Тойдың көркі асаба

13 Тамыз 2018, 18:20 9688

Асабалардың айтары бар ма?

Қазақтан өткен тойшыл халық бар десе сенбейтіндей дәрежеге жеттік. Біздің елге сырттан көз салып, мемлекеттік деңгейден төмен қарай сырғысаңыз да, болмаса төменнен жоғарылай сатыласаңыз да той тойлатып жатқан  жұрт әйтеуір.

Бірақ, бүгінгі әңгімеміз кәдімгі қарапайым өмірде кездесетін тойлар жайлы болмақ. Нақтыласақ, асабалар жайлы  сөз қозғаймыз.

Біздің қазақ көбіне мейрамхана, азық-түлік жағын қамтамасыз етіп алған соң, тойға 1 жарым аптадай уақыт қалғанда ғана асаба іздейді. Тойдың жақсы болмағының 50 пайызы осы той атқарушы топтарға байланысты екенін көбі ескермейді. Дастарханыңыз қанша жерден жайнағанымен, кең әрі жап-жарық мейрамханада той атқарғаныңызбен таңдауыңыз тойға келуші ортаға лайық болмаса "Асабасы нашар екен. Әншісі ән айта алмайды. Мына бишілерден мен жақсы билеймін" деген секілді сөздерге қаларыңыз анық. Бұл жерде таңдау асабаның арзан-қымбатына емес, той басқару бағытына түскені дұрыс. Себебі, асабалардың өзі қазір шоумен асаба, қазақы асаба дегендей топтарға бөлініп алған. Бұларға екі тілде басқара беретін жүргізушілерді және қосыңыз. Газет беттерінен, әлеуметтік желілерден асабаларға көңілі толмайтын жұртшылықтың пікірін жиі кездестіреміз. Ол көбіне асабаны  өзіңіздің тойыңызға келуші ортаны есептемей жалдағаннан пайда болатын дүние. Себебі, қазір асабалар да түр-түрге бөлінеді. Шоумен асаба, екі тілді асаба, қазақы асаба дегедей сұраныстар заман талабына сай туып отыр.

Асаба таңдағанда ескеретін ең бірінші мәселе мынандай. "Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" деген мақал дәп осы жерге келеді. Мәселен, бір ұлт өкілі, бір мемлекеттің азаматтары болсақ та еліміздің  әр өңірінің той атқаруы, ұстанатын салт-дәстүрлері әр түрлі. Сондықтан да Түркістан өңірінің тойын Батыстың асабасы, немесе Орталық Қазақстанның тойын  Түркістан жақтың асабасының басқаруы көбіне сәтті бола бермейді. Асабаның білместікке ұрынатын тұсы осы сәт. Сондықтан да "Ауылдағының ауызы сасық" ұстанымынан  ауытқыған жөн секілді. Негізі ең дұрыс шешімдердің бірі асабамен  көзбе-көз кездесу. Сіздің не қалайтыныңызды ол білуі тиіс. Оның сізге не ұсына алатынын сіздің білгеніңіз өзіңізге пайдалы. Қалаңыздағы шуы аз бір дәмханада бір шәшке кофе ішіп отырып мәселенің басын ашып алсаңыз тойыңызда  орын алуы мүмкін келеңсіздіктердің біразының алдын аларыңыз анық.

Сонымен асабаның бағасы қанша? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Тойдрайвер сайтына сүйенсек (мобильді қосымшалары да бар) асабалар бір күндік қызметтеріне 50 000 теңгеден бастап жоғары қарай алты нөлі бар сандарға дейін өрлей береді. Бұл әрине тойыңызға асабалыққа кімді шақырғаныңызға байланысты.

 Орта есеппен тойыңызды атқаратын командаға 250-400 мың теңге кетеді. Бұл бағаға асаба, дыбыс аппаратурасы, әнші, видеооператор және бишілер ансамблі кіреді.

"Биыл үйленіп тойымды жасадым. Той барысында асабаға да басқаға да көңілім толды. Той саласында өзгеріс керек болса видеооператордың қызметі ақысына ең бірінші өзгеріс енгізуді қалар едім. Себебі, тойым  шілде айының алғашқы он күндігінде өтті. Видеооператорлар той соңында ақшаларын толық алады екен. Тойымның видеосы әлі дайын болған жоқ. Хабарлассам "Ағасы тапсырысымыз көп, алаңдамағыз. Тойыңыздың видеосы жоғалмайды. Алла амандығын берсе қыркүйекте аласыз" дейді. Меніңше жарты ақшасын видео дайын болған соң берген дұрыс секілді. Себебі, ол әлі жұмысының жартысын ғана атқарды ғой" деген ой айтты Ерік Сайлауұлы атты жігіт.

Асабаларға қатысты әңгіме туындаса "Тойдан табыс тауып отырған бұл топтың салық төлеу керектігі" жайлы сөз қозғайтындар жеткілікті. Жалпы,  бұл оймен келісемін. Белгілі бір мөлшерде табыс тауып отырғандықтан салықтың салынғаны, оның төленгені дұрыс. "Егер, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін зерттеліп, әркімге квартал соңында тапқан табысына орай салық салынса келісуге болады. Асаба-әнші дей бермей арасында видеооператорлар мен бишілер жайлы да бір "әу" деп қойсаңыздар жақсы болар еді. Себебі, бұл әріптестеріміз де біз қатарлы табыс табуда" дейді асабалардың көбі. "Мен сатирик Көпен Әмірбектің асабаларға арналған бір айлық курсынан өткенмін. Кәдімгідей сертификатым бар. Түбім Талдықорған жақтан. Өзім Семей жақты мекен еткен қазақпын. Той төңірегінде біраздан бері жүрмін. Негізгі мамандығым дәрігер. Салықты көшеден қосылған көк аттылар төлесін. Қазір ит те, мысық та асаба болып кетті ғой. Өзімнің сертификатым бар. Мен не үшін төлеуім керек?" дейді Саят Мыңбаев атты асаба.

 

Көпшілікке "Жетінші арнадағы" "Өз ойым" ток шоуының жүргізушісі ретінде танылған Алмас Алтайдың  той жайлы ойы мынандай. "Тойдан тойға барып жүріп небір сөз шеберлерін көріп келемін. Көрем де өзімді  мықты асабалардың қатарына қоспаймын.Жалпы, мен өзімді асаба емес, жүргізушілер қатарына қосар едім. Халық қалаған соң, теледидардан көрген бейнесін тойдан көргісі келген соң барамын. Асаба аса арзан да болмауы керек. Дана Нұржігіт, Арман Дүйсенов және тағы басқа да жұлдыздармен той жүргізіп ұққаным мынау. Теледидардан көп көрінетін бейнелердің тойы тыныш өтетін тәрізді. Байсалды, байыпты, салиқалы. артық тырқу-жырқусыз. Халық көк жәшіктен көрген адамдары өмірде  не айта алар екен дегендей оймен сынап тыңдайтындай. Қазақтың тойына әр асаба өзінше өзгерріс әкеліп жатқан заман ғой. Мен  өзгеріс енгізбейтін асаба бола салайыншы"-дейді танымал жүргізуші.

"Жиған-тергенің тойыңда шашылсын" деп тілек айтатын біздің қазекең үшін тойдың маңызы расымен де зор. "Елу жылда ел жаңа" деген сөзді де біздің бабаларымыз айтып кеткен. Қазіргі ысырабы көп тойларымыз алдағы  он жылда 50-60 адамдық құдалыққа да айналып кетуі мүмкін. Тек, бұл мәселелерді  шиырлай бермей, нақты бір шешім шығаратын кездің келгенін естен шығармасақ екен.

 

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: