Тілек Нағызхан: Етікші болу – ерінбегеннің емес, ердің ісі

22 Қараша, 17:30 406

Қазақта «Ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Бірақ, бұл салада еңбекқорлықпен қатар, ептілік те керек. Нәзіктік пен төзімділікті талап ететін бұл кәсіпті екінің бірі дөңгелетіп әкете алмайды. Ол үшін табандылық пен темірдей жүйке керек. Осының бәрін бойына жинап, қазақы нақыштағы және күнделікті киіске арналған аяқ киім тігіп жүрген шебердің бірі – Тілек Нағызхан. Машақаты көп кәсіптің туын ұстап, дамуына атсалысып жүрген ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсіп, сұрақтарға жауап алдық.

El.kz: Тілек аға, ерекше өнердің ізін жалғап, қолыңыздан ұлттық нақыштағы аяқ киімдерді жасайсыз. Ал бұл кәсіпке қалай келдіңіз? Арнайы білім алдыңыз ба? Жоқ әлде бұл атадан қалған кәсіп пе?

Тілек Нағызхан: Бұл кәсіпті атадан дарыған деп айта алмаймын. Себебі, бұны ата жұртқа келгеннен кейін ғана қолға алдым. Өзім қытайдың Тарбағатай өңірінде туып, 2013 жылы елге қоныс аударып, Жетісу облысы, Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылына келдім. Содан бері осы ауылдың тұрғынымын. Ата жұртқа келгеннен кейін әр түрлі істің басында жүрдім. Мототехниканы да жөндеп, қосалқы бөлшектерін де сатып көрдім. Әрине ол маусымдық жұмыс болған соң мардымды болмады. Ал менің ойымда қысы-жазы тоқтамайтын кәсіппен айналысу болды. Сосын Қазақстанда осы аяқ киім саласының ақсап тұрғанын, оған сұраныс бар екенін аңғардым да, неге бастап көрмеске деп ойландым. Шеберлікке сәл икеміміз болғанымен өмірі жасап көрмеген жұмысты бастау қиынға соқты. Кімнен үйренсем болады деп жүргенде көрші ауданда етік тігетін ақсақалға жолығып, үйренуге бел байладым. Сөйтіп, күніне 35-40 шақырым жолды еңсеріп әлгі ақсақалдың үиіне бір жарым ай барып, етікшіліктің қыр-сырын меңгердім. Мен ол кісіге шәкірт болып, ол кісі де білгенінің бәрін тегін үйретті. Атамыз маған бұл кәсіпті бастау үшін не керектігін айтып, тіпті қытайдан тігін машиналарына да тапсырыс беріп, аяқ киім тігуге керекті деген заттардың біразын алдыртуға қолұшын созды. Сөйтіп, осыдан сегіз жыл бұрын осы кәсіпті бастап кеттім. Үш-төрт жыл ұлттық нақыштағы етіктерімізді тігіп жүрдім де, бұл өнерді одан ары шыңдау керек деп шештім. Ол кезде Астанадағы Самғау бауырымыздың ісі өрге басып тұрған кез еді. Сол жігітке келіп шеберлігімді шыңдап қайттым. Қазіргі деңгейге жетуіме сеп болған жігіттердің де бірі сол.   

El.kz: Қандай жұмыс болмасын өзіне ғана тән қиындықтары болатыны даусыз. Сіздің жұмысыңыздың қиын тұсы қандай?

Тілек Нағызхан: Негізі етікшіліктің ұсақ жұмыстары көп. Қазақтың «ерінбеген етікші болады» деген сөзінің толықтай жаны бар. Талай адам етікші боламыз деп келіп, қайта шығып кетті ғой. Бұл кәсіппен тек шыдамды, жүйкесі темірдей адамдар ғана айналыса алады. Кәсіпті қолға ала салып ақша тауып кетем деу де етікшілікке тән емес. Ақша табу жағын кем дегенде 4-5 жылға жоспарлайсың. Ал оған дейін тек шеберлігіңнің шыңдалуына жұмыс істейсің. Ал бұл кәсіпте бірер жылда бірден арнаға түсіп кету қиындау.  Бұл табанды, тыңғылықты еңбекті қажет ететін кәсіп.

El.kz: Бұл кәсіпті ең алғаш бастағанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Оларды қалай еңсердіңіз?

Тілек Нағызхан: Өте қиын болды деп айта аламын. Айналып келгенде бәрі ақшаға тіреледі ғой. Бастапқыда қажетті техникалар мен керек-жарақты алатын қомақты қаржымыз да болмады. Тігін машинасын сатып алғаннан кейін де тіккен аяқ киімдерім дұрыс шықпай әбігерге түсірген сәттер де көп болды. Кейбір адамдар құлшыныспен бастаған жұмысын алғашқы қиындыққа тап болғанда тасап кетеді. Оның артында сенімсіздік жатады ғой. Ал мен осы кәсіптен түбі бірдеңе шығатынана сенімді болдым. Оның болашағына сенім арттым да, бұл саланың маған берері мол, шыдауым керек, шыңдалуым керек деп өз-өзімді қамшылап отырдым. Осылай біраз қиындықтан өтіп бүгінгі дәрежеге жетіп отырмыз. Қазір бір кісінің меншігін жалға алып жұмыс жүргізудемн. Жұмыс істейтін және еңбекшілердің шәй ішетін кішігірім орыны ғана бар.

El.kz: Үйдің жақсы болуы ағашынан дейді ғой. Ал аяқ киімнің сапалы әрі жақсы болуы неге байланысты?

Тілек Нағызхан: Аяқ киімнің сапалы болуы ең бірінші шеберге байланысты. Материал қанша жақсы болғанымен шебердің шеберлігі болмаса дұрыс аяқ киім шықпайды. Оның әрбір тігісіне жіті мән беріп, дұрыстап қарау керек. Бағана айтқанымдай ұсақ жұмыстарына көңіл бөлмесең, еңбегің еш кетуі де мүмкін. Сондықтан тігетін жерін тігіп, ұратын жерін балғамен ұрып, қадағалап отырып жасаймыз. Жұмысы ұсақ болғаннан кейін нәзіктікті тапап етеді. Әр жұмысын ерінбей, тиянақты істеу керек. Содан кейін барып жасалған материалына, яғни таза тері мен табиғи жүнге байланысты. Мәселен, біз қыстық етіктің ішіне арнайы тазаланып жуылған меринос қойдың терісін, ал сыртына сыйыр терісін қолданамыз. Ал табанын өзіміз қолдан жасаймыз. Сол үшін де біздің етіктерге сұраныс көп. Тапсырыс берген адамның аяғының өлшеміне ыңғайлап табан кесіп, салып береміз. Ал ол аяққа өте жайлы болады.

El.kz: Керекті материалды қайдан аласыз? Қазақстанда бар ма?

Тілек Нағызхан: Біз негігінен желім мен аяқ киімнің табанына жабыстыратын арнайы бір затты шетелден алдырамыз. Ал терілер негізінен өзіміздің отандық өнімдер. Аяқ киімнің қалыптарын Түркиядан алдырттық. Қытайдікі арзан болғанымен дұрыс емес, аяқты қысуы мүмкін. Сондықтан, тұтынушылар үшін арзан қалыптарға жоламай сапалы, қымбатырағын қолданамыз. Бір аяқ киімді жасауға шамамен екі-үш күн уақыт кетеді. Сондықтан да біздің етіктердің бағасы қымбатырақ. Бірақ соған лайықты. Айтқанымдай, табанын қолдан жасаймыз ғой. Ал зауыттан келетін табанды қолданар болсақ бір адам күніне алты-жеті етікті оңай тіге алады. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Сол үшін екі бағытты да алып келеміз. Біреуі табанды қолдан жасаса, екіншісі ауыттан келетін дайын табанды қолданады. Жалақысын да өздерінің істеген жұмыстарына қарай пайыздық есеппен алады.   

El.kz: Бәрін қолдан тігеміз деп жатырсыз. Сіздің еңбегіңіз халық арасында қаншалықты бағаланады?

Тілек Нағызхан: Аллаға шүкір тапсырыс көп. Қолымыз босамайды. Халық та қолдың еңбегін жоғары бағалайды. Оның үстіне қазір қыстық етіктердің маусымы ғой. Тіпті, былтыр ала алмай қалған кісілер де биыл ертерек тапсырыс беріп алып жатыр. Біздің етіктерді көбіне Астана, Өскемен, Семей, Ақтау, Маңғыстау сынды қысы қатал аймақтардың тұрғындары көп алады. Тапсырыстарды әлеуметтік желі арқылы қабылдаймын. Дайын болған етікті еліміздің қай түкпірінен тапсырыс берсе де жеткізіп береміз.

El.kz: Жұмысты бастағалы сегіз жыл болды дедіңіз. Осы уақытқа дейін шәкірт тәрбиеледіңіз бе?

Тілек Нағызхан: Көп шәкірт тәрбиеледім деп айтпаймын. Бірақ осы уақытқа дейін алты-жеті адамға өз білгенімді үйреттім. Арасында осы кәсіпті ары қарай дамытып, дөңгелетіп әкеткендері де бар. Мәселен, Қызылордалық шәкірдім менен білгенімді үйреніп, өз аймағында жеке кәсібін ашып, жұмысын жалғастырып кетті. Қазір ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетіп үлгерген. Шәкірттерім көбіне орта жастағы жігіттер болды. Ал жастар жағы бұл салаға көптеп келе бермейді. Өйткені бұл жұмысқа жастардың жүйкесі шыдай бермейді. Арасында өнерге, шеберлікке жақын бірен-сараны болмаса, көбі тастап кетеді. Оның үстіне осы аяқ киім саласы біздің елде қатты дамымаған ғой. Бұл сала бізге қарағанда Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолияда жақсы дамыған.

El.kz: Өз сөзіңізде бұл салаға келуге қызығушылық танытатын жастардың қарасы көп емесдедіңіз ғой. Сіздің ойыңызша бұл саланың болашағы қандай?

Тілек Нағызхан: Мен тек маған келген шәкірттер жөнінде ғана айта аламын. Жастардың бұл салаға қызығушылығы мүлдем жоқ дегеннен де аулақпын. Себебі, осы кәсіптің басы-қасында жүрген тек мен ғана емеспін ғой. Басқалардан бәлкім жастар келіп үйреніп жатқан шығар. Бірақ маған көбіне сол орта жастағылар келеді. Бірақ сол, айналып келгенде осы саланың жұмысын аяғына дейін жеткізуге жастардың жүйкесі шыдамайды деп ойлаймын. Бұл менің өз тәжірибемнен түйген ойым. Бұл машақаты өте көп жұмыс. Дегенмен, шетелдік кәсіпкерлер келгенше өзіміздің жігіттер халықты сапалы аяқ киіммен қамтамасыз етсе деп ойлаймыз. Бәсеке болған жерде даму бар. Біз сияқты кішігірім шеберханалар көбейсе, солардың бірі болмаса бірі үлкен цехқа айналмасына кім кепіл. Ал ол дегенің өз еліміздің қажеттілігін қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік ашары сөзсіз.

El.kz: Бұл саланы дамыту үшін, ұлттық нақышты сақтап қалу үшін не істеу керек?

Тілек Нағызхан: Ол үшін әрине еңбек ету керек. Ұлттық нақыштағы аяқ киімдердің сәнін келтіру керек. Енді бұл жердегі мәселе тағы да қаржыға келіп тіреледі ғой. Мемлекеттен қолдау керек. Қазір осы саладағылар күйі келгенше тырысып жұмыс істеуде. Менің қолымда өтпей қалатын аяқ киім болмайды. Дегенмен де, үлкен көлемде тапсырыс алып, оның айналымын арттыру үшін мемлекеттің қолдауы болмаса, қарапайым етікшінің қаражаты жетпейді. Егер мемлекеттен жақсы қолдау көрсетілсе мен белгілі бір деңгейдегі ауқымды цехты ашып, жұмысын жандандырар едім деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін кішігірім гранттар ұтып алғанмын. Бірақ ол қаражат бұл шеберхананы үлкейтуге жетпейді. Оның үстіне етіктеріміздің сапасын одан сайын арттыру үшін қымбатырақ желімдерді де алғымыз келеді. Ал оған мүмкіндігіміз жете бермейді. Сондықтан қолда бардан сапасы сын көтеретін етік әзірлеп келеміз. Негізі жаздық аяқ киімдерді қыста, ал қыстығын жазда тігіп, қорабына салып дайындап қойса деймін. Бұл өте тиімді. Себебі, халық оң қолымен ақшасын беріп, сол жерде сол қолымен керегін алып кеткісі келеді. Қазір тапсырыс берушіні айлап, апталап күттірмейміз, дегенмен бір-екі күн күтуге тура келеді. Біздің шеберхана жұмыс күшінің аздығына байланысты қабылданған тапсырысты бірден бере салмайды.

El.kz: Алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар және оған жету жолында не істеп жатырсыз?

Тілек Нағызхан: Алға қойған мақсат көп. Соған жету жолында жұмыс істеп жатырмыз. Бұйырса, көктемге қарай Алматы жаққа көшсем бе деген ойым бар. Сол жақтан жер алып, шеберханамды үлкейтуді жоспарлап жүрмін. Осы шеберхананы үлкейтіп, ірі болмаса да еліміздегі орташа цехқа айналдыру арманым болып тұр. Самғаудың сабағынан өтіп жүргенде аяқ киімнің дизайнын жасауды үйреткен. Мен жасаған етіктердің бәрінің дизайнын өзім сызамын. Әрине кейбір жерлерін ғаламтордан қарап, алатын жері болса алып, ыңғайына да келтіріп, қазақы нақышта жасайтын кездер болады. Алға қойған тағы бір мақсаттың бірі жеке бренд қалыптастыру. Сол үшін осы жағын білетін адамдармен ақылдасып, сөйлесіп жатырмын. Уақыты келсе біздің етіктер де танымал болып, ел игілігіне қызмет етер деген ойдамын.

El.kz: Тілек аға, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Еңбегіңіз табысты болсын!

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: