Тоғжанов: Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды толық қорғауы керек

6 Қазан 2022, 03:48 2103

Ақтөбе облысында 28 мыңнан астам мүгедек азамат тұрады, оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Ақтөбеде Халықаралық мүгедектер күніне арналған дәстүрлі облыстық конференция өтті. Конференция жұмысына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды ЕL.KZ әкімдікке сілтеме жасап.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Атқарушы билік өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдары ерекше жандардың мемлекет тарапынан толықтай қорғалуы үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз тиіс. Біздің мақсатымыз бір, - деді облыс әкімі Е.Тоғжанов жиналғандарға арнаған сөзінде.

Ақтөбе облысында 28 мыңнан астам мүгедек азамат тұрады, оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жыл басынан бері 2,5 мыңға жуық адам үйде арнаулы әлеуметтік қызметтермен, 1,8 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырудың белсенді шараларымен қамтылып, мыңдаған азаматтар оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілді. Барлығы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жыл соңына дейін 16,8 мыңға жуық азаматқа түрлі қызметтер көрсетілетін болады.

Облыс бойынша 441 нысан жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтардың кедергісіз кіруіне бейімделді және бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Айта кету керек, ұзақ жылдар бойы аймақта инватакси жұмыс істейді, қазіргі уақытта аталған қызметтің қарамағында 30 арнайы көлік бар.

Сонымен қатар, облыс басшылығы сапалы оңалту мәселелеріне ерекше назар аударады. Биыл облыс орталығында 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды, Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылында тағы бір оңалту орталығы ашылады. Сондай-ақ биыл Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірегей спорт кешені пайдалануға беріледі.

Конференция барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуының өзекті мәселелері, әлеуметтік қызметтер порталы жұмысының нәтижелері, әлеуметтік саладағы мемлекеттік тапсырыс және оның тиімділігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттандыру және т.б. мәселелер талқыланды.

Бүгін билік және қоғам институттары арнайы топ өкілдерінен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша құнды ұсыныстар алды деп ойлаймын. Мүгедек азаматтардың құқықтарын сақтауға бағытталған тиісті қорытындылар жасалады, - деп түйіндеді «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ төрағасы Құралай Байменова.

EL.KZ
Бөлісу: