30.09.2025
11:40
537
Темір ағзаға не үшін қажет және оның тапшылығы мен артықшылығы қандай қауіп төндіреді?

Темір ағзаға не үшін қажет және оның тапшылығы мен артықшылығы қандай қауіп төндіреді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жер шарындағы халықтың төрттен бірі темір жетіспеушілігі мен анемиядан зардап шегеді. Бұл мақалада темірдің ағзадағы рөлі, оның тапшылығы мен артықшылығының салдары және оларды болдырмау жолдары сөз болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1. Темір не үшін қажет?

Темір – барлық тірі ағзаларға қажет аса маңызды элемент. Ол ағзадағы бірқатар өмірлік процестерге қатысады:

оттегіні тасымалдау,

ДНҚ синтезі,

энергия өндіру үшін электрондарды тасымалдау.

2. Темірдің ағзаға түсуі мен шығыны

Орта бойлы ер адамның ағзасында шамамен 4 грамм темір болса, әйелдерде – 3,5 грамм. Оның негізгі бөлігі – екіден үш бөлігіне дейін – гемоглобин құрамында болады. Қандағы оттегі темірге байланысқанда, қан қанық қызыл түске енеді.

Ағза тәулігіне шамамен 1-2 миллиграмм темір қабылдап, соншасын тері мен ішек жасушаларының жаңаруымен бірге жоғалтады.

Артық шығын мына жағдайларда тіркеледі:

  • қан кету кезінде,
  • әйелдердегі көп мөлшерлі етеккірде,
  • операция кезіндегі қан жоғалтуда,
  • жүктілік пен балалардың белсенді өсу кезеңінде,
  • жеткіліксіз әрі біржақты тамақтанғанда,
  • созылмалы аурулар кезінде.

Темір алмасуының бұзылуы кең таралған. Оның тапшылығы да, артық болуы да ағзаға қауіпті.

3. Темірдің артық болуы несімен қауіпті?

Ағзада темірдің мөлшері қатаң бақыланады. Артық темір тіндерге зақым келтіреді. Темірдің ағзадан табиғи жолмен шығуы қан жоғалтумен ғана жүзеге асады (жүктілік, етеккір немесе басқа қан кету).

Симптомдары:

  • шаршау, әлсіздік,
  • салмақ жоғалту,
  • іштің ауыруы,
  • қандағы қанттың жоғарылауы,
  • терінің қоңыр түске боялуы (гиперпигментация),
  • жыныстық құмарлықтың төмендеуі,
  • ерлерде аталық бездің кішіреюі,
  • әйелдерде етеккірдің азаюы немесе тоқтауы.

Темірдің артық болуы көбіне тұқым қуалайтын гемохроматоз дертімен байланысты. Диагностика үшін қан талдауы, бауыр тексерістері, МРТ және генетикалық сынақтар жасалады.

4. Темір тапшылығының қаупі

Темір тапшылығы темірдің биожетімділігінің төмендігінен жиі кездеседі. Темір оттегімен жанасқанда, ерімейтін қосылыстар түзеді, ал олар ағзаға қиын сіңеді.

Негізгі себептері:

  • көп мөлшердегі етеккір немесе жатырдан қан кету,
  • операция кезіндегі қан жоғалту,
  • антикоагулянттар қабылдау,
  • жиі қан доноры болу,
  • вегетариандық немесе анорексия,
  • ас қорыту жолдарының аурулары,
  • жүрек, бүйрек жеткіліксіздігі.

Тәуекел топтары: жүкті әйелдер, шала туған балалар, жасөспірім қыздар, етеккірі көп әйелдер, вегетариандар және донорлар.

Симптомдары:

  • шаршау, әлсіздік,
  • демікпе,
  • жүрек соғысының жиілеуі,
  • тері мен шырышты қабаттың бозаруы.

Сирек кездесетін белгілер:

  • назарды шоғырландыру қиындығы,
  • мұз, бор, топырақ жеуге құмарлық,
  • ауыздың кебуі, ерін жарылуы,
  • есте сақтау қабілетінің төмендеуі,
  • шаш түсуі, тырнақ сынғыштығы,
  • иммунитеттің әлсіреуі.

Егер темір қоры толықтырылмаса, анемия дамиды. Бұл кезде эритроциттерде гемоглобин жеткіліксіз түзіліп, тіндерге оттегі аз жеткізіледі.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының дерегі бойынша, 2023 жылы 15-49 жас аралығындағы әйелдердің 30,7%-ы анемиядан зардап шеккен.

5. Жүктілік кезіндегі темір тапшылығы

Жүкті әйелдердің ағзасында темірге деген сұраныс артады. Егер жетіспеушілік болса, қауіпті салдар туындайды:

Әйел үшін:

плацентаның дұрыс дамымауы,

түсік,

мерзімінен бұрын босану,

босанғаннан кейінгі қан кету.

Бала үшін:

құрсақішілік дамудың тежелуі,

өлі туу қаупі,

салмағы аз немесе шала туу,

ақыл-ой және жүйке дамуының кешеуілдеуі.

6. Операция алдындағы анемия

Анемия операция алдындағы асқынулардың негізгі қаупі болып саналады. ДДҰ дерегі бойынша, ерлерде гемоглобин 130 г/л-ден, әйелдерде 120 г/л-ден төмен болса, анемия диагнозы қойылады.

Зерттеулер көрсеткендей, операция алдында темір тапшылығы бар науқастарда асқыну қаупі бірнеше есе артады.

7. Темір көздері

Темір тапшылығының алдын алудың ең қолжетімді жолы – тағам рационын дұрыс құру.

Екі түрі бар:

Гемді темір – ет, бауыр өнімдерінде. Жақсы сіңеді.

Гемді емес темір – өсімдік өнімдерінде. Нашар сіңеді.

Сіңімділікті арттыру үшін темірге бай тағамдарды С дәруменіне бай көкөніс-жемістермен бірге жеу керек. Ал шай мен кофенің кері әсері бар – темірдің сіңуін тежейді.

8. Темір тапшылығын емдеу

Емдеудің басты тәсілі – дәрігердің тағайындауымен темір препараттарын қабылдау.

Көбіне таблетка түріндегі дәрілер қолданылады, олар қолжетімді әрі арзан.

Кейбір жағдайларда (ауыр анемия, таблеткаға төзбеушілік, операция алдындағы жағдай) темірді көктамыр арқылы енгізу қажет.

Дәріні дәрігердің нұсқауынсыз қабылдауға болмайды, себебі дозаны асырып жіберу де қауіпті.

Қорытынды

Темір – ағзаның негізгі элементі, ол оттегіні тасымалдауға, энергия өндіруге, ДНҚ синтезіне қатысады.

Әлемде әрбір үшінші адам темір тапшылығына ұшырайды.

Артық болуы да, жетіспеуі де қауіпті.

Тәуекел тобына әйелдер, балалар, жүкті әйелдер, жасөспірімдер, донорлар мен вегетариандар кіреді.

Дұрыс тамақтану мен уақтылы медициналық тексеріс – темір деңгейін бақылаудың ең тиімді жолы.