты. Ал біреу үшін 20 сағат – өмірінің маңызды бөлігі. Уақытқа деген көзқарас бағаны да өзгертеді. Өйткені шын мәнінде біз заттың өзін емес, оған жұмсалған өмірді бағалаймыз. Киіз өнері люкс сегментке енуге толық дайын деп ойлаймын. Себебі ол – қолдан жасалатын, қайталанбайтын дүние. Бүгінгі заманда көп нәрсе машинамен, алгоритммен, жасанды интеллектпен өндіріліп жатқан кезде адамның жанымен, қолымен, тынысымен жасалған бұйымның құны арта түседі. Шынайылық – сирек құбылысқа айналды. Ал сирек нәрсе ешқашан арзан болмайды.

Мен жасайтын туынды – масс-маркет емес. Ол жеке, аутентикалық дүние. Әр шебердің қолтаңбасы бар, әр бұйым – индивидуал. Бір форманы қайталасам да, оның ішкі энергиясы, көңіл күйі, құрылымы өзгеше болады. Кейде бір туындыға екі ай бойы, күніне 3–4 сағатымды арнаймын. Сонда сол жұмысқа менің өмірімнің тұтас бір бөлігі сіңеді. Оны сатып алған адам тек киіз бұйымын ғана емес, менің уақытымды, көңіл күйімді, еңбегімді, өмірімнің бір кезеңін алады.

Фото: instagram/laila_zharkyn

Әр адам өз өмірін әртүрлі бағалайды. Біреу үшін уақыт – есеп, біреу үшін – құндылық. Сол сияқты нарықта да әр сегменттің өз орны бар. Қолжетімді бұйымға да сұраныс табылады, люкс деңгейдегі туындыға да өз сатып алушысы келеді. Өнердің құны – оның материалына ғана емес, оның артындағы адамның өміріне байланысты. Ал өмір – ең қымбат ресурс. Сондықтан шынайы, қолдан жасалған, жан салынған дүниенің люкс сегментке жатуы – заңдылық деп ойлаймын.

El.kz: Бір туындыңыз дүниеге қалай келеді? Идея қайдан басталады?

Ләйлә Жарқын: Идея әртүрлі жерден туады. Өйткені мен – өнер адамы, өмірімнің 20 жылын осы салаға арнадым. Сондықтан айналаға да басқаша қарайсың: детальға үңілесің, көпшілік байқамайтын дүниелерге мән бересің. Шабыт табиғаттан да, адамдардан да келеді. Кейде бейтаныс жанмен қысқа ғана әңгіме жаңа ойдың бастауына айналады. Менде ескі де, жаңа да көптеген кітап бар. Солармен үнемі жұмыс істеймін, өйткені олар мен үшін референс, үлкен тірек. Бұрынғы еңбектерді қарап, оқи отырып, жаңа жобаларға ерекше шабытпен кірісемін.

El.kz: Қазір Instargam-да сіздің текеметтеріңіз өте үлкен қызығушылық тудырып жатыр. Оқырмандарды өнеріңізбен сүйсіндіріп, таңқалдырып жатырсыз. Текеметтеріңіз туралы айтып беріңізші. Текемет өнерінің қасиеті мен құндылығы, әсемдігін қалай суреттейсіз?

Ләйлә Жарқын: Иә, сізбен толық келісемін. Қазір мен дәстүрлі әрі аралас техникада жұмыс істеймін. Әсіресе жаңа техникамен жасалған туындыларым әлеуметтік желі қолданушыларына ерекше әсер қалдырып, жоғары сұранысқа ие болып жүр. Көпшілік олардың қалай жасалатынын, шығармашылық процесі қалай өтетінін жиі сұрайды.

Жаңа техникамен жұмыс істеу дәстүрлі әдіске қарағанда әлдеқайда көп уақыт пен күш-жігерді талап етеді. Сондықтан мұндай еңбектерді жиі жасай алмаймын — ол үлкен энергия мен терең шоғырлануды қажет етеді. Сол себепті түрлі сериямен жұмыс істеймін: кейбір топтамаларда жұмыстар тезірек орындалса, енді бірінде процесс баяу жүреді. Тіпті кейде жарты жыл ішінде небәрі екі жұмыс қана жарық көруі мүмкін. Бұл – туындының жасалу уақытына тікелей байланысты.

Менің текеметтерім көбіне ұлттық өнерге негізделеді. Дәстүрлі дүниені заманауи стильде қайта интерпретациялау — негізгі бағытым. Табиғатпен үндесіп жұмыс істеймін, оны қазіргі интерьерге, бүгінгі адамның жан дүниесіне жақын етіп қалай ұсынуға болатынын ойлаймын. Киізді таңдауыма бала күнгі естеліктерім де себеп болса керек. Ауылдағы әжемнің үйінде әр қыс сайын киіз төселетін. Соның үстінде аунап, жылуын сезініп өстім. Мүмкін, сол бала кездегі жылылық мені осы материалға жақындатқан шығар.

Бүгінде сол сезімді қазіргі балалар мен жасөспірімдерге жеткізгім келеді. Олар ұлттық өнерді тек музейден көріп қана қоймай, өз үйлерінде, шай үстінде, отбасы жылулығын сезіне отырып қабылдаса деймін. Әрбір туындым адамға өзінің кім екенін, түпкі тамыры мен ұлттық жадын еске салып, ішкі бір жылы эмоция сыйласа — мен үшін ең үлкен жетістік сол.

El.kz: Сіз туындыңыздың бағасын қойған кезде, еңбек сағатын есептейсіз бе, әлде концептуал құндылықты ма?

Ләйлә Жарқын: Мен туындымның бағасын есептегенде тек материал мен еңбек сағатын ғана қарастырмаймын. Мен үшін ең басты ресурс – уақыт. Уақыт – ең қымбат инвестиция. Оны қайтарып ала алмайсың. Сондықтан бағалауда ең алдымен кеткен уақытымды, жұмсалған еңбек сағатын және материалдық шығынды есептеймін. Бірақ мұнымен шектелмеймін. Бағаның ішінде концептуалдық құндылық та бар. Себебі мен бұл деңгейге бір күнде келген жоқпын. Өз мамандығым бойынша 8 жыл білім алдым. Ол кезде арнайы қысқа курстар, жеңілдетілген жолдар болған жоқ. Суретшілікке тереңдеп кіріп, жылдар бойы эксперимент жасап, ізденіп, қателесіп, қайта бастадым.

Мен бұл өнермен 20 жыл өмір сүріп келемін. Бүгінгі туындыларымның артында – сол жиырма жылдың тәжірибесі, ізденісі, күйзелісі, қуанышы жатыр. Бұл жұмыстар кеше ғана ойға келген, бір күнде жасалған дүние емес. Әр шығарма – ұзақ жолдың нәтижесі. Адамның өсу жолы тек техникалық машықпен өлшенбейді. Ол – эмоционалдық тәжірибе, өмірлік жағдайлар, ішкі трансформация. Өнерге адал болу, арманыңа берік қалу, жылдар бойы оны тастамай дамыту – үлкен ішкі қуатты талап етеді. Көп адам талантты болуы мүмкін, бірақ уақыт сынынан өту – бөлек мәселе.

Сондықтан менің туындыларымның бағасында тек еңбек пен материал емес, жиырма жылдық өмір тәжірибем, білімім, концептуалдық ойлауым бар. Бұл – тек зат емес, қалыптасқан көзқарас, жинақталған таным, уақытпен шыңдалған шеберлік. Өнердің құны кейде көзге көрінбейді. Бірақ оның артында жылдар бар. Ал жылдардың бағасы әрқашан бар.

El.kz: Қазақстанда суретші өз еңбегінің бағасын түсіріп жіберуге мәжбүр болады деген пікір бар. Сіз бұған келісесіз бе?

Ләйлә Жарқын: Иә, бізде ұзақ уақыт бойы бір түсінік қалыптасты: егер ол ұлттық өнер болса немесе жергілікті суретшінің туындысы болса – бағасы қолжетімді болуы керек. Ал шетелдік автордікі немесе шетелде оқып келген шебердікі болса – автоматты түрде қымбат саналуы тиіс. Бұл – нарықтық емес, психологиялық стереотип.

Бақытымызға қарай, қазір талғам да, құндылық та өзгеріп келеді. Адамдар еңбектің артында тұрған жолды, білімді, тәжірибені көбірек түсіне бастады. Бірақ соған қарамастан өнер адамының жолы жеңіл емес. Өнер – бірінші қажеттілік емес. Ол нан да емес, дәрі де емес. Өнер – адам рухани деңгейге жеткенде ғана іздейтін құндылық. Сондықтан әлемдік кризис, соғыс, экономикалық тұрақсыздық кезінде ең бірінші болып зардап шегетін сала – өнер. Себебі адамдар аман қалуды, тұрмысты сақтауды ойлайды. Рухани қажеттілік кейінге ысырылып қалады. Осындай кезеңдерде өнер адамдарына өте ауыр тиеді. Тұрақсыз табыс, белгісіздік, жауапкершілік. Әсіресе отбасы бар, үйдің асыраушысы болуы тиіс адам үшін тек шабытпен өмір сүру мүмкін емес. Сол себепті менің көптеген әріптестерім өнерден кетіп, басқа салаға ауысуға мәжбүр болды. Бұл әлсіздік емес – өмір талабы.

Өнерде табысқа жету – ұзақ марафон. Алдымен сен атың үшін жұмыс істейсің. Сен жылдар бойы көрінбей еңбек етесің. Көрмелерге қатысасың, эксперимент жасайсың, қателесесің, қайта бастайсың. Тек содан кейін ғана атың саған жұмыс істей бастайды. Бірақ оған жету үшін төзім, табандылық және ішкі сенім қажет. Көп адам менің бүгінгі жетістігімді соңғы 2–3 жылдың нәтижесі деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен бұл салада 20 жыл бойы күн сайын қадам жасап келемін. Әр күн – кішкентай еңбек. Әр жыл – бір саты. Өнерде бір күнде пайда болатын «сәттілік» болмайды. Ол – ұзақ жылдардың көзге көрінбейтін еңбегінің көрінген сәті ғана. Менің туындыларым бүгінгі деңгейге жетуі үшін жиырма жыл керек болды. Сондықтан жергілікті өнердің құнын төмен бағалау – сол жиырма жылды көрмеу деген сөз. Ал шын мәнінде, өнердің географиясы емес, оның артындағы уақыт пен тер ғана бағалануы керек.

El.kz: Киіз өнері қымбат болуы керек пе? «Қолмен жасалған дүние неге қымбат?» деген сұраққа қалай жауап бересіз?

Ләйлә Жарқын: Қазақстанда өнердің толыққанды нарықтық бағасы әлі қалыптасып болған жоқ деп ойлаймын. Себебі әлемдік деңгеймен салыстырсақ, біздің қоғам әлі өнер туындысын инвестиция, мәдени капитал немесе ұзақ мерзімді құндылық ретінде қабылдауға толық дайын емес. Бұл – уақыт пен мәдени эволюцияға байланысты процесс.

Әлемдік нарыққа жақын арада бірден жетеміз деп айту қиын. Бірақ бұл қол жеткізілмейтін межe деген сөз емес. Тек жүйелі даму, институционалдық қолдау және коллекционерлік мәдениеттің қалыптасуы қажет. Мен үшін ең маңызды принциптердің бірі – бағаның тұрақтылығы. Суретші ретінде ел ішінде бір баға, ал шетелде басқа баға қою – ұзақ мерзімді репутацияға кері әсер етуі мүмкін. Өйткені өнерде сенім – негізгі капитал. Сондықтан мен қай нарықта болсам да, қай арна арқылы сатсам да (жеке, серіктес, галерея немесе арт-дилер арқылы) бағамды бір деңгейде ұстаймын.

Егер болашақта халықаралық нарыққа кең көлемде шықсам, баға менімен бірге «экологиялық» түрде өсуі керек деп есептеймін. Яғни жасанды секіріс емес, табиғи даму. Жаңа көрмелер, жаңа коллекциялар, жаңа институционалдық мойындау – осылардың бәрі бағаның өсуіне негіз болады. Сол кезде өсім тек шетелде емес, Қазақстанда да бірдей жүруі тиіс. Өнер нарығында да ішкі формула бар. Бір жұмыстың бағасы 100 доллар, ал екіншісі 50 мың доллар болуы мүмкін. Бірақ бұл кездейсоқ айырмашылық емес. Уақыт, көлем, концептуалдық тереңдік, материал, автордың позициясы, көрмелік тарихы – барлығы әсер етеді. Бір жұмыс бір сағатта жасалуы мүмкін, ал екіншісі бірнеше айлық еңбектің нәтижесі болуы мүмкін.

Маған маңыздысы – бағаның логикасы мен тұтастығы. Нарық қай жерде болса да, авторлық ұстаным өзгермеуі керек. Егер өсу болса, ол табиғи, кезең-кезеңімен және екі нарықта да параллель жүруі тиіс.

El.kz: Сіздің ойыңызша, Қазақстанда өнердің шынайы нарықтық бағасы қалыптасты ма? Егер шетелдік нарыққа шықсаңыз, бағалар өзгерер ме еді?

Ләйлә Жарқын: Ең ұзақ жасаған туындыма алты ай уақыт кетті. Ол – менің пикселдік сериямның ең алғашқы жұмысы. Сол жарты жылдың ішінде бар болғаны екі шығарма жасадым, соның бірі – осы пикселдік туынды. Себебі мен жүнді өзім илеймін, өзім дайындаймын, өзім бояймын. Әр кезең – жеке процесс. Шикізатты іріктеу, тазалау, илеу, кептіру, бояу – мұның бәрі уақыт талап етеді. Киізбен жұмыс істегенде асығу мүмкін емес. Материалдың өз ырғағы, өз заңы бар. Сен соған бағынасың.

Қазір менде команда бар. Соның арқасында кейінгі үлкен жобаларды екі ай шамасында аяқтай алдық. Екі ассистентім физикалық тұрғыдан көмектеседі. Үлкен форматтағы киізді ілу, оны көтеру, аудару – бір адамның қолынан келетін жұмыс емес. Киіздің салмағы, тығыздығы, құрылымы – бәрі физикалық күш талап етеді. Бірақ шығармашылық бөлігін өзім атқарамын. Эскиздер, композиция, түстік шешім, концепция – бәрі менің қолымнан шығады. Ассистенттер өндірістік үдерісте, көлемді жұмысты жүзеге асыруда қолдау көрсетеді. Үлкен киізді жалғыз өзің илеу – тек қиын емес, кейде мүмкін де емес. Материалмен күресуге болмайды, оны түсіну керек. Сондықтан бұл жерде команда – қажеттілік. Дегенмен, әр туындының өзегінде менің қолтаңбам, менің ойым, менің уақытым бар. Формат үлкейгенімен, авторлық жауапкершілік өзгермейді.

El.kz: Ең ұзақ жасаған туындыңыз қайсы? Оған нақты қанша сағат, қанша күн кетті?

Ләйлә Жарқын: Ең көп күш кеткен жұмысым – үлкен форматтағы тапсырыс болды. Клиент текеметті қабырғаға ілеміз деді. Форматы да, салмағы да ауыр. Ондай киізді жалғыз өзің аударып, іліп, қайтадан өңдеу – мүмкін емес. Дәл сол кезде отбасымызда ауыр жағдай болып, ағам өмірден өтті. Бізге шұғыл түрде жолға шығу керек болды. Ал біз киізді сол күні сулап, дайындап қойғанбыз. Пигменттері қатты, процесс жүріп жатқан сәт еді. Түнде кетуге тура келді де, жұмысты ассистентіме қалдырдым. Бірақ ондай көлемдегі киізді бір адам толық игере алмайды. Ұзақ жатып қалғандықтан пигменттері шығып кетті. Кейін клиентке тапсырысты қайта жасап бердік. Уәдеде тұру – маңызды. Ал алғашқы жасалған жұмыс та сатылмай қалған жоқ. Оны жеңілдікпен басқа адам сатып алды.

Жалпы менде ұзақ уақыт өтпей тұрған туынды болмайды. Көбіне жұмыстың өзі иесін табады. Егер мүлде өтпей жатса, мен оны өзгерте аламын. Біз суретшіміз ғой – формасын да, техникасын да түрлендіреміз. Бірнеше жұмысты солай қайта жасап, жаңа өмір бергенмін. Киізбен жұмыс істегенде бәрі жоспармен жүрмейді. Материалдың да, өмірдің де өз заңы бар. Бірақ тоқтап қалмайсың. Қайта жасайсың. Алға жүресің.

El.kz: Ең қымбат жұмысыңыз қанша теңгеге сатылды? Ал ең арзан туындыңыздың бағасы қанша? Неге ол арзан? Бағасын бекіткен кезде сіз үшін не маңыздырақ: еңбек уақыты ма, материал ма, әлде идея ма?

Ләйлә Жарқын: Баға белгілеу барысында барлық критерий ескеріледі. Кейбір жұмыстар аз уақытты қажет етеді, ал кейбіріне, жоғарыда айтқанымдай, әлдеқайда көп уақыт пен еңбек жұмсалады.

Мендегі ең қолжетімді жұмыстар 100 доллардан басталады. Оларды жасауға шамамен бір сағаттай уақыт кетеді, материал да көп жұмсалмайды, идеялық тұрғыдан да күрделі ізденісті талап етпейді. Сондықтан олардың бағасы да сәйкесінше қолжетімді деңгейде ұсынылады. Қолым бос сәтте эскиздер салып отырамын. Сол эскиздердің кейбірі кейін шағын форматтағы жұмыстарға негіз болады. Кіші көлемдегі туындылар пәтерге ілуге, сыйлыққа беруге немесе шетелге алып шығуға ыңғайлы. Сонымен қатар бұл – менің шығармашылығымды иеленгісі келетін, бірақ үлкен әрі қымбат жұмысты алуға мүмкіндігі жоқ жандарға арналған бағыт. Яғни, әртүрлі аудиторияға арналған өз желім бар. Ал ең қымбат туындымның бағасы 6 мың доллар болды. Ол жұмысқа екі ай уақытым кетті: бір ай эскиздік ізденіске, бір ай физикалық орындауға жұмсалды. Идеясы, композициялық шешімі, детальдары – барлығы терең ойлануды және уақытты талап етті. Сондықтан оның бағасы да соған сай қалыптасты.

Жалпы алғанда, жұмыстың құнына тек материал мен еңбек емес, идеясы, жұмсалған уақыты және концептуалдық мазмұны да тікелей әсер етеді. Өйткені әр туынды – тек зат емес, белгілі бір ой мен тәжірибенің нәтижесі.

El.kz: Туындыларыңызды көбіне кімдер сатып алады – жеке коллекционерлер ме, дизайнерлер ме, әлде қарапайым адамдар ма?

Ләйлә Жарқын: Бұрын менің жұмыстарымды көбіне қарапайым адамдар алатын. Қазір аудитория кеңейді. Туындыларымды дизайнерлер де, жеке коллекционерлер де сатып алады.

2025 жылы жұмыстарымның едәуір бөлігі шетелге кетті. Токиоға, Канадаға, Калифорния мен Нью-Йоркке, Германияға, Лондонға, Испанияға, Австралияға жібердік. Әр елге кеткен сайын, киіздің географиясы кеңейіп жатқанын сезінемін. Бірақ мені ең қатты қуантатыны – қарапайым адамдардың өз үйлеріне алуы. Өйткені менің бастапқы миссиям да осы еді. Киізді тек галерея қабырғасында қалдырмай, адамдардың күнделікті өміріне енгізу. Өнер сақталуы керек, бірақ ол тірі болуы үшін халықтың жүрегінде болуы керек. Егер менің жұмысым бір үйдің қабырғасында жылулық беріп тұрса, демек менің мақсатым орындалды. Киіз арқылы сол жылылықты сақтау – мен үшін ең үлкен жетістік.

El.kz: Ең үлкен көлемді туындыңыздың өлшемі қандай? Болашақта монументалды, архитектуралық масштабтағы киіз жобаларын жасағыңыз келе ме?

Ләйлә Жарқын: Ең үлкен форматтағы туындымды The Spirit of Tengri фестиваліне арнап жасадық. Ұзындығы – 24 метр, ені – 1,60 метр болатын алып киіз. Бұл жай ғана жұмыс емес, перформанс форматында ұсынылған жоба болды. Киіздің көлемі, салмағы, қозғалысы – бәрі кеңістікті толтырып, көрерменмен тікелей байланысқа шықты. Ондай масштабтағы жұмыста материал мүлде басқаша «сөйлейді». Сен киізді басқармайсың, керісінше, оның ырғағына бейімделесің. 24 метр – бұл тек өлшем емес, жауапкершілік. Ал болашақта монументалды, архитектуралық деңгейдегі туындылар мен инсталляциялар жасағым келеді. Қала кеңістігімен жұмыс істеу, қоғамдық ортаға киізді енгізу, оны тек этнографиялық емес, заманауи пластика ретінде көрсету – мені қызықтыратын бағыт. Ең үлкен арманым – сол жұмыстарды әлемге Қазақстанның атынан таныту. Қазақ халқының киізбен айналысқанын бәрі біле бермейді. Көпшілік киізді тек тұрмыстық деңгейде елестетеді. Ал мен оның заманауи, масштабты, концептуалдық өнерге айнала алатынын көрсеткім келеді. Киіз – біздің тамырымыз. Енді сол тамырды әлемдік кеңістікке шығару керек.

El.kz: Бір жұмыстың салмағы қанша болуы мүмкін? Киіз өнерінің болашағын қалай елестетесіз?

Ләйлә Жарқын: Киіздің салмағы әртүрлі болады. Мысалы, 1х1 метрлік жұмыс 800 грамм да, 1 келі де болуы мүмкін. Бұл оның қалыңдығына, тығыздығына, илеу техникасына байланысты. Киіз – жеңіл көрінгенімен, құрылымы өте күрделі материал. Мен киізді тек ұлттық өнердің бір элементі ретінде ғана көрсеткім келмейді. Оны әлемге текстиль материалы ретінде, заманауи өнердегі толыққанды медиум ретінде танытқым келеді. Киіз – тек дәстүр емес, ол – пластикасы, фактурасы, мүмкіндігі кең көркем тіл. Қазақстан өнері өте бай. Бірақ оның құндылығы тек материалында емес. Оның артында біздің тарихымыз, тамырымыз, көшпелі мәдениетіміз, дүниетанымымыз жатыр. Киіз – кеше пайда болған дүние емес. Ол ғасырлар бойы біздің өмір салтымызбен бірге жасасып, ұлттық жадымызға, тіпті ДНК-мызға сіңген.

Менің мақсатым – осы тереңдікті көрсету. Киіз арқылы біздің тамырымыздың қаншалықты терең екенін, бұл өнердің кездейсоқ емес, ұлт болмысымен біте қайнасқан құбылыс екенін жеткізгім келеді.

El.kz: Шетелдік көрмелерге шыққанда Қазақстан туралы қандай әсер қалдырғыңыз келеді? Киізді халықаралық заманауи өнер кеңістігіне шығару үшін не жетіспейді деп ойлайсыз?

Ләйлә Жарқын: Иә, бүгінде мемлекет тарапынан қолөнершілерге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Олар шетелдік жәрмеңкелерге, көрмелерге шығып жүр. Бірақ заманауи суретшілер үшін жүйелі мүмкіндік әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Мен өзім қатысатын көрмелердің барлығына жеке қаражатыммен барамын. Ұйымдастыру шығындары, тасымал, кеңістік жалдау – бәрі өз мойнымда. Ешқандай арнайы бюджет немесе грант алмаймын. Сондықтан суретшілерге де мемлекеттік деңгейде нақты қаржылық қолдау қажет деп есептеймін.

Заманауи өнер кеңістігіне шығу – жай ғана барып, жұмыс іле салу емес. Ол – ұйымдастырушылармен бірлесіп жұмыс істеу, халықаралық платформаларға жүйелі түрде қатысу, ұлттық павильон арқылы елдің атынан шығу. Өкінішке қарай, көптеген әлемдік көрмелерде Қазақстанның аты мүлде көрінбейді. Мысалы, Дубайдағы бір халықаралық көрмеге қатысқанымда Қазақстанның жеке павильоны болған жоқ. Бұл – ойландыратын жағдай. Биыл Қазақстан павильонымен қатысамыз деген үміт бар. Егер сол жүзеге асса, бұл үлкен қадам болар еді.

Өнерге бөлінген қаражат – бос шығын емес. Ол өзін ақтайды. Өйткені өнер – елдің мәдени визит картасы. Музыка, бейнелеу өнері, қолөнер, театр, кино, спорт – бұлардың бәрі Қазақстанның атын әлемге танытатын құралдар. Өнер – тек эстетика емес, ол – тарих, болмыс, ұлттық код. Өз тарихыңды сақтай отырып, өзіңнің кім екеніңді әлемге жеткізу – стратегиялық маңызы бар іс. Мысалы, африкалық өнерді көрсең, бірден танисың. Өзбекстанның туындыларын көрсең, оның стилі айқын. Біз де сондай деңгейге жетуіміз керек. Қазақстандық өнердің өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, әлемдік кеңістікте танылуы тиіс. Ол үшін өнердің бір ғана бағытына емес, барлық саласына жүйелі түрде бюджет бөлінуі қажет. Өйткені мәдениет – мемлекеттің жұмсақ күші. Ал жұмсақ күш кейде ең мықты құралдан да әсерлі.