Теміртауда футбол ойнап жүрген баланың үстіне қақпа құлады

11 Мамыр 2023, 17:40 849

13 жасар бала Теміртаудағы спорт кортында жарақат алды. Баланың басына футбол қақпасы құлаған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Оқиға 9 мамырда болды. Металлургтер стадионында балалар футбол ойнап жүргенде кенеттен баланың басына үлкен қақпа құлаған. Жарақат алған баланы ата-анасы Теміртау қалалық ауруханасына жеткізді.

2010 жылы туған пациент Теміртау қаласы орталық ауруханасының қабылдау-диагностика бөлімшесінің травматология кабинетіне түсті. Қабылдау кезінде баланың жағдайы қанағаттанарлық болды. Алғашқы көмек көрсетіліп, жарақатына хирургиялық емдеу жүргізілді. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жіберілді. Диагноз - желке аймағында көгерген жара. Амбулаториялық емделеді, - деп түсіндірді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқиға орнында болған куәгерлер қақпа еш бекітілмегенін айтады.Белгілі болғандай, спорт корттарын орнатумен «СК Монолит Строй 1» ЖШС айналысқан. Бұл алаң өткен жылы салынған.

2022 жылы «СК Монолит Строй 1» ЖШС мердігер компаниясы Теміртауда 6 спорт кортын, оның ішінде осы стадион маңындағы спорт кортын орнатты. Мамыр айының басынан бастап мердігер өз нысандарында кепілдік жөндеу жұмыстарына кірісті, бұл туралы 3 мамырда БАҚ пен әлеуметтік желілерде хабарланды. Кепілдік міндеттемесінің мерзімі - 2 жыл, оған вандализм фактілері кірмейді. Кәмелетке толмаған баланың басынан өткен оқиға 9 мамырда, жөндеу жұмыстары кезінде болған. Яғни, алаңда адамдардың болуына тыйым салынған кезде. Бұл жайында мердігер тұрғындарды алдын ала хабардар еткен болатын, - деп хабарлады Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Равиль Ашығали
Бөлісу: