Бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері елімізде байланыс қызметтері мен мемлекеттік сервистерді цифрландыруға қатысты бірқатар маңызды жаңашылдықтарды айтты. Жиында SIM-карта сатып алу тәртібінің өзгеруі, жеке құжаттарды онлайн форматта қайта рәсімдеу мүмкіндігі және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда қолдану мәселелері сөз болды.
Министрлік мәліметінше, енгізіліп отырған жаңалықтардың негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін арттыру, алаяқтық тәуекелдерін азайту және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту.
Брифинг барысында 2026 жылдың 3 қаңтарынан бастап Қазақстанда SIM-карта сатып алу міндетті биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асатыны белгілі болды. Бұл талап мобильді және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында енгізілген.
Цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, соңғы жылдары нақты тұлғаға тіркелмеген телефон нөмірлері түрлі заңсыз әрекеттерде жиі пайдаланылып келген.
Алаяқтыққа қатысты істерді тергеу кезінде телефон нөмірінің нақты иесін анықтау қиындық туғызады. Осы себепті SIM-карталарды тіркеу ережелеріне өзгеріс енгізіп, биометриялық сәйкестендіруді міндеттедік, – деді ол.
Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков жаңа талаптар жылдың басынан бастап күшіне енгенін атап өтті. Оның айтуынша, SIM-картаны онлайн форматта сатып алу кезінде биометриялық тексеру міндетті. Сонымен қатар байланыс операторларының ресми сату бөлімдеріне жеке барып рәсімдеу мүмкіндігі сақталады.
Мобильді операторлардың қосымшалары арқылы жүргізілетін барлық операциялар биометриялық сәйкестендіру арқылы іске асады. Ал SIM-картаны қарапайым дүкеннен сатып алған жағдайда, оны іске қосу үшін азаматқа жеке басын растауға арналған SMS-хабарлама жіберіледі.Сейсембеков азаматтарға SIM-картаны операторлардың мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуді ұсынды. Ал биометриядан өтуге мүмкіндігі жоқ немесе смартфоны жоқ азаматтар ресми сату орындарына жүгіне алады.
Сонымен қатар бір азаматқа ең көбі 10 SIM-карта рәсімдеуге ғана рұқсат етіледі.
Брифингте құжаттарды цифрландыру мәселесі де көтерілді. Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 2026 жылы қазақстандықтар паспортты онлайн форматта қайта рәсімдей алады.
Бұған дейін ел тұрғындарына жеке куәлікті онлайн түрде қайта шығару қызметі қолжетімді болған. Енді осы тәжірибе паспорттарға да енгізіледі. Алайда бұл қызмет тек қайта рәсімдеу жағдайларына қатысты болады.
Алғашқы құжат алу – жауапкершілігі жоғары процесс. Онда азаматтың фотосуреті түсіріліп, қолтаңбасы алынады. Сондықтан бастапқы рәсімдеу кезінде жеке қатысу маңызды, – деді вице-министр.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, бұл қызмет 2026 жыл ішінде кезең-кезеңімен іске қосылады.
Сондай-ақ министрлік халыққа қызмет көрсету орталықтарының толық жабылмайтынын атап өтті. Керісінше, ХҚКО біртіндеп кеңес беру және бағыт-бағдар көрсету функциясын атқармақ.
Кейбір азаматтар үшін онлайн формат ыңғайлы болса, енді біреулеріне тірі оператордың көмегі қажет. Сондықтан екі формат қатар сақталады, – деді Коняшкин.
Брифинг барысында жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу мәселесі де қозғалды. Алайда цифрлық вице-министрлерді енгізу қазіргі таңда жоспарланбаған.
Ростислав Коняшкиннің айтуынша, саяси және басқарушылық шешімдер үшін нақты тұлғалар жауап береді, ал жасанды интеллект жауапкершілік ала алмайды. Осыған байланысты жасанды интеллект тек көмекші әрі кеңесші құрал ретінде қарастырылады.
Жасанды интеллект 95-97 пайыз жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын деңгейге жеткенде ғана оған белгілі бір функцияларды сеніп тапсыру туралы айтуға болады. Қазіргі уақытта мұндай деңгейге жеткен жоқпыз, – деді ол.
Министрлік өкілдері болашақта AI-көмекшілер азаматтардың күнделікті өмірін едәуір жеңілдетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда адамды толық алмастыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.