Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті. Жиында президент Қасым Жомарт Тоқаев Алтын Ордадан келе жатқан Ұлы Дала сабақтастығын жалғап, ұрпақтың тарихи жадын жаңартуға үлес қосу керегін айтты. Ғылыми ізденістерді көбейтіп, оны жаңа технологиямен байланыстыру қажетін атап өтті.
Алтын Орданың экономикалық құрылымын зертеу керек
Мемлекет басшысы Ұлы даланың тиарихи даму жолына тоқталып, атқа міну мәдениетінің бастау туралы айтты.
Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті. Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды, – деді президент.
Одан ары қарай Алтын Орда Еуразия даласында көлік, сауда және гуманитарлық байланысты бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің шыңына шыққанын атап өтті.
Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар. Түптеп келгенде, Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты, – деді мемлекет басшысы.
Теңгенің түбірі Алтын Ордада жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірінде ақша жүйесіне қатысты айрықша жаңалық ашылғанын, археологтар ондаған тиын сарайын тапқанын айтты. Мамандардың дерегінше, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған.
Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел, – деді ол.
Президент Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытқанын да атап өтті.
Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйымдары тасымалданды, – деді мемлекет басшысы.
Нарық ұғымы ежелден бастау алған
Президент Алтын Орда сол кезеңде стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанын айтты.
Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады. Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі. Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылғанын жеткізді. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады.
Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты, – деді ол.
Жаңа замандағы заманауи көзқарас
Мемлекет басшысы Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керегін атап өтті.
Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана. Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет, – деді ол.
Ұлы дала сабақтастығын жалғастыру керек
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілгенін айтты. Алдымызда жауапты міндет тұрғанын жақсы түсініп, сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайтынын, мемлекет те өркендемейтінін жеткізді.
Соның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті. Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз, – деді президент.
Оған қоса Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналған атап өтті. Президент бастамасымен елімізде Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылғанын, бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме екенін алға тартты.
Сондай-ақ Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатқанын айтты. Спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізіліп жатқанын қосты.
Іргелі бастамаларды қолға алу керек
Президент Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсынғанын айтты. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажетін атап өтті. Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керегін құптады.
Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни, номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды. «Қайталап айтамын: тарихтың дәрістері дамуға бет алған болашақпен үндескенде ғана өркендеу жолына түсеміз, – деді ол.
Симпозиум жыл сайын өтеді
Қасым-Жомарт Тоқаев тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажетін нұсқады. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажетін мысал етті.
Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық. Бүгінгі жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатынын атап өтті.
Біз бұл симпозиумды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін, – деді президент.