Қай өнімді табиғи «ағартқыш» деуге болады? Ірімшік неге десерттен кейін беріледі? Ал тәтті мейіз шынымен тістерді құрта ма? Осы сауалдарға жауап іздеп, тісімізді қалай ұзақ уақыт сау ұстауға болатынын қарастырайық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жалпы кеңестер
Ең бастысы – кальцийге бай тағамдарды (ірімшік, жаңғақ, көкөніс) фосфорға бай өнімдермен (ет, жұмыртқа, балық) бірге тұтыну. Бұл комбинация тіс эмалін берік қылып, жақ сүйектерін де нығайтады.
Керісінше, тәтті, құрамында ұн бар және «жабысқақ» тағамдардан (кәмпит, печенье, торт, чипсы, нан) аулақ болған жөн. Олар тісте ұзақ қалып, бактериялардың өсуіне жол ашады. Тіпті жөтелге қарсы леденец пен кейбір спрейлердің құрамында қант барын естен шығармаңыз – бұл тіс жегісі үшін таптырмас «қорек».
Ас ішкен соң қантсыз сағызды аздап шайнау пайдалы: тіс арасындағы қалдықты тазартып, сілекей бөлінуін арттырады. Ал сілекей – микробтардың басты жауы.
Ірімшік – тістің досы
Зерттеулерге сүйенсек, ірімшік жеген жасөспірімдердің ауыз қуысындағы қышқылдық деңгейі төмен болып шыққан. Бұл ірімшіктің артық қышқылды бейтараптап, бактериялардың көбеюін тежейтінін көрсетеді.
Сонымен қатар ірімшік кальций мен казеинге бай – екеуі де эмальді берік ұстап, тісті қорғайды. Сол себепті ірімшікті десерт ретінде, не десерттен кейін ұсыну дәстүрге айналған.
Шайдың пайдасы
Жасыл және қара шайдағы полифенолдар тіс жегісіне себеп болатын бактериялардың өсуін тежейді. Ғалымдар күніне 3-4 шыныаяқ ішуді ұсынады. Шай ауыздағы жағымсыз иісті де азайтады.
Дегенмен шай құрамындағы таниндер тісті сарғайтатынын ұмытпаңыз. Сол себепті қара шайдан гөрі жасыл шайға басымдық берген жөн.
Мейіз – зиян ба, пайдалы ма?
Көпшілік мейізді тәтті болғаны үшін зиян деп санайды. Бірақ оның тәттілігі қант емес, салыстырмалы түрде қауіпсіздеу фруктозадан. Ең бастысы, мейіз құрамындағы заттар тіс жегісін тудыратын бактерияларды жояды әрі қызыл иекке пайдалы.
Әрине, бұл жерде оның мөлшері маңызды. Қант диабеті немесе артық салмақ кезінде мейізді шектеген дұрыс. Ал қара түсті мейіздің құнарлығы мен пайдасы тіпті жоғары.
Көкөніс пен жеміс
Сәбіз, алма, қияр секілді өнімдер тісті табиғи жолмен тазалайды. Жақсылап шайнаған кезде сілекей бөлініп, қызыл иекке массаж жасалады. Бірақ маринадталған көкөністерді (мысалы, қияр тұздығы) жиі жеу, керісінше, тісті әлсіретеді, себебі құрамындағы сірке суы эмальді бұзады.
Құлпынай – табиғи ағартқыш
Құлпынай құрамындағы қышқылдар тістің түсін бұзатын заттарды ерітіп, күлкіңізді жарқырата түседі. Тіпті үй жағдайында «ағартқыш паста» жасауға болады: құлпынайды езіп, ас содасымен араластырып, тісіңізге жағып 5 минутқа қалдыру жеткілікті. Бірақ бұл әдісті аптасына бір реттен артық қолдануға болмайды.