27.09.2023
07:00
1013
Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты

Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Дүниежүзілік рейтингте 261-орында тұрған Евсеев үшінші айналымда әлемнің 184-інші, Азиаданың 6-ракеткасы, Тайбэй өкілі Тун-Лин Вумен шеберлік байқасты.

Теннис федерациясының мәліметінше, қазақстандық теннисші екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта бірінші партияда 2:6 есебімен есе жібергенімен, содан кейін таразы басын өзіне аудара білді – 6:3, 6:4.

Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 78-інші, доданың 2-ракеткасы, жапониялық Йосуке Ватанукимен таласады.

Евсеев – теннистен Қазақстанның Азиадада қалып отырған жалғыз үміті. Басқаларының бәрі жекелей және жұптық сында жарыс жолынан шығып қалды.

Соның ішінде рейтингте 297-сатыдағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 159-ракеткасы, үндістандық Сумит Нагалға 6:7 (9:11), 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалға шыға алмады.