АҚШ-тың беделді Time журналы 2025 жылдың «Адамы» атағын жасанды интеллект саласының жетекші тұлғаларына — яғни жасанды интеллект архитектурасын қалыптастырушыларға берді. Бұл туралы басылымның ресми жарияланымында айтылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Журнал мұқабасы әйгілі «Зәулім ғимараттағы түскі ас» фотосуретінің стилінде безендірілген. Болат арқалықта, қала үстінде отырған тұлғалардың қатарында Meta компаниясының басшысы Марк Цукерберг, AMD компаниясының бас директоры Лиза Су, X платформасының иесі Илон Маск, Nvidia жетекшісі Дженсен Хуанг, OpenAI басшысы Сэм Альтман, Google-ға тиесілі DeepMind компаниясының директоры Демис Хассабис, Anthropic жетекшісі Дарио Амодей және ImageNet жобасының негізін қалаушы Фэй-Фэй Ли бейнеленген.
Time редакциясының пікірінше, дәл осы тұлғалар соңғы жылдары жасанды интеллекттің дамуына шешуші ықпал етіп, технологиялық прогрестің бағытын айқындады.
Айта кетейік, өткен жылы Time журналы «Жыл адамы» атағын АҚШ президенті қызметіне екінші мерзімге сайланған Дональд Трампқа берген болатын.
Сонымен қатар, букмекерлік Polymarket агенттігінің бағалауынша, 2025 жылы бұл атаққа тікелей жасанды интеллекттің өзі ие болуы мүмкін деген болжам болған. Алдын ала есеп бойынша, мұндай сценарийдің ықтималдығы 69 пайызды құраған. Одан кейінгі орындарда Nvidia басшысы Дженсен Хуанг (14%), OpenAI жетекшісі Сэм Альтман (10%), Рим папасы Лев XIV (4%) және Дональд Трамп (1%) аталған.
Time журналы «Жыл адамын» 1927 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл қорытындысы санында жариялап келеді. Бұл атақ әлемдік оқиғаларға ең үлкен ықпал еткен тұлғаға немесе құбылысқа беріледі. Оның оң немесе теріс әсері болғанына қарамастан, шешім редакцияның субъективті бағалауына негізделеді және қатаң формалды талаптармен шектелмейді.