Тимур Жұмырбаев: Қазақстан жастары жаңғыру жолында

28 Тамыз 2018, 05:28

Қазақстанның болашағы – бұл біздің жастарымыз. Жалпы барлық кезеңде де мемлекеттің болашағы жастар болмақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында бірнеше мәрте айтқан болатын. Білімді жастардың ел тірегі болатыны анық және оның әлемдік аренада дамуына үлес қосатыны мәлім.

Қазақстанда жас ұрпаққа барлық жағдай жасалып жатыр: білім алуына, өзін дамытуына және уақыт талабына сай келуіне басқа да үдерістер қарастырылған. Қазақстан жастарын қолдау үшін 2018 жылдың 15-ші наурызында «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысы (РЖҚ) құрылды, басты мақсаты - Қазақстандағы барша жастың басын біріктіруде. Сонымен бірге ол Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға шақыратын қозғалыс. Сол арқылы жастар бастамасын қолдап және ілгерілету, жастар арасында саңылақ көшбасшыларды қалыптастыруға жәрдемдесу.

Қозғалыс жайында және қазақстандық жастардың бүгінгі хал-ахуалы турасында білу үшін «Жаңғыру жолы» РЖҚ Төрағасының орынбасары, «Жарасым» Республикалық жастар ұйымының Төрағасы Тимур Жұмырбаевпен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

Осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты жұмыс істеп тұрса да, бір жүйеге келтірілмеген еді. Әр аймақта өз бетінше қызмет атқарып жатты, әрқилы атаулары болды. Сол себепті барлық жастар құрылымын біріктіретін «Жаңғыру жолы» қозғалысы құрылды, қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында жұмыс істеп отыр.

РЖҚ Төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні әр облыста, әр аймақта «Жаңғыру жолы» штабы құрылған және соның жанында бір форматта «Жарасым» Республикалық жастар ұйымы жұмыс істеуде. Ұйым студенттердің мәселесін қарастырып, әлеуметтік сұрақтарды қамтыса, «Жаңғыру жолы» барлығын қамтиды. Сәйкесінше, барлық шаралар «Жаңғыру жолы» ұранмен өтеді.

– Қазіргі уақытта өзіңе назар аударуға арналған қозғалтқыш құралдың бірі – әлеуметтік желі. Жастар қозғалысының және ұйымдарының әлеуметтік желідеге жағдайы қалай? Парақшаларыңыз бар ма және қай платформаларда?

– Әлеуметтік желілерде белсенділік бар, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының парақшасы да әлбетте бар. Әр жас көшбасшы өзінің аудиториясы арқылы әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Жаңғыру жолы» өткізіп жатқан шаралар жайында жазып, жарнамалауына тырысып жатырмыз. Айтқандай-ақ бізде жұмыс қарқынды.

Шараларамыз қарқынды дейтінім, жуырда ғана Павлодар қаласынан оралдық. Онда жыл сайын «Бірлік. Единство. Kz» халықаралық жастар этнофорумы өтеді. Осымен сегізінші рет өтіп отырған шара Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының құрған брендіне айналды. Бірақ биылғысы бірегей деуге болады. Себебі «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қамқорлығымен ұйымдастырылды. Біз аталған форум жұмысында екі күн болып, пленарлық отырысына қатыстық. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жастар қозғалысы жобаларының тақырыбы бойынша арнайы секциялық пікірталас алаңы болды. Сонымен қатар өзіміз қолға алған жобалар туралы түсіндіріп, жастардың көкейіндегі сауалдарға жауап бердік, әсіресе ұйымдастырушы «Жаңғыру жолы» форумының құрылымы айтылды және идеяларды ұсынуға жол ашылды.

Сұхбатта Тимур аймақтарға шығудың тиімді екенін басып айтты, яғни, «өз алаңдарында ойнаған дұрыс», Астанада ғана жиын өткізе бермей, жергілікті жерде идеялар туындатуға шабыт беру керек. Оның айтуынша, бейресми кездесулер кезінде жұмыс көп алдыға ілгерілейді.

– Мысалы, этнофорум бейресми, жастарша өтті. Онда Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісінің орынбасары Нәзипа Шанаи қатысты. Олар жастарға ақыл айтып, өздерінің ересектігіне қарамастан, аудиторияны сезініп, олармен жастар тілімен пікір алмасып отырды. Сол себепті лауазымды адамдардың кездесуінде отырғандай сезім болған жоқ, бәрі еркін өтті.

Аймақтарға бару тақырыбына қайта оралсақ, біз жастармен кездесеміз, идеяларды жинақтаймыз, барлық шараларымызда өзіміздің жобаларымызды талқыға саламыз. Соның арқасында өзіміздің олқы тұстарымызды біліп, қандай жұмыстарды қолға алуымыз керектігін аңғарамыз, ең қызықтысы – аймақ жастары ұсынғысы келетін жобаларды білеміз. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша не тиімді екені облыс жастарына ғана мәлім. Яғни, әр өңірдің жағдайы әр алуан.

– Қандай жобалар жасалып жатыр және жастар қозғалысы қазір немен айналысуда?

– «Жаңғыру жолы» құрылғаннан бері ірі жобамыз бар – «Ұлы Дала елі - киелі мұрасы». Бұл қызықты жоба үш кезеңнен тұрады: бірінші – «Қамқор», 2018 жылы 5 мамырда Ұлы Отан соғысының жеңісі күні қарсаңында бастау алды. Әрі қарай Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған ақмолалық жауынгерлердің бауырластар қабірінің Мемориал тақтасында тағзым етілді. Жастар өз еріктерімен жиналды, сонымен бірге ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылары қатысты.

Бәріміз бірге зират басын қоршап, сенбілік өткіздік. Ескерткіштерді сырлап, жөнге келтірдік. Бұл жай ғана жиыстыру жұмысы емес еді, оның терең идеологиялық мәні бар – жастарды Ұлы Отан соғысы тақырыбына назар аудартып, жеңіске жету жолында қаза тапқан жандарға тағзым ету дәстүрін жаңғырттық.

Республикалық кезеңінің бастауынан кейін біз эстафетаны аймақтарға жолдадық. Олар өздерінің шараны өткізу формасын жандандырып, кейбірі сенбілік өткізсе, енді бірі ардагерлермен кездесіп, тыл ардагерлеріне, ҰОС ардагерлеріне қайырымдылық көмек көрсетті. Театрландырылған қойылымдар, мұражайларға бару және тағы да басқа шаралар ұйымдастырды. Өткізу формасы әркімде әрқилы болды. Естіген құлаққа нанымсыз, дей тұрғанмен де бір ғана кезеңнің өзінде 38 мың адамды қамтыған 174 шара ұйымдастырылып өткізілді. Яғни, осы шараға жастар легі көптеп тартылды. Бір айта кетері, «Қамқор» акциясы мереке алдында және мереке күндерінде ғана өткізілмейді, бұл ұзақ мерзімді акция.

Біз ардагерлерге жыл бойы қамқор болуымыз керек, өйткені мереке күндері ғана оларды еске аламыз да, келесі 9 мамырға дейін ұмытамыз. Біз осы жандарға  жылдың 365 күнінде ризашылығымызды білдіріп жүруіміз керек қой. Осы акция арқасында біздер назарымызды осы ұлы адамдар – қаһармандарға арнап, жастар санасында және жүрегінде соғыс тарихын ұялатуымызды мақсат етеміз.

Екінші кезең – 30-шы мамырда басталған «Тағзым» акциясы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Болашақ үшін естелік» халықаралық форумы. Акция, айтылғандай, саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етуге арналды. Біз Ақтөбеде өткен форум аясында республикалық бастама көтеріп, өңірлерге жолдадық. Степлаг, АЛЖИР мұражайларында, саяси қуғын-сүргін құрбандарының Мемориалдарында танымды шаралар ұйымдастырылды. Содан кейін, 14-ші маусымда Астана қаласының маңында орналасқан Қабанбай батыр кесенесінің басында акцияның үшінші кезеңін жалғастырдық. Жобаның атауы айтып тұрғандай, үшінші кезең «Ұлы Дала елінің киелі мұралары» деп аталады. Бұл кезең әр аймақ жастарына киелі орындарды зерттеуге және көршілес аймақтардың мұраларымен танысуына мүмкіндік береді. Яғни, қарағандылықтар Павлодарға, павлодарлықтар Шығыс Қазақстан облысына саяхаттайды. Әрі қарай осылай өрби береді. Жасақталған экспедиция Қазақстанның барлық аймақтарын аралайды, Қазақстанның барлық киелі жерлерінің тарихын, мұрасын зерттейді. Бұл өте қызықты. Аталған шараларға қатысқан жастармен әңгімелескен кезде, оларға өте қатты ұнағанын байқадық. Мысалға, Солтүстік Қазақстан қатысушылары Қостанай облысына бармай тұрып оның тарихы туралы мүлде білмегендірін айтты. Киелі мұраға республика бойынша жалпы тізімге енген аймақтардың киелі орындары жатады.

Жастарға бұл өте қызық, тіпті өзім де жаз бойы саяхаттап, әр түрлі шараларға қатысып, Қазақстанның әр өлкесінде болдым. Елімізді жаңа қырынан танып келемін. Бізде табиғаты бай, қойнауы тарихқа тұнған жерлер өте көп. Еуропа елдеріне барудың қажеті де жоқ, еліміз құндылықтарға бай. Форум аясында Баянауылда болдық. Ертегі әлеміне тап болғандай әсерде қалдым. Кең даласында тауы да, орманы да бар. Табиғат заңы бойынша бұлай болуы мүмкін емес секілді, алайда көргенде көз тоймайтын мұндай жерлер Қазақстанның қанша аумағында кездеседі десеңші.

«Ұлы Дала елінің киелі мұралары» жобасы аясында біздің жастар киелі жерлерге барғанда, оның тарихымен танысады, егер ол нақты бір тұлғаға арналған болса, сол адамның өмірімен таныс болады, өздеріне көп дүниені алады. Бұл жоба әлі де жүзеге асу үстінде. Қорытындысын 28-31 тамыз аралығында Алматы облысында өтетін халықаралық «Бірлік» жастар жазғы лагерінде шығаратын боламыз.

– «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының халықаралық серіктестігі жайында айтып өтсеңіз?

– Біз жарты жыл ғана жұмыс істеп келе жатсақ та, біз өте белсендіміз. Халықаралық серіктестігімізде айтарлықтай табыстарымыз баршылық. «Ұлы Дала елінің киелі мұралары» жобасы аясында Литва Республикасымен бірігіп шара өткіздік. Қазақстанға «Jauniems» (латын тілінен аударғанда «жастар үшін») қоғамдық қордың өкілдері келді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары болған литвалықтардың жерленген жеріне келіп, қоршаулар құрумен айналысатын «Сібір миссиясы – 2018» экспедициясы біздің елге табан тіреді. Қазақстанға келген бетте экспедиция мүшелері алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығына жолықты. 2018 жылдың маусым айындағы Қазақстандағы сапарларының барлық кезеңінде оларға ҚХА мүшелері мен жастар қозғалысының өкілдері жол бастап жүрді. Біз оларға саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірегей мұражайларын көруге мұрындық болдық. Құрбан болған литвалықтардың жерленген жерлеріне апардық. Қарағанды облысының бірнеше қалаларында болдық.

«Жарасым» РЖҚ басшысы айтып өткендей, серіктестіктің тағы бір аспектісі –  1 тамызда Қазан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық жастар ұйымы Татарстан халқы Ассамблеясының жастар қанатымен серіктестік келісімге қол қойды. Сонымен қатар Павлодардағы форум аясында Павлодар облысының «Жаңғыру жолы» штабы мен Омбы облысының Ресей халқы Ассамблеясының жастар бөлімімен серіктестік құруға келісім жүргізілді. Өзара бірігіп өткізетін жобалар барысын талқыладық.

Тимур Жұмырбаев өз сөзінде Алматы облысында өтетін жастардың жазғы лагерінде Ресей халқы Ассамблеясының Төрағасымен кездесу өтіп, жоспарға енген шараларды, жоба, идеяларды талқылайтынын айтты.

— Осымен тоқталып қалмаймыз. Біз әрдайым барлық әріптестікке, серіктестікке дайынбыз. Еліміздің игілігіне жұмыс істеуден жалықпаймыз. Іске асырылып жатқан жобалардан бөлек, жастарымыздың іскерлік белсенділігін арттыратын жаңа бағыттарда жұмыс атқарып жатырмыз.  Астана және Алматы қаласында екі ірі стартап-форум өткізілді. Ең үлкен астаналық форумның қорытындысы бойынша Қазақстанның әр өңірінен келіп түскен жобадан 42-сі іріктеліп алынды. Олар ҚХА-ның қамқорлығына алынып, әр жобаға Ассамблея мүшелерінен, меценаттардан, бизнесмендерден, инвесторлардан ментор бекітілді. Әр жобаның тағдырын қадағалап, бизнес-идеяға айналуына қамқорлық жасаймыз.

Жастар қозғалысын құрудағы негізгі идея ел жастарының басын біріктіру және шоғырландыру болып табылатын. Ортақ құндылықтарды насихаттаймыз, этностарға бөлінбейміз, біз – Қазақстан халқы жастарымыз.

— Өзіңіз атап кеткендей, қозғалысты құру мақсаты – мемлекет жастарының басын қосу. «Жаңғыру жолы» құрылымы жайында айтсаңыз?

– Республикалық қозғалыстың Төрағасы – Максим Споткай, мен орынбасарымын. Қосымша Республикалық «Жарасым» жастар ұйымының Төрағасымын. Яғни, «Жаңғыру жолы» - орталық штаб, «Жарасым» - оның құрылымдық мүшесі. Штаб мүшелері жастардың белсенді тобынан және облыстық штаб жетекшілерінен құралады.

Алдымызда келе жатқан тілдер мерекесі күніне қандай шара ойластырып жатырсыздар?

— Тілдер күніне орай қандай бастамаға жол салсақ деген идеяның жетегіндеміз. Әлеуметтік желілерде әр тілде классиктердің өлеңдерін оқу немесе әр халықтың классик ақындарының өлеңдерін қазақ тілінде оқу challenge-ті іске асырсақ па деген ойдамыз. Мысалы, Тарас Бульба ешқашан қазақ тілінде оқылмаған не болмаса Пушкиннің өлеңдерін қазақшалаймыз. Ең қызығы жастар аудармамен өздері айналысады. Бұл қазақ тілін үйренуге көмек. Жастар танымын кеңейтетіні анық. Күз мезгіліне ҚХА бірер жобаны іске қосуды көздеп отыр. Онда да «Жаңғыру жолы» айрықша орын алады. Бұл жоба – «Мың бала», «Жібек жолындағы әңгіме». Негізінде бұлар Ассамблеяның дәстүрлі шаралары. Бірақ биылғы жылы жастар қозғалысы қарқынды ат салысады. Таза біздің жобалар болып өзін жарнамалау тренингтер сериясы, өзін өзі таныстыру, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесу болып таблады. Университет, мектептерде «Жарасым» атауымен студенттік клубтарын құруды жоспарлап отырмыз.

—Олар қандай қызмет атқармақ?

— Бұлар университеттердегі өкілдеріміз. Бұл алаңдарды не үшін құрмақпыз? Біріншіден, олар біздің өкілдеріміз, екіншіден, қандай да идеяларды іске қосуға, жаңа көшбасшыларды тануға арналған алаң болады. Ең маңыздысы – жаңа тұлғаларды тану, жаңа жас көшбасшыларды қолдау, ертеңгі Қазақстанда белсенді жастар өмір сүруі тиіс. Осы алаңдар бізге көмектеседі. Студенттер ұсынатын жобаларды біз әр уақытта білетін боламыз. Олардың белсенді болуына мұрындық болып, біздің де жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Студенттер қатарынан ең белсенділерін қатарымызға қосамыз.

Әңгімеңізге рақмет, жобаларыңыздың табысты іске асуын тілеймін. Қазақстандағы жастар қозғалысы мақсатына жете берсін!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: