Терроризмді насихаттаған Астана тұрғыны тергеу изоляторында жатып тағы қылмыс жасаған

8 Шілде, 09:30 626

Астана тұрғыны тергеу изоляторында қамауда бола тұра тағы да қылмысқа барған, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

ҰҚК материалдары бойынша террористік сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін маусым айында Қазақстанның үш азаматы сотталды. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында терроризмді насихаттау фактісі бойынша жергілікті екі тұрғынға үкім шықты. Олардың әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар айналасындағыларға, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы радикалды діни материалдарды таратқан.

Ал 11 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен осыған ұқсас қылмысы үшін түзету мекемесінде қамауда болған елорда тұрғыны 6 жылға қосымша бас бостандығынан айырылды.

Астана тұрғыны биыл ақпан айында билікті басып алуға, террористік топты құруға және басқаруға, террористік әрекетті ұйымдастыру мақсатында жалдауға, терроризмді насихаттауға және қаржыландыруға көпшілікті шақырғаны үшін 20 жылға сотталған. Тергеу изоляторында болған кезде ол заңсыз әрекеттерді тоқтатпаған және камераластарына терроризм идеологиясын таратуға тырысты,-делінген ҰҚК мәліметінде.

 

 

 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: