"Threads-тағы "дүмпу": ҚҚС-қа қарсы халықтық наразылық па әлде сырттан ұйымдастырылған манипуляция ма

"Threads-тағы "дүмпу": ҚҚС-қа қарсы халықтық наразылық па әлде сырттан ұйымдастырылған манипуляция ма

Өткен жұма күні Threads желісінде күтпеген жерден халықтың назарын аударған бір құбылыс орын алды. Лента толығымен 16%-дық қосылған құн салығын (ҚҚС) көтеруге қарсы жазбаларға толып, қоғамда түсінбеушілік тудырды. Бұған дейін желі қолданушылары мүлде басқа тақырыптарды – көрші елден келген музыканттың концерті мен оның продюсерінің даулы сөзі жайлы талқылап жүрген еді. Ал салық мәселесінің бір сәтте басты тақырыпқа айналуы табиғи көрінбеді, деп жазады El.kz интернет порталы nofake.kz сайтына сілтеме жасап. 

Күні бойы жарияланған жазбалар мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас болды: «НДС-ті алып тастайық», «Бағаның көтерілуіне қарсы шығайық» деген шақырулар. Әсіресе, қарапайым халыққа түсінікті тұрмыстық мысалдар жиі қолданылды. Шоколад Alpen Gold-тың мың теңгеден асқан бағасы, бензиннің 233 теңгеге жеткені, сиыр етінің 4500 теңгеден сатылып жатқаны секілді нақты көрсеткіштер жиі қайталанды. Сарапшылардың айтуынша, мұның бәрі қарапайым адамдардың назарын аударуға арналған әдіс. Себебі макроэкономикалық көрсеткіштерді көпшілік түсінбесе де, дүкендегі бағаны бәрі байқайды.

Белгілі саясаттанушы Әділ Сейфуллин бұл жағдайды кездейсоқ халықтық наразылық емес, алдын ала жоспарланған науқан деп есептейді. «Әдетте адамдар өз ойларын әртүрлі жеткізеді, ал мұнда мәтіндер тым ұқсас болды. Бұл – бір орталықтан басқарылған әрекеттің белгісі. Ал кейін оған шын қазақстандықтар да қосылып кетті», – дейді ол.

Саясаттанушы Марат Шибутов та бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, аталған «жұма толқынында» жасанды интеллект арқылы жазылған мәтіндер мен аноним аккаунттар ерекше белсенділік танытқан. «Қарапайым қазақстандықтар дәл сол күні НДС тақырыбын қызу талқылауы екіталай еді. Оның үстіне ол күні елде Backstreet Boys концерті өтіп жатқан болатын», – дейді ол.

Аномалиялардың тағы бірі – жаңа аккаунттардың көптеп пайда болуы. Олардың көбінде жеке контент жоқ, басқа тақырыпта пікір жазбаған, тек осы ҚҚС мәселесіне байланысты белсенділік көрсеткен. Кейбірі алдын ала дайындалған «ұйықтап жатқан профильдер» іспетті: бірнеше ай бойы тыныш тұрып, дәл сол күні кенеттен белсенділікке кірісті. Мұндай аккаунттар аз уақыт ішінде мыңдаған лайк жинап, күмән тудырды.

Тағы бір қызық жайт – кейбір аккаунт иелері Қазақстанда тұрмайды. Мәселен, Өзбекстанда тұратын немесе Лондонда жүрген адамдар Қазақстандағы ҚҚС-қа қарсы жазбалар жариялаған. Бұл да табиғи халықтық наразылықтан гөрі сырттан жасалған ақпараттық шабуыл екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, Threads-тағы толқынды қолдан жасаудың басты әдісі бірдей мәтіндерді көптеп көшіру болды. Тіпті кейбір жазбалар 100% бірдей қайталанды. Бұл – әдетте боттардың іс-әрекеті. Сонымен қатар, ресейлік белгілі оппозициялық медиа Ateo бұл тақырыпты өз платформасында көтеріп, «Қазақстанда митинг басталды» деген сынды асыра айтылған жазбалар жариялады. Бірақ іс жүзінде ешқандай ірі наразылық болған жоқ.

Threads-тің таңдалуы да тегін емес. Бұл желі соңғы жарты жылда Қазақстанда үлкен танымалдыққа ие болды, ал онда анонимділік пен жаппай шабуыл мәдениеті қалыптасып үлгерді. Сондықтан да ұйымдастырушылар халықты тез арандатады деп үміттенген сияқты.

Кімге тиімді деген сұрақ та маңызды. Бастапқыда бұл науқан бизнеске пайдалы болуы мүмкін деген ой туғанымен, шын мәнінде олай емес. Себебі бизнес тұрақтылықты қалайды, ал «екінші Қаңтар» туралы айқайлау олардың мүддесіне мүлде қайшы. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай ақпараттық шабуылдың артында шетелдік күштердің болуы әбден ықтимал. Олар қоғамды билікке қарсы айдап салуды көздеген болуы мүмкін.

Қорытындылай келгенде, Threads-тағы жұма күнгі «бунт» нағыз халықтық наразылық емес, ұйымдастырылған ақпараттық манипуляция болып шықты. Бұл жағдай билікке де, қоғамға да үлкен сабақ болды. Экономикалық өзгерістерді халыққа уақытылы түсіндірудің, ал қарапайым азаматтарға ақпаратты сыни тұрғыда қабылдаудың маңызы тағы да айқындалды.