Қытайда туып, бокстан сол елдің намысын қорғап жүрген қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан 80 келіде Азия ойындарының чемпионы атанды. Бір қызығы, Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бокстан алтын алған жалғыз қазақ та осы Тоқтарбек болып тұр. Жарыстан кейін ол қазақ халқына аз-кем ришалығын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстандағы барлық бауырластарыма жалынды сәлем айтамын. Үнемі қолдап, қуаттап отырасыздар. Бүгін Азия ойындарында топ жардым. Осы жеңісіме қуанып жатқандарына ризашылығымды білдіремін. Тілектеріңіз қабыл болды, - дейді Тоқтарбек Таңатқан.
Ол осы Азия ойындарының 1/8 финалында жерлесіміз Нұрбек Оралбайды жарыс жолынан шығарған еді. Екеуі жалпы бірнеше рет шаршы алаңда кездескен. Бұған дейін Өзбекстандағы әлем чемпионатының финалында Оралбайдың бағы жанған. Осындай екі мықтының жолы ерте түйіскеніне қатысты да пікір білдірді.
Бұл Париж Олимпиадасының іріктеу турнирі. Сондықтан рейтингке қарамай, қоя салған. Өкінішті. Қазақ боксшыларымен жақсы қарым-қатынастамын. Жарыс кезінде амандасып, жағдайымызды сұрап тұрамыз, - дейді боксшы.
Спортшы финалда танымал филиппиндік боксшы Эумир Феликс Марсьяльмен жұдырықтасты. Бірінші раундта филиппиндік боксшы Тоқтарбекті нокдаунға жіберіп, бес төреші соған дауыс берді. Екінші кезеңде Тоқтарбек қарсыласын нокдаунға түсіріп, таразы басын теңестірді. Жалпы есеп 5:0-мен қытайлық қазақ жеңіске жетті.
Оған дейін Тоқтарбек жартылай финалда жастар арасында 2022 жылы өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, өзбекстандық Турабек Хабибуллаевты 4:1 есебімен тізе бүктірді.