Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров еліміздегі малшылардың жағдайын жақсартуды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаздың ми қайнатар ыстығы, көктем-күздің жаңбырлы түні мен бүйірден соққан желі, қаһарлы қыстың қырауына қарамастан малды аман сақтау оның міндеті. Осыны ескере келе малшының мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше ұсынысым бар: малшының балаларын балабақшамен қамтамасыз ету. Мектеп жасындағы балаларына жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашып оқыту қажет. Жоғары оқу орындарына түсуге арнайы гранттар бөлу және Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған малшы балаларына арнайы жеңілдіктер жасалуы қажет, - деді депутат.
Депутат өз ұсынысында жылына бір мәрте малшыны жанұясымен бірге тегін медициналық қызметтерден өткізіп, шипажайға демалуға жолдама берілу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ауыл мен аудан орталықтарында мемлекттік бағдарламамен салынып жатқан қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету керегін айтты.
Малшының жұмысы ауыр болғандықтан, зейнетке шығу жасын төмендету, бұл жерде мен әскери қызметкер сияқты 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамға зейнетке шығаруды ұсынар едім. Бүгінгі таңда мал бағушылардың еңбектері жұмыс беруші тарапынан бағаланбай жатқанын ескерсек, Еңбек бағдарламасы арқылы мемлекеттен белгілі бір пайызда жалақы төленсе екен, - деді мәжілісмен.
Ол жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшылар анықталып, Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынды.