ТМД Экономикалық кеңесінде маңызды құжаттарға қол қойылды

10 Маусым 2022, 18:32 1760

Бүгін Нұр-Сұлтанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің 94-ші отырысы өтті, - деп хабарлайды El.kz.

Жиында көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

– Бүгін ТМД-ға мүше елдер экономикалық мәселелерді шешу жөнінде бірқатар сұрақтарды талқылап, ұсынылған мәселелер аясында шешімін табу үшін бірқатар ұсыныстар айтты, - деді Премьер-Министрдің орынбасары Бақыт Сұлтанов.

ТМД Атқару комитеті мен Кеңес арасында тығыз байланыс пен ынтымақтастық дамығаны, іскерлік байланыстар жолға қойылғаны, өзара түсіністікпен жүргізіліп жатқан жұмыстарды үйлестіру жүзеге асқаны айтылды. Мұндағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері тауардың шығарылған елін анықтаудың заңнамалық базасын жетілдіру, тауар саудасы мен бизнесті жүргізудегі кедергілерді анықтау және жою, көрме-жәрмеңке қызметі, аймақтар мен шекаралас аудандардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму мәселелері сөз болды.

– ТМД-ға мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 2021 жылы алдын ала бағалаулар бойынша нақты мәнде 4,7%-ға өсті. 2020 жылы ол 2,5%-ға төмен болды, - деді ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитетінің төрағасы Константин Лайкам.

Беларусь Республикасы Консультативтік кеңесінің төрағасы Евгений Бондарь ТМД-дағы мемлекеттік материалдық резервтер органдарының өзара іс-қимылы объективті қажеттілік екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл ТМД елдерінің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға қызмет ететінін айтты.

– Коронавирустық індет пен жаһандық сын-қатерлерден туындаған дағдарыс өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін мемлекеттік материалдық резервтердің маңыздылығын дәлелдеді. Консультативтік кеңестің негізгі құжаты – Мемлекеттік материалдық резервтер органдарының ынтымақтастығы. 2020 жылға дейін тұжырымдама жүзеге асқаннан кейін, ТМД-ның жоғарғы органдарына жолданып, оң бағаға ие болды,- деді Евгений Бондарь.

Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2025 жылға арналған орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын іске асыру туралы жоспарын бекітті. Оның ішінде ормандардағы ағаш санын көбейту және орман шаруашылығындағы ынтымақтастық, сондай-ақ зиянкестермен және трансшекаралық табиғи өрттермен, заңсыз ағаш айналымы және т.б. тақырыптар қамтылды.

ТМД Экономикалық кеңесінің келесі отырысы 2022 жылы 23 қыркүйекте Мәскеу қаласында өтеді деп жоспарланды.

Миражан Махан
Бөлісу: