Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі TikTok компаниясының вице-президенті Такуя Ямагучимен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Дархан Қыдырәлі министрлік компаниямен тұрақты түрде қарым-қатынас орнап отырғанын айтты.
«Біздің Тео Бертран мырзамен 2022 жылғы қазан айындағы кездесуімізден кейін TikTok-тың интерфейсі қазақ тіліне аударылғаны үшін компанияға алғысымды білдіргім келеді. Осы жетістікке тоқтап қалмай, интерфейстің қазақ тіліндегі функцияларын одан әрі кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыруға ниеттіміз», - деді министр.
Сондай-ақ министр TikTok-тағы видеоконтентті автоматты түрде қазақшаға аудару, жалпы желідегі мәзірі түгелімен мемлекеттік тілге тәржімалау мәселесін көтерді.
Қазір Парламентте талқыланып жатқан «Онлайн-платформалар және интернет жарнама туралы» заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Дархан Қыдырәлі заң жобасы аясында әлемдік онлайн платформа иелерімен ынтымақтастықты, әсіресе, қазақ тіліндегі контентті модерациялау мен монетизациялауға мән берілетінін айтты. Мәселен, министр TikTok-те контент жасағаны үшін Creator Fund арқылы қаржы алатындар қатарына Қазақстанды қосу қажеттігін жеткізді.
Такуя Ямагучи министр көтерген мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін айтып, Қазақстандағы медиа саланың жұмысына оң баға берді. Бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді. Оған қоса, компания өкілдері Тиктоктың кибербулингке қарсы жұмыстарын тоқталып, контентті локализациялау жөнінде де қадағалау жүргізілетінін жеткізді. Жуырда Астана мен Алматыда компанияның өкілдігі ашылады.
TikTok-тың Орталық Азия лайф стриминг бойынша бас менеджері Вега Сонг Қазақстанда тиктокерлердің көптеп шығып жатқанын, әсіресе, тікелей эфир форматына көп көңіл бөлінетінін айтты.
Өз сөзінде Дархан Қыдырәлі желіде кәмелетке толмағандарды тіркеу саясатын қарау бойынша жұмыс жүргізуді ұсынып, қонақтарды 20-21 маусымда Астанада өтетін Халықаралық волонтерлер форумына шақырды.