ТМД және Орта Азияда жоқ теңдесіз аппаратпен толыққан аурухананың әлеуеті зор

14 Желтоқсан 2022, 09:01 4811

2022 жылдың 11 айында 9423 адам емделді

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталық ауруханасы бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз турын ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған медициналық орталық ауруханасы биыл 25 жылдығын атап өтпек. Аурухана 1997 жылы 29 желтоқсанда Астана қаласында ашылды. Осы жылдар аралығында аурухана мыңдаған қазақстандықтарға сапалы қызмет көрсету үстінде. Нақтырақ айтсақ, мұнда 8000-нан астам пациент ем қабылдайды. Заманауи жаңа технологиямен жабдықталған медициналық орталық білікті мамандардан құралған.

Жақында медициналық орталық аурухана базасы жаңа объектілермен толықты. Яғни, емдеу-диагностикалық блогы мен Ядролық медицина аурухана өз жұмысын бастады.

Біз медициналық орталық ауруханасымен толығырақ танысу үшін бірнеше блокты аралап, жаңа технологиямен жабдықталған аппараттармен таныстық. Оның ішінде, операциялық блокты аралап, роботтық хирургия симуляторларын, КТ және МРТ қалай жұмыс істейтінін көрдік.

Айта кетерлігі операциялық блокта 5000-нан астам ота жасалады. Блок 11 операциялық залмен қамтылған. Оларда роботтық хирургия, бипландық ангиографиялық кешен жүйесін қолдану арқылы ота жасалады.

Мәселен біз көрген симулятор-роботты хирургияның операциялық блок-тренажерінің көмегімен робот арқылы ота жасау мүмкіндігі бар. Астана қаласының №3 клиникалық аурухананың дәрігерлері әріптестік орнатып, білімін жетілдіру мақсатында сабақ алуда. Солардың бірі дәрігер-хирург Арман Сарқытбай заманауи техниканың мүмкіндігі туралы айтып берді.

«Бұл жерге озық технология арқылы білімімді жетілдіру үшін оқуға келдім. Қазіргі деңгейде осы заманға сай лайықты жан-жақты қажетті білім беруде. Өз басым дәрігер-хирург ретінде көп дүниені үйренуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Яғни, бұл арқылы медицина алға жүру керек деп есептеймін. Емделушілердің денсаулығына және болашағына көп септігін тигізетін жаңа технология деп айтуға болады. Бұрын бұл техника болмаған кезде көптеген операция жасалмайтын. Енді адам ағзасы толықтай аурудан айыға алады», – деді дәрігер-хирург.

Тур барысында соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықтармен танысу барысында жаңадан ашылған блокка да соқтық. Жаңа блок соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған және республиканың түрлі аймағынан келетін емделушілер үшін диагностикалық емдеудің кеңейтілген спектрін қамтуда. Диагностикалық базада 640 кескінді КТ, МРТ аппараттары, заманауи және рентгенологиялық ультрадыбыстық қондырғы, томосинтез функциясы бар маммографты қоса алғанда, эксперттік топтағы жаңа жабдықтар бар.

Бұл туралы аурухананың КТ және МРТ бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Елшібаева мұнда күрделі аурулар емделетінін тілге тиек етті.

«Біз 640 кескінді компьютерлік томография арқылы диагностика жүргіземіз. Яғни, барлық зерттеу жасаймыз. Оның ішінде, бас және дене қан тамыры, іш құрылысынан тартып қай жерде қандай ауру барын анықтау үшін зерттеу жүргіземіз. Көбінесе өкпенің қабынуы және онкологиялық аурумен жүгінетіндер көп. Біздің ауруханада екі компьютерлік томография бар. Біреуі ковидке байланысты ашылса, енді бірі 256 кескінді аппарат бұрыннан бар. Мұндай аппарат ТМД бойынша Беларусияда және Қазақстанда ғана қолжетімді. Қазір бұл аппараттың көмегімен қан қысымы жоғары 71 жастағы қарт тексеріліп жатыр. Ол кісі алдымен кардиологқа барды. Одан кейін мұнда жүректің қан тамыры мәселесімен зерттелу үстінде. Анықтағаннан кейін бір ауру тапсақ, оны әрі қарай емделуге жібереміз. Бір науқасты тексеруге шамамен жарты сағат уақыт кетеді», – деді медициналық орталықтың КТ және МРТ бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Елшібаева.

Сондай-ақ, томосинтез функциясы бар маммограф (3D маммография), сүт безі ауруларын анықтайтын заманауи құрылғымен таныстық.

Бұл құрылғы сүт безі тініндегі ең ұсақ өзгерістерді анықтайды. Онкологиялық процестің дамуының алғашқы белгілерін анықтау үшін сүт безі обыры бойынша ота жасалған әйелдерді зерттеуге болады.

Дәрігер рентгенолог Салтанат Рахманқұлованың айтуынша, бір кезеңде үш әдісті қолдануға болатын аппараттың бірі деп атап өтті.

«Мұнда 35 жастан бастап қыз-келіншектер келіп тексеріле алады. Кәдімгі маммографияда біз кішкентай түйінді көрмейтін болсақ, томосинтез функциясы бар 3D маммография арқылы енді ғана басталып келе жатқан обырды анықтай аламыз. Ал кәдімгі маммографияда 0,5 см түйінді көретін едік, ал бұл жерде түйін басталмастан анықтауға мүмкіндік көп. Яғни, емдемейміз, тек анықтаймыз және алдын аламыз. Бұл аппаратпен қарашадан бастап жұмыс істеудеміз, содан бері 650 қыз-келіншекті тексердік», – дейді дәрігер рентгенолог Салтанат Рахманқұлова.

Келесі науқастар инсульт, инфаркт, хирургиялық операциядан кейін қалпына келетін үлкен оңалту блогында болдық. Блокта кеңейтілген кері байланыспен жүру дағдыларын қалпына келтіруге арналған «Lokomat Pro» роботталған кешені орнатылған. Оның атқаратын негізгі қызметі – неврологиялық аурулары бар және қимыл-қозғалыс функциялары бұзылған науқастардың күнделікті қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру.

Қимыл-қозғалыс функциясы бұзылған жағдайларда, яғни бассүйек-ми жарақаттары, жұлын жарақаттары, неврологиялық, бұлшықет немесе сүйек патологиялары салдарында LokomatPro терапиясын қолдану пациенттердің қимыл-қозғалысын жақсартады.

Қалпына келтіру емі орталығының аға дәрігері Бақытгүл Дүзелбаева робот үстелдермен таныстырды.

«Емделушінің қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Науқас айда жүріп келе жатқандай өзін сезінеді. Бұл жерге инсульт алғандардан бөлек, хирургиялық ота оның ішінде, жүрекке немесе омыртқа, буынға жасалған отадан кейін науқасты осы жерге алып келіп, жаттығу жұмысы арқылы қалпына келуге көмектесеміз. «Anti-Gravity Treadmill» бұл теңдесіз тренажер. Бұл аппаратты Астанадан басқа еш жерден көрмедік. Бұл жүре алмайтын науқасқа немесе әртүрлі отадан кейінгі адамдарға арналған. Науқастың тірек-қимылының 80 пайызының жеңілдеуіне әкеледі. Сол арқылы емделушінің жүріп-тұруына септігін тигізеді», – дейді қалпына келтіру емі орталығының аға дәрігері Бақытгүл Дүзелбаева.

Жаңа әдістер, заманауи технологиялар, білікті дәрігерлерден құралған команда, халықаралық стандарттар бойынша емдеу аурухананың денсаулық сақтау саласында көшбасшыға айналуына мүмкіндік бере отырып, халықаралық сапа стандарттары бойынша жұмыс жасайды. Аурухана JCI халықаралық аккредиттеуінен үш мәрте сәтті өтті. Жыл сайын аурухана ҚР медициналық мекемелер рейтингінде жетекші орынға ие. 

Медициналық орталық ауруханасына сын жоқ. Емделушілер үшін барлық жағдай жасалыпты. ТМД және Орта Азияда жоқ теңдесіз аппараттар қойылған. Мүмкіндігі мен әлеуеті де зор. 

Суреттер: ПІБ Медициналық орталық аурухана  

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: