Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсіміне қатысты

15 Қыркүйек 2022, 17:06 947

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді

Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсіміне қатысты деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсімінің алдында Қорытынды декларация жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев форумның екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын атап өтті. Дүниежүзінің беделді дінбасылары осы жерде бір шаңырақтың астына жиналды.


– Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, Съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапар жасап, Съезд жұмысына қатысқаны үшін тағы да ризашылығын білдірді.


– Сіздің әлемдік қоғамдастыққа үндеуіңіз бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдарға үміт пен сенім сыйлады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті экономикалық өсім мен рухани-адамгершілік дамудың арасындағы теңдікке қол жеткізу жолдарын қарастыру әлі де өзекті екенін атап өтті.

– Діндер көшбасшылары рухани және технологиялық дамуды үйлесімді ұштастыру қажет екенін дәлелдей алатынына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев рухани көшбасшылардың беделі бүкіл адамзаттың игілігі үшін қазіргі әлемдегі қайшылықтарды еңсеруге септігін тигізетініне сенімді. Мемлекет басшысы Съездің қорытынды құжатына ерекше назар аударды. Президент форум қорытындысы бойынша бүгін мазмұнды әрі жан-жақты пысықталған Декларация қабылданатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл маңызды концептуалды құжат іргелі мәселелерді қамтиды және үкіметтерге, саяси көшбасшыларға, халықаралық ұйымдарға бағдар бере алады.


– Біздің ортақ міндетіміз – Декларацияның концептуалды ережелері мен идеяларын дәйекті түрде ілгерілету. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Құжатта біздің форумның ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдері қамтылуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарына сәйкес, Съездің дәйекті қызметін толықтай қолдайтынын атап өтті.

Бөлісу: