Токиодағы қазақ студенті: Жапония ғалымдары мені отбасы мүшесі ретінде ерекше қабылдады

24 Желтоқсан 2014, 11:21

Ядролық инженерлік және менеджмент мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын тәмамдаған Елдос Құлтаев. Елдос өзі оқыған жоғарғы оқу орнында көрген-білгендерімен El.kz редакциясымен бөлісті.

Әлемнің үздік 25 жоғарғы оқу орындар тізіміне кіретін жапондық Токио университетінде қазақстандық қандастарымыз да бар. Солардың бірі, ядролық инженерлік және менеджмент мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын тәмамдаған Елдос Құлтаев. Елдос өзі оқыған жоғарғы оқу орнында көрген-білгендерімен El.kz редакциясымен бөлісті. 

Менің есімім Елдос. Жақында Жапонияда оқуымды бітіріп Қазақстанға оралдым. Турасы 2 ай бұрын. Жасым 25-те. Өмірімнің соңғы 2 жылын  Күншығыс елінің астанасы Токиода өткіздім. Жапониядағы ядролық инженерия және менеджмент мамандығымен магистратура бағдарламасы бойынша дәріс алдым.  Университетте 4-ші курста жүргенімде MEXT атты стипендиясын жеңу арқылы Токио университетінде оқу құқығына ие болғанмын. Бүгінгі жазбамда Жапониядағы өмірім және сол елдің жоғарғы оқу орындары жүйесіндегі өзгешеліктеріне арнасам деймін. Қазақстанда 2 жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, АҚШ-та 4 жыл бойы Урбана-Шампейн каласындағы Иллинойс университетінде, және 2 жыл Токио Университетінде өткізген тәжірибем сол өзгешіліктерді нақты ашуына көмектеседі деп ойлаймын. 

MEXT (Monbugakusho) стипендиясы Жапонияның Білім, спорт, мәдениет министрлігі арқылы сол елге білім алуға келуші шетел азаматтарына берілетін шәкіртақысы. Жыл сайын стипендия берілетін мамандықтар тізімі өзгеріп, бекітіліп тұрады. Бұл стипендияға Жапония елшілігі арқылы немесе тура университетке тапсыру арқылы қол жеткізуге болады. Менің оқыған бағдарламам ағылшынша болғандықтан, жапон тілін білуім міндетті емес болды. Жапонияға оқуға келушілерге жапонша азда болса біліп келгені дұрыс деп ойлаймын. Жапондықтардың жазбаша ағылшыншасы керемет болса да, сөйлеу жағынан біраз қиналады.

Конкурс негізгі 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең, берілген құжаттар тізімімен сәйкес құжаттарды жинау. Басты критерий – бұған дейін алған жақсы бағаларыңыз. Екінші кезең, сіз өзіңіздің бірге жұмыс істегіңіз келетін 3  профессормен сұхбаттасу. Сұхбат электронды пошта арқылы өтеді. Одан да өтсеңіз, сізді таңдаған профессор сіздің кандидатураңызды министрлікке стипендия иесі ретінде ұсынады. Ұсыныс қабылданса сізге арнайы стипендия тағайындалады. 147 мың йен шамасындағы қаржыға айлық шәкіртақы және бару-келу авиа билеттері кіреді.

Университетіме келер болсақ, әр жапон азаматы армандайтын – Токио университеті. Рейтинг бойынша Азияда бірінші, әлемде 24-ші орында. Өздері оны «Токио Дайгаку» немесе қысқартып «Тодай» деп те атайды. Токио университетінде 5 кампус бар. Ең ескісі және үлкені – Хонго. Хонго – Токионың ортасындағы Бункио ку деген ауданында орналасқан. 

Жапондықтар табиғат өзгеруіне өзгеше мән береді. Сакураның гүлдеуі болсын, күзде жапырақтардың сарғаюуы болсын олар үшін өте маңызды. Табиғатқа қарап, одан өзгеруді үйренуге тырысады.

Оқуды бастағаныңызда сізді таңдаған профессордың зертханасына мүше болып кіресіз. Зертхананың жаңа мүшесін жапондық университет жүйесінде отбасының бір мүшесі сияқты қабылдайды. Профессор әкең, хатшы анаң секілді ғылым жолыңда жәрдем беріп тұрады. Сол зертханадан сізге арнайы орын бөлінеді. Менің зертханамның суреттерін төменнен көре аласыздар. 

Байқағаныңыздай, біздің зертхана көптеген қазақстандық зертханаларға ұқсайды. Біз тәжірибелерді көбіне компьютерлік симмуляция арқылы жасаймыз. Жоғарыда көрсетілген зертханада аяқ киімді шешіп кірілуі қажет. Зерттеулер жасайтын кезімізде болады. 

Жоғарыдағы тәжірибелік құрал Фукусимадағы жарылыстан алған сабақтарды ескеріп, жаңа қауіпсіз реакторлар жасау үшін пайдаланылмақ.

Кітапханадан тақырыбыңызға байланысты қалаған кітабыңызды алдыра аласыз. Мысалы, жаңадан келген студенттерге материалдардың беріктігі, яғни, сопромат пәнін оқыту үшін төмендегідей аниме-кітаптар қолданылады.

Жапонияда зертханаларда кохай сенпай жүйесі дамыған. Қазақшаға аға-іні жүйесі деп аударсақ болады. Осы жүйенің негізінде, әр жаңадан келген студент іні болып қабылданады. Үйреніп кеткенге дейін ағасының қамқорлығында болады. Сол ағасы ғылым жолында бағыт көрсетіп отырады. Уақыты келгенде іні болған студент келесі жаңадан келген студентке аға болып камқорлығын көрсетеді. Былайша айтқанда, шынжыр секілді бір-біріне жүйе.

Жапонияда қатты қиналғыңыз келмесе көпшілік нені істесе соны істеген дұрыс. Кохай сенпай шынжырына ілігіп кетсеңіз оңай болады. Алайда, оған бас бұрмай өзгеше жасасаңыз, сол қауымнан аластатылып, жағдайыңыз қиындауы мүмкін. Жүзу білмеген адамды суға лақтырып жүзуге үйреткендей әсер береді. Кейбір себептерге байланысты менде сенпай болған жоқ. Қиындау болса да қызықты болды.

Жапондық жоғарғы оқу орындарының зертханаларында кез келген себепті дастарханға айналдырып жібереді, яғни «party», мейлі жаңадан адамдар келсін, оқуларын бітіріп кетіп жатсын, жаңа жыл басталғанын, тіпті біткенін де,  кез келген себепті атап өткенді жақсы көреді. Бір сөзбен, «номиникэйшн» деп атайды. Жапонның «nomu» ішу және ағылшынның «communication» қосындысынан пайда болған. Осындай отырыстарда адам арасындағы ара-қашықтық қысқарып, еркін, шын пікірлер айтыла бастайды. Басқа күндері жапондықтар өздерінің шын ойларын айта бермейді.

Кейде зертхана сыртында да жиналамыз. Мысалы, бэйсбол ойынында. Бэйсбол ойынына көбіне пикникке шыққандай барады. Негізі әнгімелесу үшін, бэйсбол жай ғана сылтау.

Сабақ туралы айта кетсек, сабақ қазақстандық дәріс секілді өтеді. 100 минуттан. Сабақтағы ең маңыздысы – оған қатысу. Сабақтың тақырыбын жетік меңгерсеңіз де, бірақ сабаққа қатыспасаңыз төмен баға алып қалуыныз әбден мүмкін. Профессорлар өздері ғана сабақ бермей, сырттан индустрияда жұмыс істейтін әріптестерін де шақырып отырады. Мысалы, бір сабақта жаңа типті Монджу реакторларының инженер құрастырушылары да келіп дәріс берген.

Университетте көптеген турлар мен конференцияларға қатысуға болады. Өз басым 2 жыл ішінде Фукасима Дай Ни, Хамаока, және Монджу атом электр станцияларына барып қайттым.  Конференция үшін Калифорниядағы Анахайм мен Киото қалаларына барып қайттым. 

Жоғарыдағы сурет Хамаока АЭС-індегі Цунамиға қарсы қорған. Жапондықтар өз сәтсіздігінен сабақ ала білетін ел. Хамаока АЭС-індегі ядролық реакторлар мұражайы. 

Бұл мұражайда ядролық реакторлармен танысуға болады. Осындай мұражайлар Қазақстандада болса деймін. Адам баласы білмеген затынан қорқады дейді, сондықтан реакторлардың құрылысын адамдарған түсінікті етіп таныстыру керек деп ойлаймын.

Қорытындылай келе, Жапон елінде магистратура оқудың бірнеше ғана аспектісін айтып қамтыдым деп ойлаймын. Барлығын түсіну үшін оқып көру керек секілді. 


Әзірлеген: Нұрғазы АБЖАНОВ

Бөлісу: