31.10.2025
13:27
374
Tesla 6 мыңнан астам Cybertruck электропикабын кері қайтарып жатыр

Tesla 6 мыңнан астам Cybertruck электропикабын кері қайтарып жатыр

Америкалық кәсіпкер Илон Маск басқаратын Tesla компаниясы 6 197 дана Cybertruck моделін кері қайтарып алатынын хабарлады. Бұл туралы АҚШ жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасы (NHTSA) мәлім етті, деп жазады El.kz интернет порталы.

Кері шақыртылған көліктер – 2024 жылдан бастап шығарылған және жолсыз жерде жүру кезінде көрінуді жақсартуға арналған арнайы жарық панельдері орнатылған нұсқалар.

NHTSA мәліметінше, жарық панелін орнату кезінде беткі қабатты дұрыс өңдемеу қаупі туындауы мүмкін, ал бұл оның әлсіреуіне немесе әйнектен ажырап кетуіне себеп болуы ықтимал.

Мұндай ақау жолдағы өзге көліктер мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіреді.

Tesla компаниясы ақауы бар көліктердің барлығын тексеріп, қажет болған жағдайда тегін жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді.

Естіріңізде болса, бұған дейін Tesla Cybertruck-тің ең арзан нұсқасын шығаруды тоқтатқаны туралы жазғанбыз. Бұған басты себеп - көліктің бастапқы жоспардағыдан қымбат әрі мүмкіндіктерінің төмен болып шығуы.