Техниканың тілін меңгерген Марал ханым

8 Наурыз, 14:29 882

Қала ішінде теміржолмен жүретін трамвайды алғаш рет көргенда қалай таңырқағаным әлі есімде.  Мектепті енді ғана бітіріп, арман қуып қалаға келген кезім. Ең алғаш трамвайға мінгенім, оның қалай жүргені, тіпті, қандай жол жүру билетін алғаныма дейін есімде. Тағы бір таңқалдырғаны, сондай алып, әдеттегі қоғамдық көліктерге ұқсамайтын техниканы нәзік әйелдің тізгіндеп жүргені еді.

Кеше редакциядан 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай материал дайындау туралы тапсырма берілгенде сол бір нәзік жанды әйел ойыма орала кетті.

Тағы трамвайға тұра жүгірдім. Бұл жолы трамвай тізгінінен алғаш көрген жанды жолықтырмасам да, трамвайды басқарып келе жатқан тағы бір әйелді кезіктірдім. ­Өзі сондай сұлу. Жүзінен әдетте қоғамдық көлік тізгіндеген жүргізушілерден байқала бермейтін жылулық еседі, жанары да жайдарлы. Бұл оның ісіне деген махаббатын, адалдығын көрсеткендей. Жұмысына кедергі келтірмейін деп ұзақ бақыладым. Трамвай жүргiзудiң оңай жұмыс еместiгiне көз жеткiздiм. Дауысы былай тұрғанда түрінің өзі үрей туғызатын көлікті басқару әйел затына қол емес деп ойласам, мүлдем қателескен екенмiн. Себебі,  осы жолы көргенім тарихпен бірге жасап келе жатқан трамвай тізгіншісінің бірі  - қазақтың қайсар қызы Марал Қайыржанова болып шықты.

Бүгінде қазақтың қайратты қыздарын қай саладан да кездестіре аламыз. Өйткені, «қырық жанды» қылықтыларымыз қай кәсіпте болсын ер азаматтармен тең дәрежеде еңбек етіп жүр. Олардың ел ішінде ерге бергісіз қабілеті мен талайды тамсандырған қасиеті көп. Марал Қайдарқызы да трамвай жүргізуін ердің ісі деп есептеп, есе жіберіп отырған жоқ. Оның қаладағы халық үшін ең тиімді көлік саналатын трамвайдың тізгінінде жүргеніне биыл он жыл болыпты.

Трамвай мен үшін таңсық емес. Өзім Павлодар қаласында туып өстім. Кішкентай кезімізден осы трамвайлар арқылы діттеген жерімізге жетіп алатынбыз. Кейін әжемнің айтқан ақылымен осы мамандықты меңгердім. 2014 жылдан бастап трамвай жүргізушісі болып еңбек ете бастадым. Алғашында жүрексінгенім рас, кейін үйреніп кеттім. «Еңбек етсең емерсің» дегендей, өз жұмысымды адал атқарып, ризық-несібемді трамвай  жүргізіп, жолаушы тасып тауып жүрмін.  Осы уақытқа дейін жұмысқа барғым келмеген кездер болған емес, - дейді Марал Қайыржанова.  

Марал Қайдарқызы таңмен таласа қала ұйқыда жатқанда жұмысқа келеді. Трамвайдың техникалық жағдайын бақылап, қажетті жабдықтарын түгендеп алу – оның жұмысының алғашқы сатысы. Техникалық талапқа сай келсе, жолға шығады. Күні бойы кездесетін кедергілерге қарамастан, жолаушыларды діттеген жеріне аман есен жеткізуді міндет тұтады. Таңғы 5-тен бастап түнгі 2-ге дейін жұмыс істеудің өзі әйел адамға қанша тырысқанмен физиологиялық ауырлық әкелетіні рас. Әсіресе қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында рөлде отыру қиынның қиыны.  Алайда, кәсібін сүйген Марал Қайдарқызы үшін бұл айтарлықтай ауырлық тудырмайды.

Марал Қайдарқызы жұмысына кіріскен соң трамвай тізгінін тура тартып, аялдамалар арасында аз-кем тоқтап сапарын жалғайды. Жолаушылардың түсіп, қайта мініп отырғанына толық көз жеткізген соң келесі аялдамаға бағыт алады. Керек кезде қос вагонды трамвайларды да тізгіндей береді. Жол ережелеріне сақтықпен қарап, сапарын жалғастырады. Қаншама адамның өмірі өзіне байланысты екенін жақсы түсінген Марал Қайдарқызы жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Себебі, жол қателікті кешірмейді.

Жұмысымыз жауапкершілікті талап етеді. Сасқалақтаудың кесірі кесапатқа илігеді. Сондықтан бұрылыстарда, көліктер көп шоғырланған ортада батыл әрі нақыты әрекеттер жасау маңызды. Көліктер жолымызды жауып, кейде кідіріп қалуымызға себеп болады. Төрт бағытқа мұқият болуымыз қажет. Сонымен қоса, есіктер ашылмай қалатын сәттер, түрлі жайттар болады. Сондай кездері сабыр сақтап, жедел әрекетке көшуіміз маңызды, - дейді ол.

Темір тұлпардың «тілін» тапқан білікті маман бүгінде трамвайдың ішкі-сыртқы техникалық ақауларын жүріп бара жатып, дауысының дүбірінен-ақ қапысыз таниды. Өзі күнделікті мініп жүрген көлік бабының кемдігін анық сезеді. Қара жолдың бойында қақ жарылып екі жақтан алқынған көліктердің арасынан өтіп, жұмыс жасаудың оңайға соқпайтынын білсе де, барлығын шыдамдылық пен сабырлылыққа жеңдіріп жүр. Марал Қайдарқызы бүгінде жауапкершілігі мол жүргізушілер санатында.

Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Дегенмен, жақсы көретін кәсібім болғандықтан қиындыққа мойымаймын. Жұмысым, әріптестерім -  екінші отбасымдай. Мен қазір 2 класс трамвай жүргізушісімін. Еңбек жолымда көптеген адамдарға тәжірибеммен бөлісіп, осы саланың қыр сырын меңгеруіне үлес қостым. Қазір сол адамдардың біразы менің әріптестерім, - дейді ол.

Марал Қайдарқызы жұмыста тәжірибелі қызметкер болса, отбасында Мәриям және Айша есімді қос бүлдіршіннің аяулы анасы. Демалыс уақытында қыздарына айрықшы көңіл бөледі, қаншалықты қарбалас тірлікпен, қауырт жұмыспен жүрсе де балаларының тәрбиесіне басымдық береді.

«Бала - бауыр етің», дегендей  таңнан кешке дейін әр ананың ойында «балам не істеп жатыр екен, баламның қарыны аш па екен»  деген ой тұрары анық. Бірақ, мен жұмыс уақытында өзіме артылған жауапкершілікті ғана ойлап отырамын, балаларым үшін алаңдамаймын. Себебі, олар менің ата анамның қарауында болады. Бұл ретте әрдайым менің жанымнан табылып, маған қолдау білдіріп отырған әкем мен анама айтар алғысым шексіз. Ал демалыс күндері қыздарыммен уақыт өткіземін. Олармен сырласып, сабақтарын қадағалап, әр нәрсені ұқыпты әрі тиянақты орындауларына аса мән беремін, - дейді Марал Қайдарқызы.

Ұлы дала халқы әйел затын ардақтап, құрмет еткен, көшпелілер қоғамындағы орны мен отбасындағы ошақ қасы істерін қашан да қадірлеген. Қазіргі заманда елдіктің жүгін ер азаматтармен бірдей арқалап, адал еңбектің ақ туын көтеріп жүрген Марал Қайдарқызы сияқты аналардың елеулі еңбегі де құрметке лайық екені сөзсіз.

Мереке Амантай
Бөлісу: