Туризмнің люкс сегментіне бағытталған beOnd әуе компаниясы Мальдив бағытында ерекше рейсті іске қоспақ.
Компания рейстерінің барлығын тек бизнес-класс форматында ұсынып, жоғары деңгейлі сервиске басымдық беріп отыр.
Бұл әуе компаниясы 2026 жылдың желтоқсанынан бастап жаңа бағыттарды іске қосатынын мәлімдеді. Енді Мальдив аралдарына Лондон мен Париж қалаларынан тікелей болмаса да, тұрақты рейстер арқылы жетуге болады.
Жоспарға сәйкес, әр бағыт бойынша аптасына үш рейс орындалады. Ұшақтар Лондондағы Хитроу және Париждегі Шарль-де-Голль әуежайларынан ұшып, Мале халықаралық әуежайына бағыт алады. Рейстер түнгі уақытта жүзеге асырылады.
Айта кетерлігі, бұл бағыттар тікелей болмайды – жолда Дубайдағы Әл-Мактум әуежайында жанармай құю және техникалық тоқтау қарастырылған. Ұшулар Airbus A321 ұшақтарымен орындалады.
Жаңа бағыттар beOnd-тың Еуропадағы қазіргі желісін толықтыра түседі. Қазіргі таңда компания Мальдивті Мюнхен, Цюрих және Милан қалаларымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар осы бағыттардағы рейстер жиілігі де артады: Мюнхенге ұшулар аптасына екіден төртке дейін, ал Цюрихке екіден беске дейін көбеймек.
Әуедегі люкс-формат
beOnd өзін «толықтай люкс сегментіндегі алғашқы әуе компания» ретінде таныстырады. Қазіргі таңда оның әуе паркінде екі ұшақ бар – Airbus A321 және Airbus A319.
Барлық орындар бизнес-класс форматында жабдықталған: жолаушылар толық жазылатын креслоларда демалып, жоғары деңгейдегі қызметті пайдалана алады. Ұшақ бортындағы мәзір әлемдік деңгейдегі аспаздар әзірлеген тағамдардан тұрады және әр бағыттың гастрономиялық ерекшеліктерімен үндеседі.
Эксклюзивтілікті сақтау үшін рейстердегі орын саны әдейі шектелген. Мәселен, Airbus A321 ұшағында бар болғаны 68 жолаушыға орын қарастырылған. Креслолар Ferrari компаниясы әзірлеген арнайы қаптамаларға орнатылып, сапалы италиялық былғарымен қапталған.
Жолаушыларға Beats құлаққаптары мен Apple компаниясының VR-гарнитуралары ұсынылады. Ал дәстүрлі экрандардың орнына iPad Pro планшеттері беріледі.
Сонымен қатар билет құнына жеке жүргізушісі бар трансфер қызметі де кіреді.
Айта кетейік, әлемде бизнес-класқа ғана бағытталған әуе компаниялары өте аз.