Теміржол саласындағы қызмет көрсетудің сапасы қашан артады?

15 Ақпан, 11:44 727

Көлік министрі Марат Қарабаев пен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев теміржол саласындағы қызмет көрсетудің сапасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қызмет көрсетудің сапасы екі мәселеге байланысты. Біріншісі –  теміржол вокзалдарының жағдайы, екіншісі – теміржол вагондары. Өкінішке қарай, біздегі теміржолдардың орташа жасы 18 жылды құрайды, яғни вагондар ескі. Былтыр 118 жаңа жолаушыларды тасымалдауға арналған вагондар сатып алынған. Биыл тағы да 119 вагон, келесі жылы 168 вагон сатып алынады, –  деді Марат Кәрімжанұлы.

Марат Қарабаевтың сөзінше, әр вокзалдың тауып жатқан табысы өзінің қаражатының 50-60 пайызын ғана қамтиды. Қазір барлық әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Теміржол вокзалдарын жаңарту – сапаның артуына алып келеді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев еліміздегі вагондардың 30 пайызы ескі екенін айтты.

Вагондардың жаңаруы Үкіметтің қанша ақша бөлетініне байланысты. Бізде тек «Қазақстан темір жолы» ғана емес, көп жекеменшік компаниялар бар. Жекеменшік компанияларға жаңа вагондарды сатып алу қиын, сондықтан олар ескі вагондармен жүреді. Сөйтіп, халық «Қазақстан темір жолының» вагондары нашар дейді, - деді ол.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: