Қазақстандық танымал теннисші Зарина Дияс кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазып, бүгіннен бастап кәсіби теннисші ретіндегі жолын тәмамдайтынын хабарлады.
Спортшы бұл шешімін ерекше естеліктермен бөлісе отырып жеткізді. Оның айтуынша, Алматыдан шыққан қарапайым қыздың бала арманы орындалып, әлемдік ареналарда өнер көрсету бақыты бұйырған.
Бүгін мен өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірін аяқтап отырмын. Кәсіби теннис мансабымды ресми түрде аяқтаймын. Бұл – керемет әрі ұмытылмас жол болды. Алматыдан шыққан кішкентай қыздың бала күнгі арманы – әлемдік ареналарда ойнау, ірі турнирлерде жеңіске жету, әлемнің үздік теннисшілерінің қатарына қосылу еді. Бүгінде сол арманымның шындыққа айналғанына әлі де сене алар емеспін. Турнирлердегі жеңістер, әлемдік рейтингтің ТОП-30 қатарына ену және Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысу – мен үшін үлкен жетістік әрі баға жетпес тәжірибе.
Мен ұлттық құрама сапында өнер көрсеткенімді ерекше мақтан тұтамын. Әрбір матчта кортқа елім үшін шығып, Қазақстанды әлемдік аренада таныстыру мен үшін зор құрмет болды, – деді Зарина Дияс.
Оның сөзінше, барлық жетістіктерінің ішінде ең қымбаты ұлттық құрама сапында ел намысын қорғау болған. Әлемдік додаларда көк тудың астында өнер көрсету – оның өміріндегі ең маңызды әрі жүрегіне жақын сәттердің бірі.
Қиындық пен жеңіс қатар жүрген жол
Кәсіби спорттағы жол ешқашан жеңіл болмайтыны белгілі. Зарина Дияс та мансабында талай қиындықты бастан өткергенін жасырмады. Жарақаттар, сәтсіз кезеңдер, үзілістер – мұның бәрі оның спорттық жолында кездескен сынақтар болды.
Соған қарамастан, ол әрдайым алға ұмтылып, берілмеуді үйренгенін айтады. Теннис оны тек спортшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де шыңдаған.
Теннис маған мықты болуды, ешқашан берілмеуді және қандай жағдай болса да алға жылжуды үйретті. Қиын кезеңдер де болды, бірақ жеңістер мен ұмытылмас эмоциялар бәрін ақтады, – деп жазды спортшы.
Зарина Дияс мансабын қорытындылай отырып, оған қолдау көрсеткен барлық жандарға алғыс білдірді. Әсіресе жанкүйерлерінің сенімі мен қолдауы оған ерекше күш бергенін атап өтті. Сонымен қатар ол отбасына, анасына, сіңлісіне, жаттықтырушыларына, командасына, демеушілеріне және Қазақстан теннис федерациясы ерекше ризашылығын жеткізді.
Спортшының айтуынша, оның жетістіктері – тек жеке еңбектің емес, осы адамдардың ортақ қолдауының нәтижесі.
Зарина Дияс әлемдік рейтингте 306-орында тұр. Ол кәсіби мансабын 2020 жылы бастаған. Бірнеше халықаралық додалардың жеңімпазы.
Еске сала кетейік, биыл Зарина Дияс ұзақ үзілістен кейін Australian Open турнирінде өнер көрсеткен еді. Зарина Дияс үшін Australian Open турниріндегі ең үздік нәтиже – 2014, 2015, 2020 және 2021 жылдары үшінші айналымға дейін жетуі.