Қазіргі заманда смартфондар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біз оларды қоңырау шалу, хабарлама жазу, сатып алу, жұмыс істеу және көңіл көтеру үшін қолданамыз. Алайда бұл ыңғайлылықтың артында бір маңызды жайт жатыр: сіздің телефоныңыз кейде сізге байқатпай-ақ сіз туралы деректер жинап отырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Телефон сіз туралы не жазып отырады?
Көптеген қосымшалар мен жүйелер фондық режимде жұмыс істеп, пайдаланушының мінез-құлқын үнемі талдайды. Мысалы, камера мен микрофон қоңырау шалғанда немесе видео түсіргенде ғана емес, дауыс командаларын тану не ақылды көмекшілердің жұмысын жетілдіру мақсатында да іске қосылуы мүмкін.
Siri, Google Assistant немесе Alexa секілді дауыс ассистенттері бұйрықты дер кезінде орындауға дайын болу үшін үнемі айналадағы дыбыстарды тыңдап тұрады. Компаниялар «деректер тек жергілікті түрде өңделеді немесе команда айтылғаннан кейін ғана жазылады» деп мәлімдегенімен, сарапшылар кей жағдайларда ақпараттың серверлерге жіберіліп, талданғанын атап өтеді.
Геолокация мен метадеректер
Смартфондар дыбысты ғана емес, орналасқан жеріңізді де жазып отырады.
Қосымшалардағы геолокация қызметін өшіріп қойған күннің өзінде, жүйенің өзі немесе кей сервистер сіздің қозғалысыңызды жарнама не статистика мақсатында бақылай алады.
Камера арқылы түсірілген суреттердің метадеректерінде де көп ақпарат бар: түсірілген уақыт, орын, құрылғы моделі – мұның бәрі сіздің әдеттеріңіз бен маршруттарыңызды ашып береді.
Экрандағы әрекет те жазылады
Телефон сіздің қай қосымшаны қашан және қанша уақыт пайдаланғаныңызды, қандай батырмаларды басқаныңызды бақылайды.
Бұл деректер компанияларға интерфейсті жетілдіріп, жеке ұсыныстар жасауға көмектеседі. Бірақ сонымен қатар пайдаланушының мінез-құлқының толық бейінін қалыптастырады.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер де назарда
Instagram, WhatsApp, Telegram сияқты желілер сіздің достарыңыз, қоңырауларыңыз және хаттарыңыз туралы мәліметтерді жинай алады. Кейде тіпті мәтінді талдап, қызығушылықтарыңызды немесе эмоционалды күйіңізді анықтайды. Сондықтан жарнама «дәл сізге арналғандай» болып көрінеді.
Қалай қорғануға болады?
Қосымшалардың рұқсаттарын тексеріңіз: микрофон, камера, геолокацияға қажетсіз қолжетімділікті өшіріңіз.
Құпиялық баптауларын қарап шығыңыз және әрекет тарихын үнемі тазалап отырыңыз.
Фондық белсенділікті бақылайтын арнайы қосымшаларды қолданыңыз – олар жасырын жазбаны немесе тыңдауды анықтауға көмектеседі.
Смартфон – ыңғайлы әрі қуатты құрал. Бірақ ол сонымен бірге сіздің жеке өміріңізге ашық терезе болуы мүмкін.
Баптауларға мұқият болу және рұқсаттарды саналы түрде басқару – деректеріңізді қорғаудың ең тиімді жолы.