Тегін тіл үйренемін десеңіз...

20 Сәуір 2020, 19:59 3629

Көпшілікке тигізер пайдасы мол Аскер Пириевтің ісі

«Covid-19» адамдардың өмірін түбегейлі өзгертті. Карантин кезінде төртқабырғаға қамалып отыру оңай емес. Бірақ та қазақстандықтар үйден шықпай-ақ тиімді әрі қызықты істерді ойлап тауып, шұғылданып жүр. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, келіндер мен аналар дәмі тіл үйіретін дәмді тағамдарды әзірлеп жатса, ер адамдар түрлі челлендждерді ойлап тауып, уақытты құр жібермеуде. Республикада әлемдік пандемияға байланысты наурыздың 16-нан бастап төтенше жағдай режимі енгізілгені белгілі. Осындай жағдайға орай елордадағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы да түрік тілінен жұртшылыққа онлайн әрі тегін сабақтарын жүргізіп келеді. 

Жүз мыңдаған адам өмірін жалмаған қауіпті індеттің кесірінен мемлекеттер бірінен соң бірі шекараларын жауып, карантин жариялай бастады. Көп уақыт өтпей мұндай шараны Қазақстан билігі де қолданды. Алғашында індетті жұқтырған қалалар карантинге көшсе, кейін қатарын өзге қалалар толықтырды. Осы кезде ел тұрғындары үйде карантин уақытында айналысатын шаруаларының тізімін жасауға кірісті. Ал Нұр-Сұлтандағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жетекшісі Аскер Пириев тек өзіне емес, көпшілікке де пайдасы бар істер жайында түрлі идеяларды қарастырған екен.


– Сол кезде қолыма блокнот пен қалам алып, үйде шұғылдануға болатын істердің тізімін жазып шықтым. Соның ішінен басқаларға да пайдалы болатынын ескеріп, түрік тілін үйрету ісін қалдырдым.. Бұл тілді үйренуге қызығушылық танытқан қазақстандықтар өте көп болатын. Аллаға шүкір, бұл тілді өзгелерге де үйрететіндей деңгейде меңгергенмін. Содан бейнебайланыс үшін пайдаланатын ZOOM бағдарламасын   компьютерге жүктеп, әлеуметтік желілерде түрік тілін үйретуге қатысты хабарландыру тараттық. Бағдарламаны тіл үйренгісі келетін азаматтар үшін барынша ыңғайлы етіп жасауға тырыстық. Оларға яғни тіл үйренушілерге өзімді түрік тілінің мұғалімі ретінде емес, жаттықтырушысы (тренері) ретінде таныстырдым.

Иә, расымен де тілді кез келген адам үйрене алады. Бұған тек қана қызығушылық пен дұрыс дайындалған методика болуы қажет.

– Біріншіден, көптеген тіл оқытушыларының жасайтын қателіктері – үйренушілерді өздері секілді ойлауы. Мәселен, мен түрік тілін жетік білгенмен, өзгелер білмейді ғой. Сондықтан тілді білмейтін адамды ескеру үшін былайша ойлауы қажет: Мен вьетнам тілін білмегенім үшін кіммін? Сол секілді айналамыздағы немесе сол тілден дәріс алушылар менің вьетнам тілін білмегенімдей, түрік тілін білмейді деген көзқараспен қарауы шарт.

Тіл үйрететін бағдарламаны ескерудегі бұл бір жайт. Бұдан бөлек те көптеген маңызды дүниелер жетіп артылады.

– Менің жағдайымда, тілді үйренушілер аудиториясы кез келген жастағы азаматтар. Яғни мектеп жасындағы оқушылардан бастап қызмет ететін ересектерге дейінгі ел тұрғындары. Олар білім көкжиегін кеңейтіп, түрік тілінде емін-еркін сөйлеуді мақсат еткендер. Осы орайда бір айта кететін жайт, балаларға қарағанда ересек адамдардың есте сақтау қабілеті төмен болып келеді. Соған да баса назар аудардық. Бастысы - берілген материал адамның санасы қабылдайтындай дәрежеде болуы.

Сондай-ақ Аскер Пириев ересектерге бағдарламаны жасына әрі қызығушылығына қарай етіп жасағанын тілге тиек етті.

– Осы бағдарламамды дайындауға шамамен үш күн, үш түн уақыт жұмсалды. Пайдалы әрі жинақы етіп жасау үшін түнгі үш-төртке дейін отырдым. Көз алмастан балалар ойнайтын компьютерлік ойындар болады ғой.. Ойынды тастай алмайсың, қалғып кетсең, көзіңді ашқан бойда бірден ары қарай жалғастырасың... Сол секілді менде де түнде қалғып кеткен кездері таңмен бірге оянып, ары қарай бағдарламамды жасаумен шұғылдандым. Жинақталған білім қорын әр түрлі ақпараттармен салыстырып отырдым. Не керек үш күннің ішінде қолымда әжептәуір материал жинақталды.

Бірақ та Аскер Пириев негізгі базасын жинақтаумен тоқтап қалмаған. Сонымен қоса, бағдарламасының материалдарын күн сайын қосымша жаңа ақпараттармен толықтырып отыруды әдетке айналдырған. Одан бөлек, тіл үйренушілерден түскен сұрақтар легінің маңыздыларының жауаптарын мағлұмат ретінде материалға енгізіп, базасын жаңа ақпараттармен жаңартып отыратынын айтады.

– Бұл жобаны жасау барысында ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Байқағаныңыздай, барлығына қызығушылықтың, еңбектің, ізденудің арқасында қол жеткіздік. Ілгеріде айтқанымдай, адамның өзінің ұнатқан ісі болса, оған деген қызығушылығы болса, тау қопаруға дайын болатыны рас. Сол секілді тілді тиімді үйретуі үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамын. Мәселен, ZOOM платформасындағы тақтайша арқылы (доска) кейбір тақырыптарды талдап, жан-жақты түсіндіремін. Әлбетте, өзімді сабақ басталмастан бұрын кем дегенде 20 минуттай дайындаймын. Ақпараттарды қайтадан басынан аяғына дейін түгел қарап шығамын. Тақырыпқа қатысты ғаламтордан қызықты бейнероликтер тапсам, жүктеп аламын.

Расында білгеніңді өзгеге үйрету үшін білім мен қоса, қыруар еңбек, жан-жақтылық қажет. Тіпті діттеген мақсатқа жету жолында кез келген адам ұсақ детальдарға дейін назарда ұстауы тиіс.

– Онлайн сабақтың материалдарын жеке-жеке тақырыпшаларға бөлдім. Бір сабақ шамамен 80 минуттай болады. Үйренушілер сабақты меңгерсе, келесі тақырыптарға көшіп отырамыз. Ал түсінбей қалса, онда сол тақырыпқа бірнеше күнді арнаймыз. Өйткені бір тақырыпты түсінбей қалса, келесі сабақты ұғыну қиынға соғады. Сондықтан мұндай материал болса, біз алға қарай қадам жасамаймыз. Алғашқы сабақтарды әліппені тану, дұрыс жазу, дұрыс оқу, дұрыс сөйлеу яғни жалпы базасына арнадық.

Сонымен қоса, өте жиі қолданылатын 100 сөз пен 50 етістіктің тізімі де жасалыпты. Бұл өз кезегінде тіл үйренушілерге күнделікті тұрмыста тәжірибе жүзінде қолдануға қажет дүние екендігін айтады Аскер Аллабердіұлы.

– Түрік тіліне бейімделу үшін жасалатын арнайы 300-дей гимнастика бар. Гимнастиканы жасау барысында тіл үйренушілердің тілдері, жақтары аздап шаршап қалатын жағдайлар барлығында болып тұрады. Неге? Өйткені бұл тіл оларға жаңа болғандықтан алғашында осындай қолайсыздықтарды сезінеді. Бұл – уақытша. Сондықтан бұған қалыпты дүние ретінде қараған жөн. Тағы бір айта кететін нәрсе, көп адамдардан тіл үйрену үшін міндетті түрде орта қажет деген сөздерді естіп жатамыз ғой... Ал мен болсам, бұған қарама-қарсы қағиданы яғни тілді орта болмаса да, үйренуге болады деп айта аламын. Бұған бастысы адамның қалауы мен дұрыс методика жеткілікті екеніне сенемін. Оған қарапайым мысал, осы уақытқа дейін өткен сабақтардың нәтижесінде тіл үйренушілерімнің әжептәуір ілгерілегенін байқадым.

Түрік тілі түбі бір түркі тілдес елдердің қолданатын сөздеріне ұқсас болып келеді. Яғни сөздердің бірдей болуы сол ұлттың тіл үйренушілеріге меңгеруіне де оңайырақ. Аскер Пириевтің айтуынша, қазақ тілі мен түрік тілінің грамматикасы яғни қарапайым сөздерден сөйлем құрау тәсілі бірдей екен. Бірақ та қазақ тілді үйренушілер «кейбір ұқсас сөздер өз ана тіліндегідей бірдей жазылғанымен оның айтылуы әртүрлі. Яғни осы диалектика жағынан қазақ бауырларымызға аздаған қиындықтар бар. Ал грамматика, сөздерді жаттау тұрғысынан ыңғайлырақ» дейді.

– Бұл тілді үйренушілердің жасына ешқандай шектеу жоқ. Бұған тілді үйрену курсымызға қызығушылық танытқандар яғни жеті жастан бастап жетпіс жасқа дейінгілер қатыса алады. Бастысы – менің әдісім оларға ыңғайлы әрі пайдалы болғаны. Әрбір қатысушы дәрістің барысында белсенділік танытып, сабаққа араласып, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып отырады. Мысалы, өткен тақырыптар бойынша олар өзара түрлі кішігірім диалогтар құру сынды істермен айналысады. Сабақтың бітуінің соңғы 15 минутын   сұрақ-жауап рубрикасына арнаймын. Кейде сабақ ортасында өте маңызды сауалдар шығып қалса, оларға сол кезде бірден жауап беруге тырысамын. Ал жалпы үйренушілер өз сұрақтарын берілген уақытта қойып, жауаптарын ала алады. Кейде барлық сұрақтарға жауап беруге уақыт жетпей қалып жатса, маған жекеге жазуларын не келесі сабақта сұрақтарын дайындап келуін сұраймын. Неге? Өйткені бір емес бірнеше адамда ұқсас сауалдар болуы мүмкін. Егер солар сабақ барысында қойылса, бір мезетте бір адам емес, бүкіл аудитория жауаптарын ала алады. Бөлек үй жұмысы жоқ. Тек қана өткен материалдарды пысықтау мақсатында 1-2 қосымша материал беремін. Түсінбеген сұрақтары болса, келесі сабақта сұрап, жауаптарын алады. Ал барлығы түсінікті болса, келесі сабаққа ауысамыз.

Елдегі қалаларда карантин жарияламас бұрын қашықтан оқытуды бастаған Аскер Пириев бір сабағын қалдырмай, басынан аяғына дейін толық меңгеріп келе жатқан азаматтар жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімді. «Ақын болып өлең жазатындай, жазушы болып кітап жазатындай дәрежеге жетпесе де, түрік тілінде біраз сөйлемдер құрап, қажет болса түрік мекемелерінде жұмыс та істей алатындай, Түркияға саяхаттап барғанда еш қиындықсыз жергілікті тұрғындармен емін-еркін сөйлесе алатындай деңгейге жеткіземіз деп ойлаймын» дейді «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жетекшісі.

– Тегін әрі онлайн форматта өтетін сабақтарымыз карантин аяқталғанша жалғасады. Сабақ күнделікті сағат 16:30 басталады. WhatsApp қосымшасында арнайы тобымыз бар. Сол жерге күн сайын басталатын уақытта ZOOM платформасына кіретін сілтеме жіберіледі. Сол сілтемені басып, үйренушілер бейнебайланысқа қосылып, алдағы бір жарым сағаттарын түрік тілін үйренуге арнайды. Мұны ешкім қаржыландырып жатқан жоқ. Өйткені бұл жерде ешқандай шығын жоқ. Шығын - менің уақытым. Бірақ та бұл қолға алған ісімнің халыққа пайдасы тиіп жатса, шығындар қатарына жатқызбаймын.

Табанды еңбек пен төгілген тердің жемісін үйренушілерінің бойынан көру Аскер Пириев үшін үлкен бақыт.

– Алғаш бастаған сәттен бастап осы күнге дейін әрине нәтижелер баршылық. Түрік тілінен бір әріпті білмей келген азаматтар бүгінде оқып, жазып, диалогтар құра алатын деңгейге жетті. Яғни өздері жайында қысқаша ақпарат бере алады. Қатысушылардың саны да артып келеді. Бұл өте қуантарлық дүние.

Бір айта кетерлігі, бұл курсты оқығанын растайтын құжат берілмейді. Аскер Аллабердіұлының айтуынша үйренушілер тарапынан құжат сұрап жатқандар да жоқ екен. Жалпы бұл іс осы карантин уақытын қызықты, тиімді әрі пайдалы етіп өткізу үшін ойдан туындаған идея екенін айта кетейік.

– Артықшылықтары өте көп. Белгілі бір орталыққа барудың, жолға ақша шығындаудың қажеттілігі жоқ. Үйден шықпай-ақ тегін онлайн форматта үйрене беруге болады. Қазіргі кезде көбіміз онлайннан гөрі оффлайнға көбірек бейімді екеніміз рас ... Яғни тақта, жазатын бор, оның иісі немесе партаға отырып, дәптерге жазу сынды және т.б. үйреніп қалдық қой... Осы тұрғысынан өзгелер секілді өзіме де аздап жаңа дүние болып тұр. Заман сұранысына сай адамдар онлайнға да бейімделіп тұрғаны жөн.

Тіл мамандары кез келген тілді өзгенің көмегінсіз үйреніп кететіндер бар екенін алға тартады. Бірақ бұл үшін мықты ерік жігер мен табанды еңбек қажет.

– Иә, расын да адам кез келген тілді үйрене алады. Бірақ ондай адамның саны бар болғаны 1%-ды ғана құрайды. Өз бетімен үйреніп кететіндерге қатысты бүкіл әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек... Бұл неге байланысты? Мен талантқа және іштей қатты қалауға қатысты дер едім. Мәселен, күні-түні үздіксіз әндерді тыңдап, жаңа ақпараттар іздестіріп, еңбектенсе, оның бір нәтижесі болады. Бірақ та жалпы адамзат баласының бойында жалқаулық қасиеті барын жоққа шығармауымыз қажет. Олар әр нәрсенің өздігінен бола қалғанын қалайды. Алайда ешқандай әрекетсіз аспаннан түсе салатын нәрсе жоқ. Тіпті жоқтан бар болмайтынын физиканың заңы да айтады. Демек, бір іске қол жеткізу үшін еңбек ету керек. Мәселен, түрік тіліне арналған елімізде арнайы орта жоқ болғанымен, ғаламтордың берер мүмкіншіліктері көп. Грамматиканы өз бетімен үйренсе, уақытының көп бөлігін аудио және бейне материалдарды тыңдауға жұмсаса, міндетті түрде белгілі бір нәтижені бағындыратынына сенемін.

Жалпы қандай да бір тілді үйрену үшін ілгеріде айтылғандай орта, қалау, дұрыс методика болуы шарт. Бұл әрқашан есте ұстайтын маңызды 3 фактор. Егер орта болмаған жағдайда үйренушінің өзі сол ортаны қалыптастыруы керек. Мәселен, үйреніп жүрген тілде сөз тіркестерін жазып, үйіндегі қабырғаларға іліп қойса, көп септігін тигізеді екен. Оған қоса, сол тілде мультфильм, телесериалдар мен фильмдер көрген және әндер тыңдаған да пайдалы. Мысалы, мультфильмдерде барлық сөздер баяу жылдамдықпен әрі анық айтылатындықтан тыңдау қабілетіңізді дамытуға қолайлы. Сонымен қоса, мамандар үйреніп жүрген тілдің отанына байланысты суреттерді көбірек ілу де септігін тигізетінін айтады. Бұл керісінше үйренушінің тілді жылдам меңгеруге жағдай жасайды.

Бастысы, біз, қанша тіл білсек, сонша әлемнің кілті ашылатыны естен шығармайық.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: