Тігін цехының иесі: «Отбасым – менің шамшырағым, ең үлкен мотивациям»

Тігін цехының иесі: «Отбасым – менің шамшырағым, ең үлкен мотивациям»

Кәсіпкерлік – тек табыс табу көзі ғана емес, қоғамға пайдалы іс бастаудың жолы. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл – өз еңбегімен өмірге араласудың, қоғамға пайдасын қосудың үлкен мүмкіндігі. El.kz тілшісі осы бағытта тәй-тәй басқан алғашқы қадамдарын жасап жатқан Түркістан облысы, Кентау қаласындағы тігін цехының басшысымен сұхбаттасып, олардың арманы мен алдағы жоспарларын білген еді. 

El.kz: Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

Дастан Орынбасаров: Туған жерім – Түркістан облысы Кентау қаласы. Қазір жасым елу бірде. Өмірімде оңай соқпаған сынақтар болды. Бірінші топ мүгедегімін, он сегіз жылдан бері арбаға таңылып келемін. Мұндай жағдайға шахтада жұмыс істеп жүрген кезімде тап болдым. Сол уақытта Қарағанды облысы, Жайрам деген ауылдағы шахтада еңбек ететінмін. Екі омыртқамнан ауыр жарақат алып, еңбекке байланысты жазатайым жағдайға тап болдым. Ол кезде небәрі отыз екі жаста едім. Жас күнімнен еңбекке араласып, ел қатарлы жұмыс істеп жүріп, осындай ауыр жарақатқа тап болғаным – өмірімді күрт өзгерткен кезең болды.

Бұл сынақ маған бір сәтте бәрін қайта бағамдауға, өмірге басқа қырынан қарауға мәжбүр етті. Бірақ еңбек жолында алған жарақат болса да, еңбекке деген құрметім, жұмысшы адамға деген сыйластығым әлі күнге дейін жоғалған жоқ.

El.kz: «Ақниет» мүгедектер мен зағип жандардың қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы екенсіз. Осы қор туралы айта кетсеңіз. Қашан құрылды, нақты немен айналысады?

Дастан Орынбасаров: Қордың тарихы тым ұзақ болмаса да, жүректен шыққан шынайы ниетпен құрылған ұйым. Қордың құрылғанына бар болғаны екі-үш жылдай уақыт өтті. Басты мақсатымыз – тағдырдың сынағына түсіп, арбаға таңылған азаматтарға, сонымен қатар түрлі себептермен мүмкіндігі шектелген жандарға, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету, демеу болу.

Өздеріңіз білесіздер, қазіргі заман оңай емес. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тіпті ауыр. Мысалы, бір ғана Кентау қаласында бүгінде 114 арбаға таңылған жан бар. Ал жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 8500-ге жуықтайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Республика көлемінде ең көп мүгедектігі бар адамдар Түркістан облысында тұрады, олардың саны 98 500 адамға жетеді. Бұл сандар – жай ғана статистика емес, әрқайсысының артында тағдыр, отбасы, күнделікті күйбең тіршілік жатыр.

Мен өзім де арбаға таңылған жан болғандықтан, олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын жақсы түсінемін. Кейде азық-түлікке ақша таппай, нансыз қалған күндеріміз де болды. Сондай қиындықтарды бастан өткергеннен кейін «басқаларға да қол ұшын созу керек» деген ой келді. Сол себепті біз осы қорды құрдық.

Қордың басты бағыты – әлеуметтік жағдайы төмен мүмкіндігі шектеулі  жандарға  азық-түлікпен, тұрмыстық қажеттіліктермен көмек беру. Соның ішінде арбаға таңылған адамдардың жағдайы екі есе қиын. Мемлекеттен берілетін жәрдемақы бар, иә, бірақ ол жеткіліксіз. Мәселен, біз қазір мүгедектік бойынша айына жүз мың теңге аламыз. Бірақ қымбатшылық қысқан заманда ол қаражат неге жетеді? Оның үстіне дәрі-дәрмегіміз бар, киіміміз бар, бала-шағамыз бар. Сол азғантай қаражатты не балаға жұмсаймыз, не дәрімізге жеткіземіз – бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан біз қор арқылы қолдан келгенше қайырымды істер жасауға тырысамыз. Әрбір берілген азық-түлік, әрбір жасалған көмек – тек материалдық емес, ең алдымен рухани демеу. Өйткені мұндай жағдайда адамдарға ең алдымен қоғамның назарда ұстап, қолдау білдіргені керек.

Қорды құрудағы ең басты ойымыз да осы – қоғамда мейірім көбейсін, қиындыққа тап болған жандар жалғыз қалмасын. Біз өзіміз сол жолдан өтіп келе жатқандықтан, өзгеге жәрдемдесудің қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз.

Фото: Дастан Орынбасаровтың жеке мұрағаты

El.kz: Қайырымдылық қорға демеушілер қолдау көрсетіп тұрады ма?

Дастан Орынбасаров: Иә, бізге қол ұшын созатын демеушілер табылады, бірақ ол өздігінен келіп жатқан көмек емес. Біз өзіміз жүгіріп жүріп табамыз. Қаламыздағы кәсіпкерлердің бәрін дерлік аралап, олардың мекемелеріне, тіпті үйлеріне барамыз. Кейде шыны керек, қазақша айтқанда, дорбасын сүйреп жүрген дуанадай болып, жалынып-жалбарынып қолдау сұраймыз. «Мына мүмкіндігі шектеулі жандарға, арбаға таңылған азаматтарға, ерекше балаларға көмектессеңіздер екен» деп өтініш жасаймыз. Өйткені өзіміздің жағдайымыз белгілі – кәсіпкер емеспіз, күнделікті нәпақамызды әрең тауып отырған арбаға таңылған адамдармыз.

Жылына екі-үш рет осылай кәсіпкерлерді аралап, «қайырымдылық жасасаңыздар, ол үлкен сауап іс болады» деп жеткізуге тырысамыз. Біз бұл істе тек материалдық көмек сұрап жүрген жоқпыз, ең бастысы – адам баласының жүрегінде мейірім оятуды көздейміз. Ислам ғұламасы Әбу Дәуіттің айтқанын әрқашан алға тартып жүремін: «Кім мүмкіндігі шектеулі адамға бір күн қамқор болса, оның жарты күнәсі кешіріледі. Ал егер біреу қайырымдылық жасап жүріп, бақилық болса, Фирдауси жаннатынан орын бұйырады», – дейді. Осындай ұлағатты сөздер бізді қанаттандырады, демеушілерге де ой салады.

Өзіміз арбаға таңылсақ та, сауапты істі тоқтатпаймыз. Жыл сайын екі-үш мәрте қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырамыз. Әсіресе, маусым айында – Балаларды қорғау күні біз үшін дәстүрге айналған үлкен шара бар. Сол күні ерекше балалардың басын қосып, концерттік бағдарлама өткіземіз, дастархан жайып, қуаныш сыйлаймыз. Бұл игілікті іс-шараны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып жүрміз. Әдетте 200 балаға дейін қамтып, әрқайсысына сыйлық беріп, көңілдерін көтеруге тырысамыз.

Бұл – тек бір күндік қуаныш емес, олардың жүрегінде ұзаққа сақталатын ізгі естелік. Біз үшін де сол балалардың қуанышты жүзін көруден артық бақыт жоқ. Ал демеушілердің қолдауы – осындай үлкен істердің жалғасуына мүмкіндік беретін басты тірек.

El.kz: Мемлекет қолдауы арқылы тігін цехын ашқан екенсіз. Онда жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Иедя қайдан туды?

Дастан Орынбасаров: Бұл идеяның тарихы сонау кеңес дәуірінен бастау алады десем болады. Кентау қаласында кезінде «Соқырлар қоғамы» деген қоғамдық бірлестік болған. Сол бірлестікте зағип жандар жұмыс істеп, тігін тігіп, күн көрген. Олар төсек-орын, қолғап, матрас,  секілді тұрмыстық бұйымдарды өз қолдарымен дайындайтын. Сол заманда мемлекет тарапынан арнайы қаржыландырылып, оларға барынша қолдау көрсетілген еді. Елу-алпыс жыл емес, сексен жылға жуық тарихы бар үлкен ұйым болатын ол.

Кейін сол бірлестікте еңбек еткен кейбір азаматтар бізге келіп, жағдайларын айтты. Сол кезде мен ойға қалдым: «Бұл жандар неге  төрт қабырғаның ішінде қамалып отыруы керек? Неге қоғамнан оқшау қалуы тиіс?» деген сұрақ мазалады. Өзім де мүгедектік жағдайды бастан өткеріп отырған соң, олардың күйін жақсы түсінемін. Сондықтан да «осы азаматтарға қосымша табыс табуға мүмкіндік жасап, қоғаммен араласып, өздерін пайдалы адам ретінде сезінуіне жағдай жасайық» деген ой келді.

Осы идея пісіп-жетілген соң, оны жүзеге асыру үшін облыс басшылығына бардым. Ол кезде өңіріміздің әкімі – Өмірзақ Шөкеев еді. Қабылдауына кіріп, ойымды ортаға салдым. Кейін әкім ауысқанда, Дархан Сатыбалдыға да осы бастамамды жеткіздім. Әрине, бұл жобаны мемлекет тарапынан толықтай қаржыландыра алмады, себебі ол коммерциялық жоба саналды. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Ақыры өзім жүгіріп жүріп, төмендетілген пайызбен 5 миллион теңге несие алдым. Сол қаржыға ғимарат салып, тігін цехын аштым. Бүгінде сол жерде мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек етіп жүр. Олар тек тігін тікпей, өмірге деген құлшынысын, сенімін қайта тапқандай.
Менің мақсатым – бұл азаматтар өзін қоғамға қажет сезінсін, өз еңбегімен табыс тауып, отбасына көмек болсын. Әркімнің маңдай терімен тапқан наны – ең тәтті несібе. Біз соған жағдай жасауға тырыстық.

El.kz: Төмендетілген пайызбен несие деп отырғаныңыз, «Қорған» мемлекеттік бірлестігінің бағдарламасы ма? Әлде ол бөлек пе?

Дастан Орынбасаров: «Қорған» мемлекеттік бірлестігінің бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы грант қарастырылған. Ол қайтарымсыз түрде беріледі, бірақ көлемі аса үлкен емес, шағын ғана қолдау. Биыл өзім де соған қатысып, бір миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алдым. Сол қаржыға төрт тігін машинасын сатып алып, цехтың алғашқы жұмысын бастауға мүмкіндік туды. Бұл – біздің ең бірінші нақты қадамымыз болды.
Ал бес миллион теңге көлеміндегі қаражатты бөлек, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы арқылы төмендетілген пайызбен, яғни 2,5 пайызбен несие ретінде алдым. Ол үшін үйімді кепілге қойып, тәуекелге баруға тура келді. Несие қаражатына алдымен ғимарат салып шықтым. Өйткені тігін цехын ашу үшін ең алдымен орын керек. Содан кейін тағы да бір миллион теңгеге қосымша тігін машиналарын сатып алдым.

Осылайша, грант пен несиені ұштастыра отырып, тігін цехының жұмысын жолға қойдық. Бір жағынан мемлекет қолдауы болса, екінші жағынан өзіміздің тәуекеліміз бен еңбегіміз қосылды. Бастапқыда қиындықтары көп болса да, бүгінгі күні ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс беретіндей жағдай жасап отырғанымызға қуанамыз.

El.kz: Қазір тігін цехында неше адам жұмыспен қамтылып отыр?

Дастан Орынбасаров: Қазіргі таңда біздің тігін цехымызда сегіз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ең бастысы – олардың барлығы да мүмкіндігі шектеулі жандар. Біз үшін бұл жай ғана жұмыс орны емес, ерекше жандарға қоғамға бейімделуге, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жол ашатын маңызды қадам. Олар мұнда күнделікті еңбек етіп, өз қолдарымен тігін өнімдерін шығарады, табыс табады. Бұл – олардың отбасына да, өздеріне де үлкен демеу. Әрі ең бастысы, өздерін қоғамға қажет сезініп, бойларындағы қабілеттерін көрсетіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі болса да, олардың да қолынан іс келеді, олар да қоғамға пайдасын тигізе алады деген ойды дәлелдеп жүр. Тек қана тігін тігіп қана қоймай, бір-бірімен араласып, өмірге деген құлшынысы артып, өздеріне деген сенімі нығайып келеді. Бұрын төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан оқшау жүрген жандар қазір ортаға шығып, еңбекке араласуда. Бұл – олардың психологиялық тұрғыдан да сауығуына, алға ұмтылуына үлкен әсер етуде. Яғни, біздің тігін цехы – қарапайым кәсіпкерлік нысан ғана емес, адамдардың тағдырын өзгертетін, оларға жаңа мүмкіндік сыйлайтын орталыққа айналып отыр.

Фото: Дастан Орынбасаровтың жеке мұрағаты

El.kz: Тігін цехында жұмыс істейтін тігіншілердің жас ерекшеліктері қалай?

Дастан Орынбасаров: Біздің тігін цехында еңбек етіп жатқан жандардың барлығы да жас жағынан зейнет жасына жетпеген, орта жастағы адамдар. Нақтырақ айтқанда, олардың жасы шамамен 45-50 аралығында. Бұл кезең – адамның әлі де еңбекке қабілетті, қолынан іс келетін шағы. Сол себепті олардың жұмысқа деген ынтасы да жоғары, әрқайсысы өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Олардың барлығы екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Дегенмен көпшілігі өздігінен жүріп-тұра алады, күнделікті тұрмысын өздері атқарады. Тек бір ғана азаматымыз арбаға таңылған, бірақ ол да бар күш-жігерін салып, өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындайды.
Мен үшін ең қымбаты – олардың еңбекке деген ниеті. Шын мәнінде, олардың бойындағы қажыр-қайрат – өзгелерге үлгі. Осы арқылы біз «мүгедектік – еңбекке кедергі емес» екенін дәлелдеп жүрміз.

El.kz: Қазіргі таңда тігін цехында қандай бұйымдарды шығарып отырсыздар?

Дастан Орынбасаров: Бүгінгі күні біздің тігін цехымызда түрлі бағыттағы тігіледі. Ең алдымен, ұлттық нақыштағы дүниелерге басымдық беріп отырмыз. Қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан құндылығы – құрақ көрпе. Біз құрақ көрпенің сан алуан түрін тігеміз. Әр оюы мен өрнегі қазақы дәстүрдің айнасы болғандықтан, оған да тапсырыс түседі. Сонымен бірге қазақтың ұлттық киімдерін, қыз жасауының құрамына кіретін түрлі бұйымдарды да әзірлейміз. Қазақша көйлектер, камзолдар тігіп, халықтың көңілінен шығуға тырысамыз.
Одан бөлек, тұрмыста қажет қарапайым бұйымдарды да тігудеміз. Мәселен, перде, төсек жабдықтары сияқты заттарға да тапсырыс түседі. Қолөнер бұйымдарына да ерекше көңіл бөлудеміз, себебі қазір қолөнерге қызығушылық артып келе жатыр.

Айта кетерлігі, жақында ғана біздің Түркістан облысына қарасты Қарнақ ауылынан арнайы тапсырыс түсті. Дін жолында жүргендер үшін мұсылмандық үлгідегі киімдер – астыңғы және үстіңгі киімдерін тігіп беріп жатырмыз. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе болды, әрі сұраныс әлі де бар.

Қысқасы, біз тек бір бағытпен шектелмейміз. Халықтың қандай тапсырысы түссе де, соған барынша бейімделіп, тігіп беруге тырысамыз. «Қолынан іс келетін адамға шектеу жоқ» дегендей, біз де қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы – біздің цехтағы әрбір бұйым шынайы еңбекпен, адал ниетпен жасалып отыр.

El.kz: Сұраныс қандай бұйымға көбірек?

Дастан Орынбасаров: Бүгінгі таңда халықтың талғамы да, сұранысы да айқын бір бағытқа ойысып жатыр. Соның ішінде, ең алдымен ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген қызығушылық ерекше жоғары. Әсіресе, қазақтың дәстүрлі киімдері мен әшекейлі сәукелелерге сұраныс көп түседі. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық киімдері – камзол, көйлек, шапан секілді дүниелерге де үлкен қызығушылық бар. Соңғы жылдары ұлттық мерекелер мен түрлі іс-шараларда осындай киімдерді кию сәнге айналды. Жастар да, орта буын да ұлттық нақыштағы сәнді киімдерді жиі тапсырыс беріп жатады. Ал тұрмыстық бұйымдар арасында құрақ көрпеге деген сұраныс бәсеңдеген емес. Қазақтың әр шаңырағында құрақ көрпе төрден орын алады. Оның әсемдігімен қатар, символдық мәні де зор.  

El.kz: Айтыңызшы, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау үшін цехта қандай мүмкіндіктер, бейімдеулер қарастырылған?

Дастан Орынбасаров: Біздің тігін цехында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасалған. Өйткені мен өзімнің де өмірлік тәжірибем бар, арбаға таңылғандықтан мұндай бейімдеулердің қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Сондықтан ғимаратты жабдықтап, цехты ашу барысында ең алдымен осы мәселені басты назарға алдым. Жұмыс орындары ыңғайлы етіп қойылған. Әр қызметкердің жағдайы ескеріліп, өзіне қолайлы биіктікте тігін машиналары орналастырылған. Яғни, мүмкіндігі шектеулі адам өзін қоғамнан бөлек сезінбей, басқалармен бірге еңбек етуіне мүмкіндік бар.

Фото: Дастан Орынбасаровтың жеке мұрағаты

El.kz: Цехтағы тігіншілердің кәсіби машығын жетілдіру үшін арнайы курстар мен оқыту жұмыстары ұйымдастырыла ма?

Дастан Орынбасаров: Цехымызды ашқанымызға көп болған жоқ, бар-жоғы екі-үш айдың жүзі ғана болды. Сондықтан жұмысымыз енді-енді жолға қойылып жатыр. Алғашқы кезеңде біз бұрыннан тігін ісін меңгеріп жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алдық. Олардың қолынан іс келеді, тәжірибелері бар. Бірақ заман өзгеріп жатыр, сұраныс та артып келеді, сондықтан кәсіби машықты үнемі жетілдіру маңызды. Осы мақсатта бір кәсіби маманды арнайы шақырып, ақысын төлеп, тігіншілерімізге мастер-класс ұйымдастырдық. Ол кісі бірнеше күн бойы қыз-келіншектерге жаңа әдістерді көрсетті, матамен дұрыс жұмыс істеудің қыр-сырын үйретті. Әсіресе ұлттық нақыштағы бұйымдар мен заманауи сән үлгілерін үйлестіру жолдарын, тігін машиналарымен тиімді жұмыс істеудің әдістерін үйретті. Алдағы уақытта да мұндай шеберлік сабақтарын дәстүрге айналдыру ойымызда бар. Өйткені кез келген кәсіптің дамуы үшін тоқтамай іздену, жаңа тәсілдерді меңгеру қажет. Бізге тапсырыс берушілердің талабы күн сайын өзгеріп отырады.  Тігіншілерімізге кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік беруді басты міндетіміз деп білемін.  

El.kz: Енді алдағы уақытта цехтың ауқымын кеңейту, жаңа бағыттарды қолға алу жоспарда бар шығар?

Дастан Орынбасаров: Иә, әрине, алдағы уақытқа арналған жоспарымыз үлкен. Ең алдымен тігіншілердің санын арттыруды көздеп отырмыз. Қазір бізде санаулы адам ғана жұмыс істеп жатыр, бірақ болашақта осы көрсеткішті 30 тігіншіге дейін жеткізсем деген арман бар. Бұл, біріншіден, цехтағы жұмыс көлемін арттырады, екіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, цехтың ауқымын кеңейтіп, қосымша тігін машиналарын алуды жоспарлап отырмыз. Жаңа құрал-жабдықтар алынса, өнім көлемі де, сапасы да жоғарылай түседі. Біздің басты мақсатымыз – сұранысқа сай әрі сапалы өнім шығару.

Тағы бір үлкен арманым – мемлекеттік тапсырыстарға қатысу. Өздеріңіз білесіздер, мүмкіндігі шектеулі жандардың бірлестіктеріне арнайы қарастырылған тендерлер бар. Сол тендерлерге қатысып, бәсекеге қабілетті өнім ұсынып көргіміз келеді. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Егер мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізсек, әскери киімдерді, полиция қызметкерлерінің формаларын, сондай-ақ ақ халатты абзал жандарға арналған арнайы киімдерді тігуге дайынбыз. Мұндай ауқымды жобаларға қатысу – біздің тігіншілер үшін үлкен тәжірибе әрі тұрақты табыс көзі болмақ.
Осы жоспарлардың барлығының түпкі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға толыққанды араласуына, өз еңбегі арқылы табыс табуына жағдай жасау. Біз үшін әрбір адамды еңбекке тарту, олардың қолынан іс келетінін дәлелдеу – ең үлкен жетістік болмақ.

El.kz: Қазіргі таңда өнімдеріңізбен тек Кентау қаласының ішін ғана қамтып отырсыздар ма? Әлде облыстың басқа аудан, қалаларынан да тапсырыстар түсіп жатыр ма?

Дастан Орынбасаров: Әзірге біздің жұмысымыз тек Кентау қаласының көлемінде ғана жүріп жатыр. Себебі біз үшін бұл істі бастау әлі жаңа қадам секілді. Облыстың басқа қалаларына шығу үшін қосымша қаржы мен үлкен қолдау қажет. Өйткені басқа өңірлерге өнімді жеткізу, тапсырысты орындау үшін жол шығыны, қосымша жұмыс күші, жаңа құрал-жабдықтар қажет болады. Оның бәрі белгілі бір деңгейде қаржылық қолдауды талап етеді. Ал әзірге біз мұндай мүмкіндікті өз күшімізбен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Қысқасы, бәрі қазір қаржыға тіреліп тұр.

El.kz: Ал тігіншілердің жалақысы қалай есептеледі?

Дастан Орынбасаров: Біздегі еңбекақы жүйесі – әркімнің істеген жұмысына қарай төленетін әділ жүйе. Яғни, тігіншілердің табысы тікелей тапсырыс көлеміне байланысты. Қанша тапсырыс түссе, соған қарай әр тігінші өз еңбегіне сай табысын алады. Бұл жүйе тігіншілерді ынталандырады. Себебі көп жұмыс істеген адам көбірек табыс табады, ал енді үйреніп жүргендерге де тәжірибе жинақтап, біртіндеп өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беріледі. Әзірге тапсырыс көлемі көп емес, бірақ болашақта жұмысымыз кеңейіп, тапсырыс арта түссе, олардың жалақысы да соған сай өседі деп сенемін.

El.kz: Өзіңіз де арбаға таңылып, қиындықтарға қарамастан осындай істі жалғастыруға қайдан жігер аласыз?

Дастан Орынбасаров: Иә, расында да кез келген істің қиындығы болады. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жан үшін кәсіп бастау, оны дөңгелетіп әкету оңай емес. Бірақ менің ең үлкен жігер беретін күшім – ол отбасым, бала-шағам. Алланың берген бір ұлы мен екі қызым бар. Солардың болашағы үшін еңбек етуге, барлығын жеңіп шығуға тырысамын. Балаларым өсіп келеді, екеуі студент, кенже қызым 5 жаста. Олардың дұрыс білім алып, ғылым-білімге ұмтылғанын, болашақта елдің бір кірпіші болып қаланғанын қалаймын. Абай атамыз «Әуелі өзің ғылымды бол» деп бекер айтпаған. Сол үшін мен балаларымның оқып-тоқып, қолдарына диплом алып, қоғамға өз пайдасын тигізетін азамат болғанын армандаймын. Осы арман мені алға жетелейді. Отбасым – менің шамшырағым, ең үлкен мотивациям.

El.kz: Жалпы елімізде кәсіптің дамуына кедергі болып отырған басты қиындық неде деп ойлайсыз?

Дастан Орынбасаров: Шынын айтқанда, денсаулығында ақауы жоқ, он екі мүшесі сау адамдардың өзінде кәсіп бастауға келгенде түрлі кедергілер кездеседі. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдарға бұл жол әлдеқайда ауыр. Өйткені мемлекет тарапынан бізге нақты жеңілдіктер қарастырылмаған. Салық болсын, несие болсын – бәрі бірдей талаппен жүреді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз гранттар көбірек берілсе, біз өз еңбегімізді әлдеқайда өнімді етер едік. Қазір банктерден 20-30 пайызбен несие алу мүгедек жандар үшін қолжетімсіз, төлеу мүмкін емес. Ал жеңілдетілген несие болса, қаншама идеяларымызды жүзеге асырар едік. Бізде ой бар, арман бар, тек қаржы қолбайлау.

El.kz: Ал өзіңізде грант пен төмендетілген несие алу жағы қалай болды? Қиындықтар кездесті ме?

Дастан Орынбасаров: Шағын грант болған соң ол жағынан қиындық болған жоқ. Әр облысқа бөлек бөлінеді екен, біз алғаш рет қатысып, сәтті алдық. Бірақ төмен пайызбен несие алу мәселесінде біраз кедергілер болды. Тіпті соңында қолымды бір сілтеп, күдер үзген кездерім де болды. Ақыры бес миллион несие алу үшін біраз әуре-сарсаңға түстім. Соңында өз үйімді кепілге қойып қана ала алдым. Үйді бағалау жасатып, барлық рәсімдерді орындағаннан кейін ғана қол жеткіздік. Бұл да оңайға соққан жоқ.

 

Фото: Дастан Орынбасаровтың жеке мұрағаты

 

El.kz: Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту қаншалықты қиын?

Дастан Орынбасаров: Бұл да оңай шаруа емес. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар өмірмен, тағдырмен, аурумен күресіп жүрген адамдар ғой. Көбісі психологиялық тұрғыда күйзелістен өтеді. Кейде агрессивті болып, өз пікірін ғана дұрыс санап кететіндері де болады. Бұл – олардың ішкі жан дүниесіндегі ауыртпалықтың белгісі.  Мысалы, кеше ғана өздігінен жүріп-тұрып жүрген адамның аяқ астынан арбаға таңылуы қандай ауыр соққы екенін елестетіп көріңіз. Ол – қанаты қиылған құстың халіндей. Мұндайды сау адам қанша тырысса да толық түсіне алмайды. Сондықтан ондай адамдармен жұмыс істегенде үлкен сабыр, түсіністік пен төзім керек.

El.kz: Мемлекет тарапынан тағы қандай қолдау болса екен деп ойлайсыз?

Дастан Орынбасаров: Біз мемлекеттен бәрін дайын берсін деп отырған жоқпыз. Бізге тек белгілі бір қолдау болса жеткілікті. Мысалы, салық жағынан жеңілдік жасалса, төмен пайызды несие берілсе, біз өз еңбегімізді өзіміз-ақ алып кетер едік. Өйткені бізде уақыт та бар, идея да бар. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Мысалы, Мансап орталықтарына миллиондап қаржы бөлінеді, бірақ ол қаржының қайтарымы аз. Олар көбіне адамдарды уақытша ғана жұмыспен қамтиды. Ал біз сияқты бірлестіктерге қаржылай қолдау көрсетілсе, нақты нәтижесін берер еді. Себебі біз мүмкіндігі шектеулі адамдарды тұрақты жұмысқа тартып, оларға жағдай жасауға дайынбыз. Егер мемлекет бізді серіктес ретінде қолдап, белгілі міндеттер қойса, біз шынымен де көптеген мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға қабілеттіміз.

El.kz: Соңғы сұрақ, қоғамның, қарапайым халықтың мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы қалай?

Дастан Орынбасаров: Әр адамның ойлау қабілеті, сана деңгейі, өмірлік тәжірибесі әрқалай. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді, енді біреу қолдау білдіргісі келмейді. Әрине, жанашыр азаматтар жоқ емес, бар. Бірақ «сендерге қандай көмек қажет, қандай идеяларың бар, қоғамға не бере аласыңдар, мемлекет үшін қандай істер атқара аласыңдар?» деп шын ниетпен сұрап, қызығушылық танытып жатқан адамдарды кездестірмедік. Өз басым соңғы төрт жыл ішінде ондайды көрмеппін. Көбінесе біз өзіміз жүгіріп, өзіміз ізденіп жүрміз. Арбаға таңылсақ та, мүмкіндігіміз шектеулі болса да ойымыз, ақыл-санамыз шексіз. Алла Тағала ми, сана, ой берді, біз соның арқасында жоспар құрып, идея ойлап табамыз. 

Бізге қоғам тарапынан жанашырлық танытып, мүсіркеудің қажеті жоқ.  Бізге ең керегі – заң аясында тең мүмкіндік, әділдік және қоғам тарапынан сыйластық.

Ең бастысы, қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға әлсіз топ ретінде емес, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қараса дейміз. Олардың ойы, идеясы, арманы – дені сау адамдікінен еш кем емес. Бірақ, өкінішке қарай, кейде дені сау адамдар біздің жағдайымызды түсіне бермейді. Өйткені бастарынан өткермеген нәрсені сезіну қиын. 

Өмірдің өзі – күрес. Ал біз үшін бұл Алланың берген сынағы, маңдайға жазылған тағдыр. Біз осы сынақты қабылдап, сонымен өмір сүріп келеміз. Бірақ қоғамнан бізге керегі тек – түсіністік пен әділ көзқарас.

El.kz: Сырлы сұхбатыңызға көп рахмет! Істеріңізге сәттілік!