Тілі шықпаған бала: медицинада шешімі қандай, дәстүр не дейді?

Тілі шықпаған бала: медицинада шешімі қандай, дәстүр не дейді?

Кейінгі жылдары балалардың тілі кеш шығуы жиіледі. Мамандардың айтуынша, бұл – әлеуметтік, технологиялық, эмоционалдық себептермен байланысты күрделі жағдай.

Мұндай ахуал елімізді ғана емес, әлем халықтарын да алаңдатып отыр. Мәселен, АҚШ Педиатрия академиясының мәліметіне сенсек, мектеп жасына дейінгі балалардың 8-10%-ы сөйлеу немесе тіл дамуында қиындықтарға тап болады. Ал Ұлыбританиядағы ICAN қайырымдылық қорының мәліметінше, 5 жасқа дейінгі балалардың 25%-ында тіл және коммуникация мәселелері бар. Сондай-ақ канадалық дәрігерлердің айтуынша, 2 жастағы әрбір 7-балада тіл дамуының кешеуілдеуі байқалады. Елімізде бұған ұқсас кең көлемді зерттеулер жоқ. Алайда жеке орталықтар, логопед мамандар мен оңалту мекемелері кейінгі 3-4 жылда ата-аналардың бұл мәселемен жиі жүгінетінін айтады.

Психолог мамандар не дейді?

Психологтар мен нейропсихологтар тіл дамуына әсер ететін негізгі себептердің бірі ретінде балалардың экран алдында ұзақ отыруын көрсетеді. Смартфон, теледидар, планшет – бала миын пассив қабылдауға үйретіп, тілді белсенді қолдануға қажеттілік тудырмайды.

Баланың сөйлеуі – бұл нейробиологиялық қана емес, эмоционалды үрдіс. Ол сөйлеуге дайын болуы үшін, алдымен өзін естіледі деп сезінуі керек. Бірақ бізде жиі байқалатын нәрсе – ата-ана баламен сөйлеспейді, тек бұйырады немесе үнемі тыйым салады. Бала өз сөзінің маңызы жоқ екенін сезінсе, тілі де шықпайды. Бұл – ішкі блок. Психосоматикалық деңгейде мұндай балада «сөйлеудің мәні жоқ» деген бағдарлама қалыптасады, – дейді психолог Мөлдір Қанатқызы.

Маман пікірінше, бұл балаға ғана байланысты емес, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуінен де туындайды. «Тыныш отыр», «кедергі болма», «айтпа» деген сөздер жиі айтылатын үйде бала белсенді сөйлеуді үйренбейді. Қарым-қатынас аз, эмоциялық байланыс әлсіз отбасыларда тілдің де кеш шығуы жиі кездеседі.

Алғашқы қадам – логомассаж

Сөйлеу дамуына көмектесетін танымал әдістердің бірі – логомассаж. Бұл – тіл бұлшықеттерін, жақ, бет, мойын аймақтарын уқалау арқылы сөйлеу аппаратын белсендіруге бағытталған кәсіби массаж түрі.

Қазір логомассажға жүгінетін балалар көп. Бірақ ата-аналар арасында жиі байқалатын бір қателік бар: «Бір курс алдық, неге балам сөйлемейді?» деген сұрақ. Олар логомассажды жалғыз шешім ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес. Сөйлеудің кешігуі – көп салалы мәселе. Оған логопед, дефектолог, психолог сияқты мамандар бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Логомассаж – тек алғашқы қадам, – дейді логомассаж маманы Толғанай Қырықбайқызы.

Маман пікірінше, логомассаж – физикалық стимул береді. Бірақ бала сөйлеуді тек бұлшықет арқылы емес, қарым-қатынасқа шығу қабілеті арқылы үйренеді.

Кейде балаға ұзақ мерзімді оңалту қажет. Ондайда аналар өздері біздің курсқа келіп, үй жағдайында логомассаж жасау жолдарын үйреніп жатады. Бұл  өте дұрыс шешім. Себебі күнделікті жұмысты тек маман емес, ата-ананың өзі де жалғастыруы қажет, – дейді маман.

Ата-анаға кеңес

Психолог пен логомассаж мамандарының кеңесіне сүйене отырып, келесі нақты қадамдарды ұсынуға болады. Баланы бақылаған жөн: 1 жасқа дейін – дыбыстар шығармаса, 2 жасқа дейін – 10-нан көп сөз білмесе, 3 жасқа келгенде – сөйлем құрай алмаса, алаңдауға негіз бар.

Экран уақытын шектеңіз: 2 жасқа дейінгі балаға – мүлдем экран (теледидар, смартфон т.б) көрсетпеу керек. Сапалы байланыс орнатыңыз: бірге ойнау, кітап оқу, сұрақ қойып, жауап күту, ән айту – миды сөйлету. Балаңыздың сөйлеуі кешеуілдеп жатса, міндетті түрде логопед, дефектолог, психолог, логомассаж маманына жүгіну керек.

Үйде де жұмыс жасаңыз: арнайы жаттығулар, сөздік қорын кеңейту, эмоционалдық қолдау – нәтиженің негізгі кілті.

Қысқасы, балаңыз сөйлемесе, мұны «тұйықтыққа» теліп, бей-жай қарауға болмайды.  Бұл баланың болашағына енжар қараумен тең.

Тілі шықпаған балаға ішек байлау салты

Қазақ халқы баланың әрбір қадамын ерекше ырыммен, ниет-тілекпен бекіткен. Соның бірі – тілі кеш шыққан балаға малдың ішегін мойнына байлау. Бүгінде бұл дәстүр көпке таңсық көрінгенімен, оның астарында халықтың терең нанымы мен тілге деген ықыласы жатыр. Ертеде бала екі жасқа жақындап қалса да, әлі анық сөйлей алмаса, үлкендер: «Бұл баланың тілі байлаулы ма екен?» деп алаңдаған. Сонда ауылдың сөзге шешен, тілге жүйрік бір ақсақалына немесе әжесіне арнайы қолқа салып, «Балаға тұсау салсаңыз, тілін ашсаңыз», деп өтініш айтатын болған. Ырым бойынша қойдың немесе серкенің жіңішке ішегі жуылып, мойнына байланады. Сол сәтте шешен қария немесе ақ тілекті адам: «Мына баланың тілі шешілсін, сөзге жүйрік болсын» деп, ішекті кесіп тастайды. Бұл – баланың тілі ашылып, еркін сөйлеп кетсін деген ниет. Әрі тілімен нәсіп табатын, жұртты сөзімен ұйытатын шешен болсын деген тілекпен жасалатын ізгі ырым. Ырымнан бөлек, мұны баланың сөйлеу қабілетіне қоғамның, ортаның, үлкендердің мән беруі деп қабылдаған жөн. Бұл – тіл мен сөзді қадірлеудің, баланың болашағына бейжай қарамаудың ұлттық үлгісі.