«Тобыл» үш дүркін Қазақстан суперкубогының иегері атанды

25 Ақпан, 21:00 756

Алғаш рет Түркияның Анталья қаласында футболдан Қазақстан суперкубогы өтті. Чемпиондықты Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» клубтары өзара сарапқа салды. Осы ойынға арнайы El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі де барып қайтты.

Ойын Антальядағы « Титаник Мардан» стадионында өтті. Жалпы, Қостанай клубы Қазақстан суперкубогында жиі ойнайтын командалардың бірі. Соңғы бес жылда үшінші рет өнер көрсетті. 2021 жылы қостанайлық ұжым «Астанадан», 2022 жылы «Қайраттан» айласын асырған еді. Бұл жолы да өз мықтылығын дәлелдей алды.

Ойынға келер болсақ, бірінші таймның соңғы минуттарына дейін таблода өзгеріс болмады. Тек үзіліске шығар тұста бұрыштама добынан кейін украиналық Евгений Макаренко «Ордабасыны» алға шығарды.

Ал екінші кезеңде Иван Миладинович көздеген нысанадан мүлт кетпей, таразы басын теңестірді.
Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында шешілді. Футбол лотериясында «Тобылдың» бағы жанды. Шымкенттік команда сапынан Еркебұлан Тұңғышбаев мүлт кетті.
Осылайша, «Тобыл» Қазақстан суперкубогының үш дүркін чемпионы атанды.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Тобыл» (Қостанай) – 1:1, пенальтиден– 5:4
Голдар: Евгений Макаренко, 45 (1:0). Иван Миладинович, 63 (1:1).
 «Ордабасы»: Бекхан Шайзада (Қ), Златан Шехович (Владислав Васильев, 87), Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Игорь Пластун, Реджинальдо, Ловро Цвек, Асхат Тағыберген (К) (Максим Федин, 68), Евгений Макаренко, Шохбоз Умаров, Жасур Яхшибоев;
Резерв: Карло Сентич (Қ), Сағадат Тұрсынбай, Ғафуржан Сүйімбаев, Муроджон Халматов, Батырхан Тажибай, Зикрилло Султаниязов – Еркебулан Тунгышбаев, Всеволод Садовский, Артём Беседин;
Бас бапкер: Александр Седнев.
«Тобыл»: Стас Покатилов (Қ), Роман Асранкулов (К), Иван Миладинович, Папе-Альюне Ндиайе, Альберт Габараев – Эссьен Эдедем, Ахмед Эль-Мессауди, Евгений Шахов, Игор Иванович (Жасұлан Жұмашев, 66), Ислам Чесноков, Дэвид Хенен (Еркін Тапалов, 61);
Резерв: Cултан Бусурманов (Қ) Юрий Мелихов (В) – Давид Домжони, Ермек Абдула,  Радослав Цонев, Бейбит Галым, Руслан Валиуллин,  Нургайни Бурибаев, Годберг Купер;
Бас бапкер: Милич Чурчич.
Белек, Түркия.

Алмас Абылай
Бөлісу: