Тергеу абақтысындағы бір күн (ІІІ бөлім)

25 Тамыз 2021, 15:39 4618

ЕЦ-166/1 мекемесінің қызметкерлерінің бір күндік қызметі туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан қаласындағы 1967 жылы іргесі қаланған Тергеу изоляторындағы жазасын өтеп жатқандармен мекеме қызметкерлері түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізіп келеді. Олар қызметтің қиындығына қарамай құқықтық тәртіпті сақтап, өз міндеттерін атқаруда. Осы орайда біз Қылмыстық Атқару жүйесіне қарасты мекеме қызметкерлерінің бір күндік жұмысының қыр-сырымен таныс болып қайттық.


500-ден астам қылмыс ашқан жедел уәкіл

Алла Бақбергенқызы Тергеу абақтысына қызметке 1999 жылы келген. Тергеу изоляторында жиырма екі жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан кейіпкеріміз жедел бөлімге қызметке орналасқан алғашқы әйелдердің бірі. Бүгінде қызметімен отбасын қатар алып жүрген Алла үш баланың анасы.

–Тергеу абақтысында ұзақ жылдардан бері қызмет атқаратындықтан, түрлі жағдайлар болып тұрады. Осы қызметте жүріп әр түрлі тағдырларды көріп келемін. Абақтыға алғаш келетін адамның жағдайы ауыр болады. Әсіресе әйелдер көбірек күйзеліске түседі. Мекемеге кірген бойда темір тор мен ондағы аура, тас қапас үрей туғызады. Кейбір адамдар басылып , еңсесі түсіп қалады. Тіпті кейбір әйелдер өздеріне қол жұмсайтын жағдайлар жиі кездеседі, – дейді Алла Жұмадильдинова.

Кейіпкеріміздің айтуынша 2017 жылы Тергеу абақтысында Зүлфия есімді келіншек жазасын өтепті. Ол әйел бұрын кісі өлтіру бабы бойынша 15 жыл түрмеде отырған екен. Кейін жазасын толығымен өтеп, босап шыққаннан кейін бостандықта жарты жыл жүріп, қайта қылмыс жасап абақтыға түседі.

– Зүлфия бүгінде Шымкент қаласындағы қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтеп жатыр. Ол әйелге өте қиын болды. Абақтыға қайта түскен кезде өзінің қайтадан ұзақ мерзімде жазасын өтеуі қиынға соғатындығын айтып жылады. Өмір сүргісі келмейтіндігін жиі айтатын. Бір күні өзіне қол жұмсамақ болған Зүлфияны менімен бірге қызмет ететін сержант қыз екеуіміз аман алып қалдық. Профилактикалық әңгімелер жүргіздік. Қолдау көрсетіп, сабырға шақырдық. Сондықтан да абақтыдағы өмір ешкімге оңай соқпайды, – дейді Алла Бақбергенқызы.

Сонымен қатар Алла Жұмадильдинованың қызметіне сотталғандарды камераларға орналастыру кіреді. Ол бұрын сотты болғандарды, қылмыс жасағандарды түрлі категориялар бойынша орналастырады. Ал бұрын сотталмағандар басқа камерада отырады.


–2004 жылы елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өлім жазасына мораторий жариялады. Мен қызметке келген 1999 жылдан бастап өлім жазасына кесілген сотталғандарды көрдім. Олармен бірге жұмыс атқардым. Ағайынды екі жігіттің өлім жазасына кесіліп, қатты қиналған сәттеріне куә болдым. Солармен бірге қиналдым. Бұрын ауыр қылмыспен отырған, кісі өлтіріп сотталғандар саны жағынан көп болатын. Ал бүгінде алаяқтық пен ұрлық қылмыстары өршіп тұр, – дейді кейіпкеріміз.

Есірткі шегіп, есі кеткендер

Тергеу абақтысына аяғы ауыр екенін білмей келетін әйелдер де бар. Оларды мекемеде арнайы бақылауға алып, қастарында болып абақты қызметкерлері қадағалауда ұстайды.


–Тергеу изоляторында әйелдер босанған жағдайлар болған. Есірткі затын пайдаланғаны үшін істі болған жазасын өтеуші келіншек 7 айға дейін өзінің аяғы ауыр екенін білмеген. Есірткіні үнемі пайдаланатындардың дене бітімі арық болады. Кейін есірткінің пайдалануды доғарғаннан кейін бірден тола бастайды. Терілерінде де өзгешеліктер болады. Сол әйел дені сау нәрестені дүниеге әкелді. Баланың атын Марсель деп қойдық. Әйел Шамалғандағы абақтыда жазасын өтеп жатыр. Ал нәрестені өзге бір отбасы асырап алды, – дейді мекеме жедел уәкілі.

– Кейбір жазасын өтеушілердің нәрестелері дүниеге келгеннен кейін бірнеше балаға ат қойған кездерім болған. Бізде Надирбекова деген сотталушы болды. Ол кісі өлтіру бабы бойынша жазасын өтеді. Надирбекова көршісіне барып, қарызға ақша сұрайды. 86 жастағы әжей оған ақша беруден бас тартады. Әйел ашуға булығып, кәрі әжейді қылқындырып, өлтіріп ақшасын тартып алады. Кейін абақтыға түскенде оның жүйке жүйесі тозған, психикалық жағдайы тұрақсыз екендігін анықтадық. Надирбекованың жағдайы өте қиын болып, камерада отырғанда өзіне-өзі қол жұмсамақ болды. Біз сотталғанды аман алып қалдық, – дейді мекеме қызметкері Алла Бақбергенқызы.


Бірде Алла мекемеде суицид жасамақшы болған әйелді құтқарып қалады. Кейін сотталғанның иммунтапшылық вирусы инфекциясымен ауыратындығы анықталды. Онымен бірге тұрған ер азаматтан да сол инфекция анықталды. Алланың қолында өзіне қол жұмсамақ болған әйелдің қаны қалып қойып, көп уақытқа дейін ауру жұқтырып алдым ба деген қорқыншпен жүрген кездері де болыпты.

–Таңертең ұйқыдан тұрып жұмысқа келгенде уайым болады. Менің қызметімінің жүгі ауыр. Әр қылмыстық істі анықтауда жауапкершілік бар. Ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай қызмет атқару кез келген адамның қолынан келе бермейді. 1999 жылдан бері түрлі тағдырға куә болдым. 500-ден астам қылмысты ашуға атсалыстым, – дейді Алла Бақбергенқызы.


Мекемеде репортаж жүргізу барысында туған күнге куә болдық. Мекеме қызметкері 45 жасқа толыпты. Тергеу изоляторының қызметкерлері әріптестерінің қызметіне сәттілік тілеп гүл шоқтарын беріп құттықтады.


Одан кейін Тергеу абақтысындағы фронт офистың жұмысымен таныс болдық.

– Нұсқаулық бойынша бір адамға 20 келіден аспайтын сәлем-сауқат беруге рұқсат етіледі. Оның ішінде тиым салынған заттар да бар. Спирттік заттар мүлдем алынбайды. Қандай зат әкелсе де 20 келіден аспауы керек. Сол 20 келінің ішіне суы, киім-кешегі мен тамағы кіреді. Сәлем-сауқатқа келген тамақтардың барлығын мұқият тексеріп аламыз. Батон, шұжықты екі-үш бөлікке бөлеміз. Одан кейін арнайы сканерден өткізгеннен кейін ғана Тергеу абақтысының ғимаратына өткіземіз. Тергеу абақтысында айыпталушылар мен сотталғанға дейінгі азаматтар отыратын болғандықтан сәлем-сауқатты күнделікті қабылдай береміз. Жексенбі тазалық күні болып саналатындықтан басқа күндері күнделікті жұмыс істейміз. Ал абақтыдағы шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар күнделікті сәлем-сауқат қабылдай алмайды. Оларға заң бойынша айына екі рет қана сәлем-сауқат алуларына рұқсат етілген, – дейді Режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы, әділет старшинасы Айна Шағатаева.


Мекеменің қауіпсіздігімен Режим және Күзет бөлімі айналысады. Онда мекемені қадағалау тәулік бойы жүзеге асырылады.

– Бүгінгі таңда мекемеде 100-ден астам бейне бақылау камералары бар. Біз бұл камералар арқылы мекеменің аумағын бақылап отырамыз. Тергеу абақтысына келген, абақтыдан шыққан азаматтарды толығымен бейнебақылау камералары арқылы бақылаймыз, – дейді әділет аға лейтенанты Оразбек Мейірхан.

– Шаруашылық қызметінде жұмыс істеп, жазасын өтеп жатқан сотталғандардың айыпталушыларға қарағанда жүріп-тұру тәртібі өзгеше. Ал сезіктілер мен айыпталушыларға Тергеу абақтысынан белгіленген мерзімде ғана шығуына болады. Олар сот процесіне, қорғаушыларға және ұзақ және қысқа мерзімді кездесулерге шыға алады. Қазір карантинге байланысты барлығы онлайн түрде өтуде. Сотталғандар бос уақыттарында теледидар көреді. Теннис, футбол және волейбол ойнауға мүмкіндіктері бар, – дейді мекеменің тәрбие бөлімінің басшысы Жандос Айтмұқашұлы.


Сонымен қатар мекеменің тәрбие бөлімінің басшысының айтуынша сотталғандар мен айыпталушылар жиі хат жазып, сурет салады екен. Хат жөнелтілмес бұрын жедел бөлім қызметкерлері тексеріс жүргізеді.

– Тергеу абақтыларында барлық айыпталушыларға бірдей жағдай жасалған. Бүгінде шамамен біздің Тергеу изоляторында 80 пайызға жуық азамат экономикалық қылмыс бойынша тергеу жүргізілуде. Кісі өлімі өте сирек кездеседі. Сонымен қатар алаяқтық, қаржы пирамидасы үшін сотты болғандар көп. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып береміз деп халықты алдап жүрген алаяқтар да көп. Кейбір жас қыздар оңай жолмен ақша тапқысы келіп есірткі сатумен, тасымалдаумен айналысады. Олар телеграм каналдары арқылы жұмыс жасайды. Сондай қыздар 10 жыл арқалап кете береді, – дейді мекеме қызметкері Жандос Айтмұқашұлы.

Тергеу изоляторында жазасын өтеген түрлі сотталғандар болыпты. Соның ішінде көздерін жұмғанда «Мазаламаңдар!» деп жазып қойған сотталғандар болыпты. Сонымен қатар Тергеу абақтысында АХАЖ бөлімі бар. Кейбір сотталғандар сол жерде некелерін қияды.

Бір күнге жалғасқан репортаж барысында ЕЦ-116/1 мекемесінің тыныс-тіршілігімен таныс болып, тергеудегілер, айыпталушылар мен сотталғандардың сан түрлі тағдырына куә болдық. Олардың бірі абайсызда, екіншілері мәжбүрліктен, басқалары білместіктен қылмыс жасап, қымбат уақыттарын темір тордың арғы жағында өткізіп жатқандар қателіктерін түсінеді деп сенейік.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: