Текелі қаласына газ берілді

30 Тамыз, 17:14 1107

Жетісу облысы Текелі қаласы тұрғындарының үйлеріне көптен күткен табиғи газ беріле бастады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндағы «Достық» шағын ауданының тұрғындары көгілдір отынға бірінші болып қосылуда, атап өтсек, бұл шағын ауданда 1200 абонент бар. Жалпы Текеліні газдандыру жобасы биыл толығымен аяқталады, қаланың шағын аудандары газға кезең-кезеңімен қосылады

Текелі қаласында алғашқылардың бірі болып Күншығыс көшесіндегі № 215 үйдің тұрғындары газбен жабдықтау жүйесіне қосылды.

Жасым 73-те, мен осы қалада дүниеге келдім. Қазір егде тарттым сондықтан көмір тасып, от жағу, күл шығару маған оңай емес. Біз газды асыға күттік. Бүгін, міне, көптен күткен арманымыз орындалды, - деп қуанышын жеткізді Людмила Проскурякова.

Бүгін текеліліктермен бірге табиғи газға Ескелді және Қаратал аудандарының бірнеше ауылының тұрғындары да қол жеткізді. Көгілдір отын жалпы 1700-ден астам адам тұратын Өтенай, Жаңалық және Ортатөбе ауылдарына берілді.

Ескелді ауданында 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Оның 10-ы бүгінде газдандырылды, 9 елді мекенде газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қайнарлы ауылына газ тарату желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының конкурстық процедуралары аяқталды. Жалғызағаш ауылын газбен қамту бойынша жобалық жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылы аталған барлық жобалар іске асырылғаннан кейін аудан 100% газдандырылады, - деді аудан әкімінің орынбасары Айдын Исабеков.

Қаратал ауданы туралы айтатын болсақ, бүгінгі күні Көкдала, Достық, Қанабек, Жаңаталап, Кәлпе, Оян, Бастөбе, Ортатөбе ауылдарында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Үштөбе қаласы тұрғындарының 40%-ы немесе қаланың батыс бөлігінің 8 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 11 мыңға жуық адам тұратын қаланың қалған шығыс бөлігін де газбен қамту жоспарланған. Сонымен қатар ауданның 5 ауылында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл елді мекендерді газға қосу жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп межеленген. Жалпы Қаратал ауданы да 2025 жылдың соңына дейін толық газдандырылады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: