Тестілеу кезінде ереже бұзған 118 адамның нәтижесі жойылды

8 Маусым 2022, 16:37 50533

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған уақыттан бері 90 мыңнан астам талапкер тест тапсырған. Оның ішінде түлектердің 74,7% қазақ тілінде, 25,2% орыс тілінде 0,1% ағылшын тілінде тестілеуден өтті,- хабарлайды El.kz.

Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсының үшінші аптасындағы тестілеуге қатысты тың мәліметтер алу мақсатында ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевқа хабарласқан едік. 


– ҰБТ басталғалы шектік балды 67% - ға жуық талапкер жинады. Ал орташа ұпай 65 балды құрады. Талапкерлерге тестілеуді ыңғайлы тапсыру үшін ҰБТ-ның уақыты 40 минутқа ұзартылды. Тест сұрақтары кестелерсіз және диаграммаларсыз болады. 2021 жылы ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны 90 болса, биыл үш апта ішінде тестілеуге осы санатқа жататын 310 бала қатысты. Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Әр түлекке тестілеу орны мен уақыты енгізіліп отыр,- дейді Руслан Емелбаев.

 

Руслан Тохтарбекұлының айтуынша, биыл түлектерге алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS арқылы хабарлама жіберілетін болыпты. Хабарлама оқушыларға, сондай-ақ ата-анасына да жолданады.

Тестілеу орталығының маманы берген мәліметке назар салсақ, соңғы қорытынды бойынша 119 талапкерден ұялы телефон мен шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті әшкереленген. Салдарынан олар тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 118 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

ҰБТ-2022 жаңашылдығы

Руслан Емелбаевтың айтуынша, білім жән ғылым министрлігі әрбір талапкердің ұсынысын ескерген екен. Сол ұсыныстардың өзектісі – ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі. Бірақ, екі рет тапсырғанның өзінде, грантқа тек бір сертификатты ұсына алады.

 

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда мектеп бітіруші түлектердің басым көпшілігі биыл математика мен физика пәндерін таңдапты. Оның көрсеткіші 27% құрайды.

Биыл ең көп таңдалған бейіндік пәндер

1.     МАТЕМАТИКА / ФИЗИКА 27%

2.     БИОЛОГИЯ/ХИМИЯ 17%

3.     ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАН 15%

4.     АҒЫЛШЫН ТІЛІ / ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ 9%

5.     БИОЛОГИЯ/ ГЕОГРАФИЯ 8% 

Материалды әзірлеген Әнел Смайылқызы

 

 

 

 

 

 

 


 

 

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: