«Тергеуші жігерлі әрі мінезді болу қажет»

30 Қыркүйек 2020, 23:47 8483

Елордалық тергеуші Аят Естлеумен әңгімелескен болатынбыз

Тергеушілер – маңызды қызметтің жүгін арқалаушылар. Олардың жұмыстары сауаттылық пен біліктілікті және төзімділікті қажет етеді. Бұл саланың мамандары қылмыскерлерді ұстап, бұлтартпайтын айғақтармен Қазақстан Республикасының заңдына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізіп, қылмыстың ақ пен қарасын айырады. Осы салада қызмет ететін жігерлі мамандарымыздың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Аят Естлеу.

 

Аят Естлеу 1994 жылы 7 қыркүйекте Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң елорда маңындағы Қосшы кентіндегі Қаржы полиция академиясына оқуға түседі. Алайда 2015 жылы академия жабылғандықтан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына ауысады. Сөйтіп, оны Аят Естлеу 2016 жылы тәмамдап шығады. 


(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Аят Естлеу)



– Құқық қорғау саласында қызмет ету – менің бала кезден бергі арманым емес. Себебі бала кезде бұл саланың қыр-сырын аса қатты түсіне бермедік. Кейіннен жоғары сыныптарда оқып жүргенде осы қаржы полициясы академиясынан өкілдері келіп, осы оқу жайында шағын таныстырылымын өткізген болатын. Міне, сол кезде сол қызметкерлердің қатарынан өзімді де көргім келді. Бұл ойымды үйдегілерге айттым. Олар мені қолдап, келісімдерін берді. Сөйтіп, 11-сыныпты бітірген соң Алматы қаласынан елордадағы осы Қаржы полициясы академиясына оқуға құжаттар тапсырып, қабылдандым. Академияға бізді, яғни оқуға түскендерді түрлі бөлімдерге бөлді. Сонда мен осы тергеу бөліміне түстім. Содан бастап мен тергеудің оқуын оқып, оны жақынырақ жіті таныса бастадым.

Қостанайдағы оқуын бітірген соң ол Алматы қаласындағы Әуезов ауданы Ішкі істер басқармасына тәжірибе жинауға келеді. Арада көп уақыт өтпей жас тергеуші өзінің білікті маман екендігін көрсетіп, осында тергеуші қызметіне тағайындалады. Мінеки, биыл оның салада аянбай қызмет келе жатқанына төрт жыл болды.


– Алғаш еңбек жолымды сол Алматыда бастадым. Тергеуші мамандығының қызығы мен шыжығын осында жүріп бастан кештім. Ал екі жылдан кейін яғни 2018 жылы отбасы жағдайына байланысты елордаға көшіп келдік. Сөйтіп, осында «Есіл» ауданының полиция басқармасында тергеушілік жұмысымжы ары қарай жалғастырдым. Бір айтарым, бір жерден екінші жерге ауысқанда қатты қорқудың қажеті жоқ. Ал 2019 жылдың қазан айынан бастап қазіргі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде тергеу басқармасында тергеуші болып қызмет етіп келемін.

Бүгінде жас та болса тәжірибелі әрі білікті тергеуші Аят Естлеу өте маңызды қызметтің дәл ортасында жүріп, бірқатар қылмыстар бойынша тергеу амалдарын жүргізіп келеді.

– Тергеуші мамандығы ол өте оңай іс емес. Оның қызығы мен шыжығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр ашылған және әр аяқталған қылмыстық істер адамды бір ерекше сезімдерге бөлейді. Бір айта кетерім, бұл қызмет жолында жүріп жақсы нәтижелерге жету үшін адамға сабырлылық қажет деп ойлаймын. Өйткені күнделікті жұмыс барысында адамдар күйзеліске ұшырап жатады. Сол жағынан оларда кішігірім мәселелер туындайды. Тіпті осындай ауыртпалықтарға шыдай алмай, жұмыстан кетіп жатқан жағдайлар да кездеседі.

Әңгіме барысында тергеуші өзінің алғашқы ашқан қылмыстық ісі жайында да баяндап берді.

– Менің ең алғашқы ашқан қылмыстық іс бұл Алматы қаласындағы Әуезов ауданы Ішкі істер басқармасында жұмыс істеп жүргенде ұрлық фактісі бойынша алаяқтықпен ұштасқан ұрлық фактісі. Нақтырақ айтатын болсақ, белгісіз бір адамдардың ломбардтарға барып, түрлі бағалы алтын бұйымдарын ұрлаған болатын. Осындай бірнеше эпизодтық қылмыс болған. Бұл менің ең алғашқы жан-жақты тергеп, кінәсін дәлелдеп, сотқа жолданған ісім еді. Ең алғашқы ашқан қылмыстық ісім болғандықтан әлі күнге дейін есімде жақсы сақталған. Әлбетте, алғашында айыптылардың ісі тергеп, оларға қатысты шешім қабылдау өте қиын болды. Менің ойымша, кез келген тергеуші алғашында осындай күйді бастан кешеді. Бұл салада қызмет еткенде психологиялық тұрғыдан да адамға әсер етеді. Бастапқыда әсіресе психологиялық жағынан дайын бола бермейсің. Айыпталушылармен тергеу жұмыстарын жүргізген соң нағыз кінәлілер ме жоқ па дегендей түрлі сауалдар мазалайтын болады.  Жұмыс барысында осындай қиын сәттер де болады.

Жалпы тергеуші өз жұмысында әсіресе жағымсыз фактілермен көп ұшырасады. Сол себепті эмоциональды тұрғыдан ұстамды әрі тұрақты болуы қажет екендігін айтады Аят Ғабитұлы.


– Кез келген істің қозғалғаны ол жұмыстың басталғанын білдіреді. Әлбетте, жұмысты бастап, жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп, кінәлілердің кінәсі дәлелдеп, прокуратураға жолдаймыз. Ал прокуратура болса, біздің жасаған жұмысымыздың заңдылығын бүге-шегесіне дейін тексеріп,  дұрыс деп таныса, ары қарай сотқа жолдайды. Сот қарауынан кейін судья шешім шығарып, кінәлі адамға үкім шығарған кезде жұмыстың толық аяқталғанын сезесің... Расымен де, иығынан бір үлкен салмақ түскендей күйде боласың.

Бұл сала күрделі болғандықтан көбінесе ер адамдар қызмет етеді. Бірақ та Аят Естлеу ұжымында нәзікжанжылардың да барын айтады. Десе де олар ер азаматтарға қарағанда аз болып келеді. «Біздің бөлімде 11-12 тергеуші. Оның ішінде 2-3 қыз-келіншек бар» дейді тергеуші.

– Бұл саланың жұмысы ұшқыр ойды, жылдамдықты, асықпай ойлануды, психологиялық және физикалық дайындықты қажет етеді. Және жан-жақты болуы керек. Өйткені тергеуші түрлі салалар бойыншы қылмыстық істерді ашумен айналысады. Сол істерді ашуға оның әр сала бойынша білімі қажет болады. Түрлі саланың қыр-сырын жақсылап меңгеріп алған кезде ғана тергеуші күдіктімен қылмысты ашу бойынша оның деңгейінде жұмыс істей алады. Тергеу кезінде күдіктінің қай уақытта рас не өтірік айтқанын аңғару үшін психологиялық тұрғыдан да өте білімді болғаны дұрыс. Неғұрлым көп білген сайын жұмыста қолдана білсең, өте жақсы қасиет деп ойлаймын. Оған қоса, тергеуші кез келген уақытта дұрыс шешім қабылдай білгені абзал. Сондай-ақ тергеуші жігерлі әрі мінезді болу қажет.

Аят Естлеудің айтуынша, тергеушінің жұмысына ұжымдағы әріптестері арасындағы байланыста әсерін тигізеді.

– Кез келген жұмыстағы атмосфера жақсы болса, онда қызметкерлер де өз ісің сүйіп ұнатып істейтіні рас...  Ұжым ішінде көреалмаушылық, дау-дамай, жанжал және т.б. көп болса, онда қызметінен кететіндер де бар. Ондай жағдайды өзімнің жұмыс тәжірибемде кездестірген кездер болды. Өзім жайында айтатын болсам, өзге қалалардағыдай елордада әріптестер арасында қарым-қатынас яғни байланыс жақсы дамыған. Өзімнің ұжымым маған қатты ұнайды. Олар менің екінші отбасымдай болып кеткен. Өйткені көп уақытымды осы жерде өткіземін. Әріптестермен тергеулерге қатысты түрлі тақырыпта ой бөлісеміз, ортаға саламыз, талқылаймыз.

Тергеуші Аят Ғабитұлының күнделікті жұмысы таңғы сағат 8:30-да басталады.

– Біз әр күн сайын кешкілік келесі күнге жоспарымызды дайындаймыз. Онда қандай тергеу істерімен айналысатынымыз бүге-шегесіне дейін жазылады. Бір күнде екі-үш кейде 4 тергеу әрекеттерін жүргізетін сәттер болады. Күн сайын жұмыс басталар уақытта таңертеңгілік жиын өтеді. Мұнда кімнің қандай жұмыстары бар? жалпы әрқайсысының жоспарлары жайында басшылықтпен талқыланады. Кейін істің сол уақытта қандай деңгейде екендігі баян етіледі. Ал кешкі жиында кімнің қандай істі атқарғаны туралы қысқаша айтылады.

Кез келген тергеу істеріне қорғаушылардың араласатыны белгілі.

– Жалпы қорғаушылармен ұрыспай, керісінше олармен дос болу қажет. Өйткені кейде істе болып жатқан заңсыз жағдайлар, заңсыз әрекеттер тергеушіге білінбейтін кездер болады. Сол кезде қорғаушылар дер уақытында түзеп тұрады. Менің ойымша,қорғаушы мықты болса, онда істің сапасы да мықты болмақ. Кейбір жағдайларда өзгелер байқамаған күдіктінің кінәсіздігін айғақтайтын өзге жолдарын қорғаушылар байқап қалады. Нәтижесінде күдіктіні ақтап шығатын ықтималдылығы болады. Сондай-ақ қорғаушының рөлінің маңыздылығы ол қылмыстық істе бәсекелестікті оң тудырады. Айыптау мен қорғаудың арасында бәсеке болады. Сол бәсекеде кімнің жеңетінін сот анықтайды. Әлбетте, бәсеке болған жерде жан-жақты даму да болады. Жалпы қорғаушылардың институтының жұмысы өте қызық әрі қажет деп ойлаймын.

Тергеушінің жұмысында күнделікті қарапайым адамның өмірінде кездесе бермейтін түрлі жағдайлар орын алып жатады. «Жалпы полиция қызметкерлеріне жылдан-жылға оң көзқарас қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын» дейді тергеуші.

– Бос уақытымда өз-өзімді дамытумен айналысамын. Спортпен шұғылданамын. Түрлі кітаптар оқимын. Бала кезден бергі достарыммен, туған-туыстарыммен бірге пайдалы уақыт өткізуге тырысамын. Алдағы уақытта осы салада қызмет етуді жоспарлап жүрген ұл-қыздарға кеңесім, кез келген нәрсеген сабырлылықпен қарауға дайын болу қажет екендігін айтқым келеді. Сондай-ақ міндетті түрде мінез болу керек. Бастаған ісің соңына дейін жеткізе білу қасиеті болуы шарт, - деп сөзін қорытындылады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Аят Естлеу.

(Суреттер Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті баспасөз бөлімінен алынған)    `

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: