Қазақстанда белгілі бір санаттағы азаматтар тегін дәрі-дәрмек алады. Бұл тізім жыл сайын жаңартылып, кеңейіп отырады. Биыл да бірқатар ауру түрлері мен оларға арналған жаңа препараттар қосылды. Ендеше тегін дәрілер кімдерге беріледі? Оны қалай алуға болады? El.kz интернет порталы түсіндіреді.
Тегін дәрі-дәрмекті кім алуға құқылы?
Қазақстанда созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулармен тіркелген азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында амбулаториялық дәрі-дәрмек алу құқығына ие. Бұл – тек медициналық қызметтерді ғана емес, стационарда және амбулаторлық деңгейде берілетін дәрілік заттарды да қамтиды. Ауруханада жатқан науқастарға қажетті препараттар толық көлемде ұсынылады.
Ал емханада берілетін амбулаторлық дәрілер арнайы тізім бойынша ұсынылады. Бұл тізім ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығымен бекітілген. Құжатта аурулар, оларға арналған дәрілердің атауы, мөлшері және кімдердің тегін ала алатыны нақты көрсетілген.
Ересектерге қандай дәрілер тегін беріледі?
Қазақстанда диспансерлік есепте тұрған азаматтар белгілі бір ауру түрлеріне қарай тегін немесе жеңілдікпен амбулаторлық дәрі-дәрмек ала алады. Тегін берілетін препараттар тізімі аурудың ерекшелігіне байланысты қалыптастырылады.
Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары:
Жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), жүрек қақпақшаларының ақаулары сияқты диагноздары бар азаматтар дәрі-дәрмекті тегін алу құқығына ие.
Тыныс алу жолдарының аурулары:
Бронхиалды демікпе (астма), өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, бастапқы өкпе гипертензиясы, өкпенің интерстициальді аурулары бар пациенттерге де қажетті препараттар беріледі.
Инфекциялық және паразиттік аурулар:
COVID-19, туберкулез, АИТВ инфекциясы сияқты жұқпалы аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрғандарға дәрі-дәрмек тегін ұсынылады.
Тері және тері асты тіндерінің аурулары:
Буллезді эпидермолиз, күлдіреуік, псориаз секілді созылмалы тері ауруларына арналған дәрілер де тізімге кіреді.
Ас қорыту жүйесінің аурулары:
Бауыр циррозын қоса алғанда, созылмалы С вирустық гепатиті, дельта агентімен және онсыз В гепатиті, Крон ауруы, ойық жаралы колит диагноздары бар адамдарға дәрілік қолдау көрсетіледі.
Қан және иммундық жүйе аурулары:
Жедел лимфобластикалық лейкоз, созылмалы миелоидты лейкоз, қан ұю факторларының тұқым қуалайтын тапшылықтары, аутоиммунды аурулар, иммун тапшылығы жағдайлары, сондай-ақ темір тапшылығы анемиясы бойынша дәрілер тегін беріледі.
Эндокриндік жүйе және зат алмасу бұзылыстары:
Қант диабеті, қанттық емес диабет, гипотиреоз, гипертиреоз, гипопаратиреоз және осы жүйеге байланысты басқа да метаболикалық аурулар дәрілік қамтуға жатады.
Сүйек-бұлшықет және дәнекер тін аурулары:
Ювенильді артрит, ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, жүйелік склероз, артроздар және басқа созылмалы ревматологиялық аурулар да тегін дәрілер тізіміне енгізілген.
Нерв жүйесінің аурулары:
Церебральді сал ауруы, эпилепсия, жайылмалы беріш, альцгеймер, паркинсон аурулары және басқа да неврологиялық бұзылыстар бойынша дәрі-дәрмек беріледі.
Психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы:
Психиатриялық диагнозы бар азаматтар да қажетті препараттарды тегін ала алады.
Онкологиялық аурулар:
Қатерлі ісік диагнозы қойылған пациенттерге арналған дәрілер толықтай тегін беріледі.
Ағзалар мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар:
Трансплантациядан өткен адамдарға өмір бойы қажет иммуносупрессиялық терапия мемлекеттік қолдауға кіреді.
Несеп-жыныс жүйесінің аурулары:
Бүйрек, несеп жолдары және жыныс жүйесі аурулары бойынша диспансерлік есептегі азаматтарға да тегін дәрілер қарастырылған.
Аурулардың толық тізімі мен әрқайсысы бойынша берілетін дәрілік заттардың нақты атаулары арнайы бекітілген құжатта көрсетілген.
Балаларға қандай дәрілер тегін беріледі?
Қазақстанда балаларға арналған тегін амбулаторлық дәрі-дәрмек олардың жас ерекшелігіне және медициналық көрсетілімдеріне қарай беріледі.
Бір жасқа дейінгі нәрестелерге – ерте жасанды немесе аралас тамақтандыру қажет болған жағдайда арнайы қоспалар мен препараттар тегін ұсынылады.
Бес жасқа дейінгі балаларға – мешелдің алдын алу және оны бақылауға арналған дәрілер тегін беріледі.
Бұдан бөлек, бірқатар аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған балаларға да дәрілік терапия толықтай немесе жеңілдікпен қамтамасыз етіледі. Мұндай диагноздарға мыналар жатады:
Бұл тізімге кіретін балалар қажетті дәрілерді емханадағы амбулаторлық дәріханадан тегін ала алады. Әр ауру бойынша нақты препараттар жеке бекітілген тізімде көрсетілген.
Дәрілер тізімі биыл қалай өзгерді?
Соңғы жылдары тегін дәрі-дәрмек берілетін аурулар саны айтарлықтай артқан. 2019 жылы 44 ауру қамтылса, қазір олардың саны 84-ке жеткен. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың позициясы да көбейіп, 249-дан 372-ге дейін өскен.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетінде 50 нозология бойынша 256 препарат бар.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде ересектер үшін 13 нозология бойынша 54, балалар үшін 21 нозология бойынша 62 дәрі-дәрмек қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 19 мамырда арнайы бұйрық қабылдап, Қазақстан азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдетілген амбулаторлық дәрілік заттармен қамтамасыз етуге арналған тізімге өзгерістер енгізді. Осылайша, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде берілетін препараттар жаңартылып, кейбір аурулар бойынша дәрілердің құрамы толықтырылды. Бұйрық 2025 жылғы 4 маусымнан бастап күшіне енді.
Жаңартылған нұсқада психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастарға арналған дәрілер тізімі кеңейтілді. Динамикалық бақылауда тұрған азаматтарға рихексифенидил, хлорпромазин, левомепромазин, трифлуоперазин, галоперидол (таблетка және инъекцияға арналған майлы ерітінді), клозапин, оланзапин, рисперидон (таблетка, ұзақ әсер ететін бұлшықетішілік суспензияға арналған ұнтақ және ішке қабылдауға арналған ерітінді), палиперидон (таблетка мен ұзақ әсер ететін суспензия), сондай-ақ диазепам, амитриптилин, венлафаксин (таблетка және капсула түрінде) және амисульприд ерітіндісі ұсынылады.
Опиоидты агонистермен демеуші терапия алатын емделушілер үшін метадонның пероральді ерітіндісі енгізілген.
Артериялық гипертензияның 2-4 қауіп дәрежесі бар науқастарға да тегін дәрілер тізімі нақтыланды. Динамикалық бақылаудағы ересек азаматтарға индапамид (таблетка, капсула), метопролол, бисопролол, амлодипин, кандесартан, эналаприл, периндоприл, диуретиктермен біріктірілген периндоприл және фозиноприл беріледі. Негізгі терапия жеткіліксіз болған жағдайда моксонидин тағайындалуы мүмкін.
Дәл осы препараттар артериялық гипертензияның 2-4 қауіп дәрежесі анықталған балалар үшін де қолжетімді. Балаларға индапамид, метопролол, бисопролол, амлодипин, кандесартан, эналаприл, периндоприл, оның диуретикпен біріктірілген нұсқасы және фозиноприл ұсынылады. Ал негізгі ем нәтиже бермеген жағдайда моксонидин қолданылады.
Тегін дәрілерді қалай алуға болады?
Тегін амбулаторлық дәрі-дәрмек алу үшін азамат ең алдымен өз тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі керек. Тіркелгеннен кейін дәрігер тексеру жүргізіп, қажетті талдаулар арқылы диагнозды нақтылайды. Егер анықталған ауру түрі министрлік бекіткен жеңілдікті тізімге сәйкес келсе, пациент диспансерлік есепке қойылады. Осыдан кейін учаскелік дәрігер немесе тиісті маман науқасты тұрақты бақылауда ұстап, тегін дәрі-дәрмек алу үшін арнайы рецепт рәсімдейді.
Тегін дәрілік заттар әдетте пациент тіркелген емхананың өз ішіндегі дәріханадан ғана беріледі. Себебі әр медициналық ұйым өз пациенттеріне арналған дәрі қорын жеке жүргізеді, сондықтан басқа емханадан дәрі алу мүмкін болмайды.
Препаратты алу үшін алдымен учаскелік дәрігерден рецепт жаздырып алу керек. Рецепт дайын болғаннан кейін емханаға қарасты дәріханаға барылып, сол құжат көрсетіледі. Фармацевт тиісті дәрілерді тегін береді.
Дәрі алған кезде жеке басын растайтын құжат көрсетіледі.
Электрондық рецепт жүйеде тіркелгенімен, кейбір жағдайларда дәріхана қағаз нұсқасын талап етуі мүмкін – бұл әр емхананың ішкі тәртібіне байланысты.
Егер дәріханада тегін дәрі табылмаса не істеуге болады?
Тіркелген емханаңыздағы дәріханада сізге тағайындалған тегін дәрі уақытша болмаған жағдайда, ең алдымен бұл жөнінде емхана дәрігеріне немесе әкімшілігіне хабарлау қажет. Олар препараттың қашан жеткізілетінін және қоймаға түсу мерзімін нақтылап береді.
Қосымша ақпарат алу үшін «СК-Фармация» компаниясының 1439 қысқа нөміріне де хабарласуға болады. Байланыс орталығы белгілі бір дәрінің жеткізілу уақыты мен жағдайы туралы мәлімет бере алады.
Дәрі-дәрмектер қалай жеткізіледі?
Амбулаторлық дәрілерді емханаларға жеткізу «СК-Фармация» арқылы ұйымдастырылады. Ал пациенттерге берілген өнімдердің ақысы республикалық бюджет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен өтеледі.
2025 жылы амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жалпы 262,95 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде:
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шығынының көп болуы – онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға арналған өте қымбат дәрілердің осы пакет арқылы алынуымен байланысты.
Биыл берілген дәрілер көлемі қандай?
2025 жылдың алғашқы 7 айында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 1,4 млн пациентке 131,77 млрд теңгеге дәрі-дәрмек берілген (49 ауру бойынша 5,4 млн рецепт).
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 1,26 млн адам 18,5 млрд теңгеге амбулаторлық дәрілер алған (53 ауру бойынша 4,8 млн рецепт).
2024 жылмен салыстырсақ, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша 215,3 млрд теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 30,9 млрд теңге игерілген.