Тоғызқұмалақ па, тоғызат па? Мамандардың пікірі қандай?

18 Маусым, 13:11 917

Мамыр айының аяғында ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтың атауына қатысты биік мінберден үлкен мәлімдеме жасалды. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова осы спортымыздың атын өзгертуді ұсынды.   Нұрымова ханым бұл ұсынысын биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында осы мәселенің басын ашып алайық деген оймен айтып отыр екен. Сөйтіп, ол бірнеше әріптесінің (Мәжіліс депуттатары Гаухар Танашева, Мұқаш Ескендіров, Ерболат Саурықов, Самат Нұртаза, Константин Авершин) қолдауымен премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны – түркі халықтарының ортақ мұрасы, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші. Бұл ойын соңғы жылдары барынша жоғары деңгейде дамып, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, әлемге танымал болды. 2020 жылы халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралар тізіміне қосты, - дейді депутат.

Ол қазір әлемде бұл ойынның екі атауы бар екеніне тоқталды. Қазақтар «тоғызқұмалақ» десе, қырғыздар «тоғызкөргөл» («тогуз коргоол») дейді.

Енді халықаралық, дүниежүзілік ойындарда осылардың екеуі де емес, «тоғызатқа» тоқтауымыз керек екен. Нұрымова бұл осы ұлттық спорт түрінің тарихи атауы дегенге келтіріп отыр. Сөйткен депутат Үкімет басшысының орынбасарынан соны қайтаруды сұрайды. Өйткені түбі бір түркінің біраз еліне ортақ ойынды осы күнге дейін әр халық әртүрлі атап, дүниежүзілік спорттық шараларда күллі әлемді шатастырып келе жатыр екенбіз. 

Ғалымдардың, этнографтардың және зерттеушілердің пікірі бойынша, XIX ғасырда бұл ойынның жалпытүркілік атауы «тоғызат» деп аталған. Тоғызқұмалақтың атауы әуелден «тоғызат» екенін білдіретін ойын тақтасындағы қазақша, қырғызша, қарақалпақша, ноғайша атаулары да көрсетіледі. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келген көшпенділердің түркілік этномәдени ойыны спортқа ғана емес, адамзаттық құндылыққа айналып отыр. Алайда асыл спорттың одан әрі кең таралуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың тарихи «тоғызат» атауын ортақ нұсқамен қалпына келтіру шараларын қолға алу қажет,– деді депутат.

Қойдың құмалағы туралы ой

Мәжілісмендердің қисынына салсақ, «тоғызқұмалақ» атауы бұл ойынның дүниежүзілік деңгейде дамуына бөгет болып отыр екен. Сонда несімен? Түпкі мағынасы қойдың құмалағы, нәжісі болғаны үшін бе? Олай дейтін болсақ, бұл қазіргі депутаттардың қазақ сөздерін, ежелгі заманнан жеткен тұрмыс салтын жете түсінбейтіндігінен хабар беріп тұрғандай. Мұның үстіне ата-бабаларымыз мал өнімдерін, оның қиына дейін қажетіне жаратып келді ғой. Қазір де қиын жаппай отқа жақпасақ та, терісі мен жүнін әр үйде қолданбасақ та, етін жеп, сүтін ішіп отырмыз.

Енді біздің осы қисынға салып келгенде, этнограф ғалым Ақеділ Тойшанұлы бүгінгі депутаттардың бұлай ұсыныс айтуын, бір жағынан, бүгінгі қазақтардың өз түп-тамырынан жерінуі деп есептейді.

Қазір өз тілінен, ділінен, ата-бабасының таным-түсінігінен жеритін осындай мәңгүрттенген сана пайда болған. Бұл – соның бір көрінісі. Біз тілді білуден қалдық. Қазақ халқы, міне, отыз жыл болды, тілі орыстанып, қазақы ауыл да құлады, қазақы қауым да құлады. Соның кесірінен ауылдағы төрт түлік малды білмейтін, «құмалақ» деген сөзді қойдың құмалағы, боғы деп қана елестетіп, содан жиіркенетін космополиттер мен мәңгүрттер пайда болған. Әжелеріміз, бақсыларымыз бал ашқанда да құмалақ салатын болған. Ол да – қойдың қатып жатқан қиы. Депутат айтып отырған қырғыздың «тоғызкөргөлі» («тогуз коргоол») де – сол қырғыз, ойрат тілдерінде «тоғызқұмалақ» деген сөз. Қазақ эпосында оқты «Қой боғындай қорғасын» деп теңеуі құмалақтың темірдей  қатты шымырлығын меңзегені. Сонда оны қазіргі калька тіл, тікелей шатпақ аударумен боқ деп қана түсініп отыр ма? Бұл неғылған түсінік?! Малдың құмалағы деген қазақтың өзінің бір таным-түсінігіне ортақ болып кеткен, ұлттық санасына сіңіп, бояулы, нәрлі, бір реңді сөзіне айналған. Оған дәлел жеткілікті. Сондықтан ондай сандырақ әңгімені қою керек. «Құл құтырса құдыққа қармақ салады» дегендей, бұның бәрі – масқара нәрсе. Баяғы кеңес одағындағы мәңгүрт деп жүргендеріміз қайта сауатты адамдар болған екен ғой. Қазіргі қазақ тілін өшіріп, ұлтымыздың салт-санасынан жиіркенетін адамдардан аулақ болғанымыз дұрыс, – дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Жоғарыда келтірілген депутаттық сауалда «Тоғызат» – тарихи атауы» делінген. Бірнеше тарихшы, этнограф, фольклортанушы, зерттеушілерге хабарласқанымызда, олар біз сөз етіп отырған ұлттық спорт түрінің мұндай атын ешқашан кездестірмегенін айтты. Ғалымдардың ойынша, бұл ойдан шығарылған атау болуы мүмкін.

Ақеділ Тойшанұлы: «Қызымызды «ботагөз», ұлымызды «құлыншақ», «қозым», «қошақаным» деп еркелетіп жүрген кісі қойдың құмалағынан ешқашан жерінген емес. Сондықтан «тоғызат» деп жүргені кездейсоқ бірдеңеден естіп-біліп жүргені болар, оны өз басым ешқайдан естімеген екенмін. «Сөз шынына, пышақ қынына тоқтайды» дейді ғой, жасанды, жалған дүние жасамайық. Жасандылық бізді жарға жығады», – десе, тағы бір этнограф ғалым, тарихшы Ахмет Тоқтабай: «Тоғызқұмалақтың мыңдаған жылдық тарихы бар. Бірақ «тоғызат» деген атауды кездестірмедік. Сондықтан тоғызқұмалақ – таза қазақи атау. Құмалақтың орнына кейде жаңғақпен ойнайды. Ол енді жаңғақ бар болса ғана. Ал анау қойдың өрісінде, Сарыарқада немесе Семейдің далаларында, Батыс Қазақстанның құмдарында жаңғақ қайдан болсын? Сондықтан көбі қойдың құмалағымен ойнайтын болған», – дейді.

«Жаңғақпен ойнайды» демекші, егер бәзбіреулер қойдың құмалағынан қатты жерініп, тіпті ұшынып отырса, ғалымдар олардың жүрек айнуын басатын деректер де келтіре алады. Яғни бұл жерде ойын тасы ретінде қандай зат қолданылғанына қатысты да түрлі әңгіменің шетін шығаруға болады. Мысалы, тарихшы, этнограф Серікбай Жаркешов бұл тура қойдың құмалағы емес дегенді айтып отыр.       

Біз кішкентай нәрсені «құмалақтай» деп айтамыз. Мысалы, «биттей» деген сөз бар. Ол енді бит емес қой. Бірақ соған салыстырып айтады. Батыс жақта «құйттай» дейді. Ол да – құрттай, яғни кішкентай деген сөз. Сондай-ақ қапатаған жау келіп қалса, басқа да сондай қаптаған нәрселер болса, «құмырсқадай қаптады» дейді. Бірақ қаптаған әскеріңіз құмырсқа емес қой. Ол – салыстырмалы атау. Сондықтан бұл жерде «құмалақ» дегенді нағыз қойдың құмалағы деп ойлауға болмайды... Тоғызқұмалақты көбіне жиденің, шиенің, мойылдың, басқа да жеміс-жидектің дәнегімен ойнаған. Соның бәрі домалақ әрі кішкентай ғой. Сол пішіні ұқсаған соң құмалақ деп атап кеткен. Оны ағаш пен сүйектен де кертіп алып жасайды. Мысалы, Абай атамыз тоғызқұмалақ ойнады. Сонда оны қойдың құмалағымен ойнады дейміз бе? Жоқ, олай емес. Бал ашқанда салатын құмалақ та сондай, – дейді Серікбай Жаркешов.

Ол да қазақ тілінің түпкі құнарынан ажырап бара жатқанына қынжылады.

Қазір көпшілік елдің қазақша сауаты төмен болып тұр. Бізде қазір әртүрлі диалект, әртүрлі ұғымдар кіріп кетті де, содан да қазақ тілі өркендей алмай жатыр. Сондықтан қазақ тілін толық білетін адамдар азайып қалды, – дейді этнограф.

«Тоғызат» қайдан шықты?

Жалпы, бұл ойынды ұлы ақын Абай Құнанбайұлының да «тоғызқұмалақ» деп атап, ерекше жақсы көріп ойнағаны туралы көп жерде жазылған. Ол өзі ғана ойнамай, айналасындағыларды да оған қызықтыра білген. Тоғызқұмалақты Абайдың арғысындағы да, бергісіндегі де талай тұлғалар беріле ойнапты. Өйткені бұл – ақыл-ойды дамытатын интеллектуалдық ойын. Шахматыңыздан еш кем емес.

Серікбай Жаркешовтің ойынша, тоғызқұмалақ қазақта ауызша, ойша есептеудің сонау көне замандардан қатты дамығанын көрсетіп отыр. Бұл жағын айта берсе, сөз ұзарып кетеді. Сондықтан негізгі әңгімемізді әрі қарай қаузай түсейік.      

Сөйтсек, ұсыныс айтқан депутаттың да сөзіне дәйек бола алатын дерек бар болып шықты.

Орыс этнографы әрі заңгері Григорий Загряжский 1874 жылы «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» атты мақаласында тоғызқұмалақ ойынына қатысты «тогуз-ад (казахская игра)» деген атаумен қысқаша сипаттама беруі арқылы ойынның халық арасында «тоғызат» деп аталғанын білдіріп отыр.

Өз кезегінде 1967 жылы жазушы Талап Сұлтанбеков ойынның қазақ, қырғыз, қарақалпақ, алтайлықтар арасында кеңінен тарағанын айта отырып, оның атауының шығуына және ондағы қазақ үшін қасиетті саналатын жылқымен байланысты терминдерге назар аударған, – дейді Гүлдара Нұрымова біздің сауалымызға берген жауабында. 

«Тоғызат» дегенге қатысты осындай там-тұм ғана дерек бар екен. Онда да саусақтан сорғандай болып тұрғанын көріп тұрмыз. Ал «тоғызқұмалақ» сөзі, біз сөйлескен ғалымдар айтқандай, көп жерде, көп мағынада кездеседі.

Әрине, депутат бұл жерде өзінің тек ортаға ұсыныс тастағанын, оның қатып қалған қағида еместігін, сондықтан да енді бұның қоғам талқысына түсуі керектігін айтады. Сонымен қатар осы ойын әр елде әртүрлі аталмай, оның әлемде ортақ атауы болса екен деген ұстанымы бар. 

Ақпаратты жан-жақты қарасақ, сонда біз қателеспейміз деп ойлаймын. Сол себепті кез келген ұсынысты талқылауды қалыптастыруымыз керек. Бүгінде бұл ойынды қазақ және қырғыз халықтары бәсекелесе дамытып отырғанына орай, оның негізгі екі атауы орнығып отыр: қазақша «тоғызқұмалақ», қырғызша «тоғызкөргөл», ішінара түрікше «мангала», «гечюрме» аталады. Осылайша, түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада әртүрлі аталып келеді. Біздің ұсынысымыз – ортақ ойынды бөлектеп атамау. Мүмкіндік болса, туыс елдер арасында талқылап ортақ атауын қойған жөн. Біз ұлттық ойынымыздың «тоғызқұмалақ» деген атауына мүлдем қарсы емеспіз. Бірақ бір ескеретін дүние – депутаттар шешім қабылдамайды. Біз тек қалпына келтіру туралы ұсыныс айттық. Сондықтан бұл мәселе қоғам, федерация деңгейінде талқыланады деп ойлаймыз, – дейді Мәжіліс депутаты.

Айтқандай, Нұрымова ханымның Дүйсенова ханымға жолдаған сауалының соңында аты-жөні аталған депутаттардың бірі Ерболат Саурықов оған толық мәтінге қарамай қолдау білдіргенін айтады.    

Бізде депутаттық сауалды жариялағанда депутаттық қолдау деген болады. Бір депутаттың ғана емес, бірнеше депутаттың атынан сауал жолдаса, кішкене өтімді болады, маңыздылау, салмақтылау болады деген мақсатпен біз бір-бірімізді қолдап, ойларымыз тоғысқан жағдайда депутаттық сауалға астына қол қойып жүреміз. Осындай мақсатта маған хабарласты. Сөйтіп, «тоғызқұмалақ ойынын көшпенділер ойынының қатарына қосу туралы, жалпы тоғызқұмалақ ойынының не екені туралы ойыңыз бар ма?» деді. «Иә, тоғызқұмалақты жақсы білемін. Әрине, оның көшпенділер ойындарында болғаны дұрыс» деп айттым. «Онда мен сізді депутаттық сауалға қосайын ба?» деді. «Иә, қосыңыз» дедім... Депутаттық сауалды жолдаған кезде мен залдан шығып кеткенмін. Сондықтан тоғызқұмалақтың атын ауыстыру туралы да ұсыныс болғанын кейін естідім. Ал өз басым түркітанушы ретінде «тоғызат» деген атты бұрын-соңды естіген емеспін. Мүмкін, біздің көне тарихта, ежелгі ортағасырлық көне түркілік жазбаларымызда бар шығар. Оны жақсылап зерттеп көру керек, – дейді Саурықов мырза.

Бұл жерде біз, негізі, тоғызқұмалақтың Көшпенділер ойынарының құрамында бар екенін айта кеткіміз келеді. Жарайды, депутаттар бір-бірін осы жағынан да дұрыс түсінбеген шығар. Әрі қарай кеттік...

Қауымдастық пен федерация ұстанымы

Ұлттық спорт қауымдастығындағылар да алдымен бәрін жан-жақты зерттеп алайық деген ұстанымда.

Тоғызқұмалақ ойынының атын өзгерту дұрыс не бұрыс деп ешкім айта алмайды. Себебі бұған терең зерттеулер жасау керек. Бұл жерде бір ғана депутаттың немесе этнографтың айтқанына сүйену жеткіліксіз. Мұндай сұрақта дөңгелек үстелдер немесе ғылыми конференциялар өткізу арқылы жан-жақты талқылап, зерттеп барып шешім шығару керек, – дейді аталған қауымдастықтың вице-президенті Тастанбек Есентаев.

Ал Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациялары бұл ойынның атын өзгертуге үзілді-кесілді қарсы екенін депутаттық сауал жолдана салысымен білдірген еді. Facebook-тегі жеке парақшасында ә дегенде мәлімдеме жасаған федерациялар президенті Әлихан Бәйменов біз сөз етіп отырған ұлттық спорт түрінің атауы Парламентке де, Үкіметке де, тіпті тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі еместігін, ойынның да, оның атауының да иесі халық екенін шегелеп айтты.

Мәлімдемені қысқартып келтірсек, ондай былай делінген:  

Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. Тоғызқұмалақ – ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Қазір әлемнің 50 астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысуда.6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті. Жаханға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз.Пікір алуандылығын сыйлай отырып , қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз.

Түйін сөз

Ұлттық ойындарымызды ұлықтап, олардың атауына дейін мән беріп жатқанымыз орынды, әрине. Әрі, аз да болса, депутаттардың да келтірер дерегі бар болып шықты. Бірақ көптеген тарихшы, этнограф, фольклортанушылардың ойы бұл тұрғыда жасандылыққа ұрынбайық дегенге келіп саяды.

«Атау ауыстырудан басқа шаруамыз жоқ па?» деп отырғандар бар. Олардың да ойы қисынды. Десе де, егер көп жағынан тарихи қисынға келіп жатса, оны ауыстыру – үлкен шаруа. Ал мына жерде біз олай деп айта алмасақ керек.

Тоғызқұмалақ – ежелден қалыптасқан, қазақ ұғымына тастай батып, судай сіңген атау. Оны енді су түбінен суырып алып тастау әуелден әдеттенген әдемі әдеби сөздерімізден ажырауға алып келмек.

Бұл түйін сөз – біздің айтулы мәселеге қосқан жеке пікіріміз. Ал ардақты азаматтарымыз әлі де талқылаймыз десе, өздері білер.

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: