Қазақстанның атмосферасына шығарылған зиянды заттардың жартысынан астамы Павлодар мен Қарағанды облыстарының кәсіпорындарына тиесілі, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
– 2021 жылы бүкіл стационарлық көздерден шығарылған ластаушы заттардың жалпы көлемі 34,3 млн тонна болды. Аталған көлемнің 31,9 млн тоннасы немесе 93%-ы сүзіліп, заласыздандырылды. Яғни, 2021 жылы Қазақстан атмосферасын 2,4 млн тонна шығарынды ластады деген сөз. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,4% аз,– деп жазады ресурс.
Energyprom.kz-тің талдауына сүйенсек, ауаға тасталған лаутаушызаттардың жартысынан астамы Павлодар және Қарағанды облыстарындағы кәсіпорындарға тиесілі.
– Павлодар облысында 736,2 мың тонна, Қарағанды облысында 569,7 мың тонна ластаушы зат атмосфераға шығарылған. Сондай-ақ Атырау (160,3 мың тонна), Қостанай (137,9 мың тонна), Ақтөбе (137,4 мың тонна) және Шығыс Қазақстан (128,1 мың тонна) областарында шығарындылардың көлемі ауқымды, – деп жазылған материалда.
Сала бойынша айтсақ, ауаға шығарылған 2,4 млн заттың 2,1 млн тоннасы өнеркәсіпке тиесілі. Соның ішінде жылу мен энергия өндіруші кәсіпорындардың ластау көрсеткіші орасан – 945,2 мың тонна. Одан кейінгі орында өңдеу өнеркәсібі – 728,1 мың тонна. Үшінші орында тау-кен өнеркәсібі – 356,6 мың тонна.
Айта кетейік, жыл басында Экологиялық реттеу және бақылау комитеті елдегі атмосфераның ластануы жоғары қалаларды атаған болатын.