Тимур Пак: Абайды оқып, Құранды жаттап өстім

26 Сәуір 2023, 14:38 1382

Тимур Пакты көргенде кәріске емес, қазаққа ұқсатасың. Тілі де, ділі де, ұстанатын діні де - қазақ. Мұсылманша хат танып, Құсни Хадис пен Хакім Абайдың шығармаларын оқып өскен. Көпбалалы отбасынан шыққан ол үйінің тұңғышы, марқұм атасы мен әжесінің баласы. 

Атам Пак Владимир мен әжем Цой Любовь Василевна елінде нәубет басталғанда мектепке де бармаған екен. 3 немесе 5 жасар болу керек, кішкентай кезінде Қазақстанды паналап келіп, аман қалған. Оларды басқа адамдар асыраған. Қиыншылық көп көрген ғой. Кейін тағдырлас екеуі бас қосып, үлкен әулетке айналады. “Қазақтың жақсылығын көп көрдік. Тәрбиесін сіңіріп, тәлімін алдық. Бауырмал халықтың бізге жасаған жақсылықтары өте көп, оны ешқашан ұмытпаңдар”, - деп әжем мен атам үнемі айтып отырушы еді. Ұлтымыз кәріс демесеңіз, біздің әулет таза қазақ. Әжем 10 баланы өмірге әкелген, ал тұңғыш қыздары - үлкен әпкем Ульяна (марқұм) 15 құрсақ көтерген, басқа келіндері де көпбалалы ана, – дейді Тимур. 


Тимурдың анасы Гүлнар Итанова – қазақ. Алтын құрсақты ана. Кезінде ағайын-туысы өзге ұлтқа шыққанына қарсы болғанымен, уақыт өте келе барлығы түсініп, қабылдайды. Ал әкесі Пак Андрей ұзақ жылдар ішкі істер саласында қызмет еткен. Қазіргі таңда өздері өсіп-өнген жер - Мақтарал ауданында - қара шаңырақта тұрады. 

Қазақпен қойымыз қоралас, жанымыз бір болып өстік қой. Көршілеріміз Тәуелсіздік алғанға дейін әртүрлі ұлттан тұрған екен, бірақ мен туғанда дерлік қазақы орта болды. Үйде бесеуміз, мен тұңғышымын. 1991 жылдың мамырында қазіргі Түркістан облысы, Шардара қаласында дүниеге келгем. Әкем әулеттің кенжесі болған соң кейін қара шаңыраққа көшіп бардық. Қызыл құм ауылы, 20 партсъездегі N57 Сарыарқа жалпы орта мектебінде оқыдым. Мектеп қабырғасында жүріп Абай оқуларына қатысатынмын, – дейді Тимур. 

Ол Хакім Абайдың өлеңдерін жаттап, қара сөздеріне қанып өседі. Ұлы ақынның қай шығармасын сұрасаң да мүдірмей айтады. Қара сөздерінің мән-мазмұнын талқылауға шебер. 

Білесіз бе, кейде өзімнің бойымда Абай атаның рухы бар ма деп ойлаймын. Абай атамыздың қай шығармасын алсаңыз да түп негізі - Жаратушыға деген махаббатты аңсап тұрады, адамды имандылыққа, саналылыққа тәрбиелейді. Содан кейін шығар Құран оқуға әуестігім оянды, сүрелерді жаттай бастадым. Исламды толық қабылдадым десем де болады, келіншегім де орамалда. Алладан осы күндері жиі сұрап жүрмін, балаларымның біреуі Қари болса екен деп тілеймін,-деді ол. 

Тимур осы жазда Семейге барып, Абай Құнанбаевтың зиратына тәу етіп келуді жоспарлап жүргенін айтты. 

– Жолымды ашқан Абайдың оқулары ғой. Студент болсам да, әскерде жүрсем де, үйленсем де Хакімнің шығармаларымен талай сайысқа қатысып, жүлдегер болып жүрмін. Абай атаның зиратына барып, Құран бағыштап алғысымды білдіргім келеді.

Пак әулеті екі ұлттың дәстүрін тең ұстанады. Келін алғанда міндетті түрде беташар жасайды. Бала туған соң да шілдехана, тұсау кесер, туған күн даталарын тойлағанда түске дейін қазақы нақышпен өткізсе, түстен кейін кәрісше ұлттық киім киіп өткізеді. 

Пак әулеті - қазаққа қыз беріп, қазақтан қыз алған, жалпы қазақы дәстүрмен біте қайнасып кеткен әулет. Менің де келіншегім қазақ. Қазір 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. ЖООны да, магистратураны да қазақша тәмамдадым. Әскердегі жолдастарымның да тілі қазақ. Еңбек жолымды Алматы қаласында жалпы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастадым. Қосымша балабақшада тәлімгер болдым. Ата-анама жақын жүрейін деп 2015 жылы Шымкентке келдім. 8 жылдан бері N88 жалпы орта мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істеп келем. Қосымша балалар бос уақытында қарап жүрмесін деп жеңіл атлетикадан үйірме аштым. Қай жерде жүрмейін барлық ортада мені қолдаушылар көп. Соған шүкір деймін. Ұжымдастарым да, оқушыларым да, тіпті ата-аналарым да ерекше, сыйластығымыз бір бөлек. “Бақыт қайда барасың? Ынтымағы жарасқанға барам дегендей, өзім жүрген орта нағыз бақыттылардың мекені, - деп түйді сөзін Тимур. 

 

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: