Техникалық қателіктен грантсыз қалған талапкердің мәселесі шешілді

12 Тамыз 2022, 17:04 1582

Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін ведомство атынан кешірім сұрады

Техникалық қателік тез арада түзетіліп, талапкерге универиситет гранты бөлінетін болды, деп хабарлайды El.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мектеп түлегі Тастан Жасмин Қуанышқызы мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысу үшін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырған. Қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қателік жіберіп алған. Осыдан кейін грант иегерлерінің тізімі жарияланғанда баласының оқуға түспегенін білген ата-ана аталған оқу орнының басшылығына, министрлікке арызданды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бүгін бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Тез арада техникалық қателік түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ, ол жатақханамен қамтылады.

Ал, құжат қабылдауда қателік жіберген М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына «сөгіс» берілді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және Жоғарғы оқу орындары ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескертті», - делінген ресми хабарламада.

Бөлісу: