«Тексіздердің тентектігінен көз жұмды». Депутат Талғардағы атышулы оқиға жайлы айтты

9 Қазан, 16:40 1583
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы 16 жасар Шерзат Болаттың өліміне әкеліп соққан Талғардағы атышулы жағдай туралы айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі депутаттық сауалым аты адам болғанмен әрекеті адамдықтан ада қылмыскерлер хақында. Алыстан орағытпай тура тартсам жұрттың жағасын ұстатқан жағдай Алматы облысы Талғар ауданында болды. Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. «Біздің қоғам қайда бара жатыр?», – деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда, - деді мәжілісмен.

Нартай Аралбайұлы кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылғанын атап өтті.

Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды.Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке алкоголь. Қазақ «арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады. Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ-і өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?, - деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне сенім артуымыз тиіс.

Президенттің «Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет» дегенін де ескертейін. Сондықтан қылмыс орын алғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін. Сондықтан оған қоса мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды. Қаперлеріңізге тағы бір жайтты салайын, осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жасар Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын он шақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе жұрт бұлай шарқ ұрмас еді. Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жасар ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз, - деді мәжілісмен.

Нартай Аралбайұлы соңғы уақытта жасөспірімдер арасында жиілеп кеткен қайғылы жағдайларға тоқталды.

Жасөспірімдер жапа шеккен жағдайларды тізсем таңды таңға ұруға тура келеді: қыркүйекте Павлодар облысының Кенжекөл ауылында бір топ бұзақы бір жасөспірімді аяусыз сабап тастады. Ақтауда жасөпірімдердің жаппай төбелесі түсірілген видео тарады осы аптада, ол жерде топ-топқа бөлінген балалар бір-бірін аяусыз сабап жатыр. Артынша сол Ақтауда бірнеше қыздың бір қызды ұрып қорлап жатқаны түсірілген бейнежазба желіні кезіп кетті. Бұл тек соңғы айдағы жайттар, - деді ол.

Осылайша, депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Саденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа бірқатар ұсынысын атап өтті.

1. Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс.
2. Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет.
3. Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек.
4. Мемлекет Басшысы ұсынған Заң мен Тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Ол үшін халыққа адал қызмет ету керек, адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенімсіз атқарылған істің бәрі еш кететіні әмбеге аян. Осыны ұмытпайық!
Миражан Махан
Бөлісу: