27.08.2025
10:17
2012
Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының басты жұлдызына қалай айналды

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының басты жұлдызына қалай айналды

Кеше футбол әлемі қазақ елінің жаңа жұлдызына куә болды. Бар болғаны 21 жастағы «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде командасына тарих жасауға себепші болды. Алматылық ұжым Шотландияның атақты «Селтигін» тізе бүктірсе, Анарбеков ғаламат күннің басты қаһарманына айналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алматыдағы жауапты ойынды стадионды лық толтырған жанкүйер де, экранның ар жағынан тамашалаған миллиондаған көрермен де ұмытпасы анық. Кездесуді қос тарап та сақ бастады, себебі кез келген қателік шешуші рөл атқаруы мүмкін. Бірінші таймда «Селтик» есеп ашуға бірнеше мүмкіндік алғанымен, Темірлан керемет сейвтерімен қақпасын аман алып қалды. Ол әрбір соққыны жүрекпен тоқтатқандай әсер қалдырды.

Негізгі 90 минут тең аяқталды. Қосымша 30 минутта да жеңімпаз анықталмады. Жанкүйерлердің дегбірі қашып, бар үміт пенальти сериясына түсті. Дәл осы жерде жас қақпашының нағыз қайсар мінезі көрінді.

Алдымен Анарбеков Адам Айданың соққысын қайтарды – трибуна жарылып кеткендей қуанды. Ал Темірлан үшін бұл өз-өзіне деген сенімділігін арттыру үшін өте қажет болатын. Кейін Маккованға пенальти соғуға мүмкіндік берген жоқ. Сосын бәрін шешкен сәт – Маэданың добын қағып, «Қайратты» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Үш бірдей пенальтиден гол жібермеген қақпашыны халық бір ауыздан «қаһарман» деп атады.

Бұл – қазақ футболы тарихындағы сирек кездесетін сәттердің бірі. Темірлан Анарбеков ұстамдылығы мен ширақтығының арқасында көрерменнің сүйіктісіне айналды. Бұған дейін көпшілік біле бермейтін қақпашы бүгін күллі Қазақстанның мақтанышына айналып отыр.

2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасында Темірлан Анарбеков «Қайрат» сапында алты кездесу өткізіп үлгерді, оның үшеуінде қақпасына бір де бір доп өткізген жоқ. Ал оның көзге түсуіне мүмкіндік берілген сәт – Чемпиондар лигасы аясында Глазгода өткен алғашқы кездесу. Себебі бұл ойында негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, 75-минутта Анарбеков шұғыл түрде алаңға шықты. Есеп 0:0 болып аяқталған сол ойында ол өз қақпасын аман алып қалды.

Ал Алматыдағы жауапты кездесуде жас қақпашы бес бірдей ғажайып сейв жасап, жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленді. Бұған қоса, матч соңындағы пенальти сериясында қарсыластың үш соққысын қайтарып, «Қайратты» тарихында алғаш рет Лига чемпиондарының топтық кезеңіне алып шықты.

Құралбек Ордабаевтың ізбасары

Темірланның жолы да қызық. Атырау облысының Водников ауылында туған ол футболдағы алғашқы қадамдарын «Атырау» клубында жасап, кейін «Қайрат» академиясына ауысқан. Бірінші командада дебютін 2020 жылы өткізгенімен, көп ойнаған жоқ. Көп уақытын жастар командасында өткізіп, тәжірибе жинады. Өткен маусымда «Жеңісте» жалға ойнады. Ал биыл тағдыр оған үлкен мүмкіндік сыйлады және ол сол мүмкіндікті мүлт жібермеді.

Темірлан «Қайратпен» бірге Қазақстан чемпионы атанып қана қоймай, ел Кубогы мен Суперкубогын да иеленген. Ол сонымен қатар Қазақстан жасөспірімдер және жастар құрамаларының (U-17, U-19, U-21) сапында 15 матч өткізген. Ұлттық құрамада әлі дебют жасамағанымен, ол күннің де ауылы алыс емес екені анық.

Енді «Қайрат» алғаш рет Лига чемпиондарының негізгі кезеңінде ойнайды. Бұл – клуб қана емес, бүкіл ел үшін тарихи жетістік. Қазірдің өзінде Алматы командасына «Реал Мадрид», «Бавария», «Ливерпуль» сияқты алпауыттар қарсылас болуы мүмкін екені айтылып жатыр. Осындай алып клубтар қатарына «Қайраттың» қосылуының басты себепшісі – жас қақпашы.

Темірлан Анарбеков – қазақ футболының жаңа үміті. Оның жасы небәрі 21-де. Бұл тек бастамасы. Кеше ол батыр атанса, ертең  Еуропаның ең мықты клубтарының қақпасын күзетуге әбден лайық. Уақыт көрсетеді, бірақ бір нәрсе анық: Темірлан – қазақтан шыққан Құралбек Ордабаев секілді даңқты қақпашы болуға үлкен қадам жасаған адам.

«Қайрат» еурокубоктық додаға бар болғаны екінші рет қатыспақ. Алғаш рет клуб 2021/22 маусымында Еуропа конференциялар лигасында ойнаған болатын. Ал Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне бұған дейін тек «Астана» шыққан (2015/16 маусымында). Енді, міне, «Қайрат» ел тарихында екінші команда ретінде басты сахнаға жолдама алды.

Алматыға енді әлемнің үздік клубтары келеді. Бірінші себетте «ПСЖ», «Реал Мадрид», «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Бавария», «Интер», «Челси», «Барселона» және «Боруссия Дортмунд» клубтары күтіп тұр. «Қайрат» солардың ішінен екі клубпен кездесетіні анық, ал олардың бірі міндетті түрде Қазақстанға қонаққа келеді. Жеребе 28 тамыз, бейсенбі күні өтеді.

Айта кетерлігі, «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін кем дегенде 18,6 миллион еуро табыс табады. Бұл – Transfermarkt деректеріне сәйкес, клубтың бүкіл құрамының құнынан (12,4 млн еуро) әлдеқайда көп.