Бішкек қаласындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Отырыс барысында сөз алған Әлихан Смайылов жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, қатысушы елдер арасындағы өзара саудада оң серпін сақталып отырғанын атап өтті.
Бұл көбіне достастықтың интеграциялық байланыстарын дамытуға негіз болған Еркін сауда аймағы туралы шартты бірлесе іске асыру нәтижесінде мүмкін болды.
ТМД елдері басшыларының қазан айындағы саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға, қолайлы тарифтік жағдайлар жасауға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғыда Қызметтердің еркін саудасы туралы келісімнің тезірек күшіне енуі маңызды болып отыр. Бұл құжат арадағы өзара іс-қимылды жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», — деді премьер-министр.
Сонымен бірге, Үкімет басшысының пікірінше, бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты өнеркәсіптік кооперацияны кешенді түрде күшейту болуға тиіс.
Өнеркәсіптік кооперация тұжырымдамасын және оны ТМД-ға мүше мемлекеттерде дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру біздің елдеріміздің экономикасына тың серпін беріп, белгіленген жоспарларды толық көлемде жүзеге асыруға ықпал етеді, — деді премьер-министр.
ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды, атап айтқанда, олар геодезия, картография және геоақпараттық технологиялар, тау-кен металлургия саласы, IT-сектор және т.б. салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.