TikTok-қа тыйым салу: Қытай үкіметі Илон Маскты пайдаланбақ

Кеше, 17:06 311

Қытай үкіметі АҚШ-та «TikTok» қосымшасының тыйым салынуына жол бермеу мақсатында оның америкалық бөлімшесін миллиардер Илон Маскқа сату жоспарын қарастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі cnbc.com-ға сілтеме жасап.

Bloomberg-тің мәліметінше, жоспарға сәйкес Илон Маск «X» платформасын да, «TikTok»-тың АҚШ-тағы бизнесін де басқаратын болады. Алайда қытай үкіметінің лауазымды тұлғалары бұл жоспардың жүзеге асатыны немесе аспайтыны туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқ, себебі бұл – Қытай тарапынан қарастырылып жатқан бірнеше нұсқаның бірі.

АҚШ-тың Жоғарғы соты «ByteDance» компаниясынан «TikTok» қызметін АҚШ-та 19 қаңтарға дейін тоқтатуды талап ететін заңды қолдау немесе қолдамау туралы шешім шығаруы тиіс. Осы мерзімнен кейін интернет қызметін жеткізушілер қытайлық әлеуметтік платформаның Америкадағы қызметін қолдағаны үшін айыппұл төлейтін болады.

«TikTok»-тың заңгерлік тобы бұл заң миллиондаған америкалық қолданушылардың сөз бостандығы құқығын бұзады деп мәлімдесе, АҚШ үкіметі «TikTok»-тың қытайлық «ByteDance» компаниясына тиесілі болуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтты. Жоғарғы соттың АҚШ үкіметі ұстанған позицияны қолдауы мүмкін екені болжанып отыр.

Бұған дейін Трамп ұсынған бас прокурор Джон Сауэр Жоғарғы соттан «TikTok» ісіне қатысты шешім қабылдауды жаңа президенттің қызметке кіріскеннен кейінге қалдыруды сұраған болатын.

Дональд Трамптың «TikTok»-қа қатысты риторикасы 2024 жылдың ақпанында миллиардер Джефф Ясспен кездескеннен кейін өзгерді. Джефф Ясс – республикалық партияның ірі демеушісі әрі «ByteDance»-тің ірі инвесторы, сонымен қатар Трампқа тиесілі «Truth Social» компаниясының үлесіне ие тұлға.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: