19.03.2026
17:14
1484

TIME журналы 2026 жылы көруге тұрарлық жерлерді атады

TIME журналы әлемде көруге тұрарлық ең үздік орындардың жыл сайынғы тізімін жариялады. Биылғы іріктеуге Мысырдан бастап АҚШ-қа дейінгі жаңа музейлер, мәдени кеңістіктер мен ерекше туристік бағыттар енді.

Тізім қалай жасалады?

TIME редакциясы жыл сайын дәл қазір баруға лайық нысандарды іріктейді. Бұл тізімге қонақүйлер, музейлер, мейрамханалар және тұтас туристік бағыттар кіреді. Таңдау редакция тілшілерінің ұсыныстары мен әлемнің түкпір-түкпірінен келіп түскен өтінімдер негізінде жасалады. Нәтижесінде жаңашылдығымен, ерекше форматымен немесе тың әсер сыйлайтын локациялар таңдалып алынады.

Рейтингке енген орындар

Мысырдағы жаңа музей

Тізімге Grand Egyptian Museum енді. Гизадағы пирамидалар кешеніне жақын орналасқан бұл ауқымды жобаға шамамен 1 миллиард доллар жұмсалған.

Мұнда бір шаңырақ астына 100 мыңға жуық экспонат жиналған. Олар ежелгі дәуірден бастап Рим кезеңіне дейінгі Мысыр тарихын қамтиды.

Филадельфиядағы ойын-сауық орталығы

АҚШ-тағы ерекше нысандардың бірі – Netflix House. 2025 жылдың қарашасында ашылған бұл кеңістік – стримингтік сервистің алғашқы тұрақты ойын-сауық орталығы.

Мұнда келушілер «Кальмар ойындары» мен «Уэнсдей» сияқты танымал жобаларға негізделген ойындарға қатысып, тақырыптық кафелерге барып, кәдесыйлар сатып ала алады.

Аустралиядағы ежелгі мәдени мұра

Тізімге Murujuga Cultural Landscape да енді. 2025 жылы ол ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне қосылған.

murujuga.org.au

Бұл жерде жасы 50 мың жылға дейін жететін жартас суреттерінің әлемдегі ең ірі коллекцияларының бірі сақталған. Олар Стоунхендж бен Египет пирамидаларынан да әлдеқайда көне.

Ташкенттегі заманауи өнер орталығы

Өңірге жақын нысандардың қатарында Centre for Contemporary Arts Tashkent бар. Орталық Ташкенттің тарихи бөлігінде, 1912 жылы салынған бұрынғы дизель станциясы мен трамвай депосының ғимаратында орналасқан.

Мұнда көрме залдары мен зерттеу алаңдары біріктіріліп, жергілікті қауымдастықпен жұмыс жүргізіледі.

Майами-Бичтегі суасты саябағы

АҚШ-тағы тағы бір ерекше жоба – The ReefLine. Бұл – су астында орналасқан мүсіндер паркі. Ол снорклингке арналған маршрут ретінде жасалған, ал инсталляциялар экологиялық таза материалдардан құрастырылған.

Сонымен қатар тізімге Лондондағы V&A East музейі, Калифорниядағы №1 тас жолы, Бангкоктағы Диб музейі және басқа да бірқатар ерекше бағыт енген.