Британиялық туристер саяхат жоспарлауда цифрлық технологияларды жиі пайдалана бастады. Бұл үрдіс Қазақстанға да жат емес, отандық нарық та жаһандық трендтерді өз шындығына бейімдей отырып қабылдауда.
EasyJet әуе компаниясының соңғы есебі көрсеткендей, виртуалды турлар, VR-технологиялар мен жасанды интеллект енді сапар алдындағы дайындықтың ажырамас бөлігіне айналған. Ең бастысы, туристердің қызығушылығы түбегейлі өзгеріп жатыр: баға мен қашықтықтың орнын әсер, тәжірибе және сапардың мәні басуда.
EasyJet пен оның туристік бөлімшесі EasyJet Holidays жүргізген зерттеуге 2 мың британиялық турист қатысқан. Нәтижесінде олардың 49 пайызы демалыс бағытын нақты таңдамас бұрын сол орынды виртуалды түрде «көріп алуды» жөн санайтыны анықталды. Бұл мақсатта бейнеблогтар, виртуалды шындық қосымшалары (VR), интерактивті цифрлық платформалар кеңінен қолданылады.
Оқи отырыңыз:
Сарапшылар мұны тұтынушылық мінез-құлықтағы маңызды бетбұрыс деп бағалайды. Қазіргі турист болашақ сапары жайлы барынша толық ақпарат алғысы келеді: атмосферасы қандай, адамдар қалай өмір сүреді, өзін сол ортада қалай сезінуі мүмкін, соның бәрі шешім қабылдауға әсер етеді.
Технологиялар туристер үшін визуалды құрал ғана емес, коммуникациялық көпірге де айналды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, британиялық туристердің 22 пайызы шетелде жүргенде аударма қосымшаларын тұрақты қолданады. Бұл тіл білмеу факторын екінші орынға ысырып, жаңа бағыттарға жол ашуда.
Осы орайда тағы бір маңызды көрсеткіш бар: респонденттердің 52 пайызы 2026 жылы бұрын ешқашан болмаған елге немесе өңірге сапар шегуді жоспарлап отыр. Бұл саяхат географиясының кеңейіп, туристердің белгісіз бағыттардан қорықпайтынын аңғартады.
EasyJet деректері баға мен қашықтықтың бұрынғыдай шешуші фактор емес екенін айқын көрсетеді. Туристер үшін енді жеке қызығушылықтар мен ішкі мотивация алдыңғы қатарға шыққан.
Тарихи қажылық маршруттар, сүйікті фильмдер мен сериалдар түсірілген орындарға сапар, мәдени және спорттық шараларға бару – мұның бәрі сұранысқа ие бағыттарға айналуда. Сауалнамаға қатысқандардың 28 пайызы белгілі бір жерді оның поп-мәдениетпен байланысына бола таңдайтынын жасырмаған.
EasyJet бас директоры Кентон Джарвис бұл есеп туристік мінез-құлықтың түбегейлі өзгергенін дәлелдейтінін айтады. Оның пікірінше, технологиялар саяхаттауды туристер үшін де, авиакомпаниялар үшін де әлдеқайда қолжетімді әрі тиімді етті.
Ал EasyJet Holidays компаниясының басшысы Гарри Уилсон 2026 жылға қарай демалыс «әлдеқайда саналы, мәнді әрі әсерге бағытталған» сипат алатынын атап өтті. Яғни турист үшін енді басты сұрақ – «қайда барамын?» емес, «неге дәл сол жерге барғым келеді?»
Бұл – туризмнің тұтынушылық модельден тұлғалық, мағыналық модельге көшіп жатқанын көрсететін маңызды белгі.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары туризм индустриясының келбетін мына бағыттар айқындайды:
Гиперперсонализация
Жасанды интеллект туристің бұрынғы сапарларын, қызығушылықтарын, тіпті әлеуметтік желідегі мінез-құлқын талдап, жеке маршруттар мен ұсыныстар жасайды. Бұл онлайн-платформалармен қатар, турагенттердің жұмысында да кеңінен қолданылады.
Экологиялық және тұрақты туризм
Туристер экологияға жауапты бағыттарды, «жасыл» қонақүйлер мен жергілікті қауымдастықты қолдайтын жобаларды көбірек таңдайды. Тұрақты даму енді маркетинг емес, бәсекелік артықшылыққа айналуда.
Өткен күндерге жетелейтін сапарлар
Балалық шақ өткен жерлерге, жастық шақпен байланысты қалаларға, тарихи кезеңдерге қызығушылық артып келеді. Бұл – эмоциялық байланысқа негізделген туризмнің өсуі.
«Ақылды» қалалар
AI-навигация, электронды гидтер, бірыңғай төлем жүйелері бар қалалар талапшыл туристер үшін тартымды бола түседі.
Тақырыптық туризм
Гастрономиялық, агротуризм, қолөнер мен шеберлік сабақтарына негізделген сапарлар, этнографиялық және археологиялық экспедициялар сұранысқа ие болмақ.
Workation – жұмыс пен демалыстың үйлесімі
Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар туристер үшін қонақүйлер коворкинг, тұрақты интернет пен арнайы пакеттер ұсына бастайды.
Антистресс және wellness-туризм
SPA-курорттар, ретриттер, йога мен медитацияға арналған тыныш бағыттар – мегаполис тұрғындары үшін басты таңдау болмақ.
Былайша айтқанда, туризм енді жай ғана демалыс емес, адамның өзін тануына, қалыпқа келуіне және жаңа мағына табуына арналған кеңістікке айналып келеді. Ал технологиялар осы жолдағы басты серіктес болады.
Бұған дейін қазақстандықтар визасыз бара алатын елдер жайлы жаздық. Сонымен қатар турагенттерге деген сенім неге азайып кеткеніне де тоқталдық.