Театрда табысқан тағдырлар

18 Наурыз, 11:00 24579

Көзі қарақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры талай тағдырларды тоғыстырып, бақытты шаңыраққа айналдырған құтты мекен. Себебі театр құрылғалы бері мұнда махаббат әнін әуелетіп, бақыт жырын тебреткен отыздан астам жұп көңіл жарастырып, отбасын құрған. «Шаңырақ күні» аясында өнерде де өмірде де қос аққудай қатар жүрген жандардың махаббат дастанын тыңдап қайттық.  

 Театр өнерінің саңлақ тұлғаларына айналған Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов пен оның жары Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жұмагүл Мейрамова осы өнер ордасында шаңырақ құрып, отау тіккен алғашқылардың бірі. Оқу ордасында бірге оқып, бір жүріп, еңбек жолын да бірге бастаған жұптың отасқанына биыл - 54 жыл. Сыр-сұхбат барысында Тілектес Мейрамов жары Жұмагүл Мейрамоваға деген сезім ұшқынын  ұғып,  іңкәр көңілі құлаған тұсты былайша еске алды.

Екінші курста  оқып жүрген кезіміз еді. Сабақ барысында ұстаздарымызбен бірге өзімізге бекітілген рөлдерді талдайтынбыз. Сол кезде кафедра меңгерушісі Рәбиға Қаныбаева апайымыз еді. Серілік өнердің көрнекті өкілі Ақан серінің рөлін сомдайтын тұста «Ақанның серілігі қайда, Ақанның махаббаты қайда, Ақан ғашық бола білген», деп мені жігерлендіріп, мендегі рөлді тірілтуге тырысатын. Бірде Жұмагүл екеуміз сахнада тұрғанда «Қасыңдағы сұлу қызды көрмейсің бе?», деді. Мен төмен қарап тұрып басымды изедім. «Дұрыстап қарасаңшы», деді. Бір қарадым да жанарымды тайдырып едім, «көз тоқтатып қара»,  деді. Сол тұста жұмагүлге қарап тұрып екі  жыл бойы аңғармай жүрген бір ұшқынды байқағандай болдым. Тағы бірде Асқар (Тоқпанов) ағамыз сабақта Ақан сері қыздарды бес категорияға бөліп, жырға қосқан. Бірінші сорты «Қолаң шашты, қой  көзді» деп ол біздің Жұмагүл деп айтқанда тағы бір тілмен айтып жеткізе алмайтын сезімді сезінгендей болдым. Осылайша ұстаздарымыздың арқасында екеуара сезімімізді ұштастырып, отбасын құрдық,  - дейді Тілектес Мейрамов.

Халық артисі жұбайы Жұмагүл Мейрамовамен жарты ғасырдан астам уақыт жұптасып жүріп театр сахнасында да көптеген ғашықтардың рөлін бірге сомдап, қайталанбас бейне қалдырған.

Аты аңызға айналған «Ақан сері-Ақтоқтыда», Мұхаметқали Хасеновтің «Сырласуында» ерлі-зайыптының рөлін сомдадық. Сондай-ақ, Алтыншаш Жағанованың «Беймаза әйелінде», Рахымжан Отарбаевтың «Көлеңкесіз жолаушы» спектаклінде бас кейіпкердің  әке-шешесінің бейнесін сомдадық, - дейді ол.

Осылайша, өмірін өнермен өрнектеген жұптың ғашықтар рөлін сомдап жасаған сахналық әрекеттері шынайы келісімін тапқан. Бұл жұп ішкі толғанысы мен табиғи талантқа толы болмысы арқылы жемісті жетістіктерге қол жеткізді. Театр тарихындағы спектакльдерде тұтас бір заманның алуан түрлі кейіпкерлерін сомдаған жандар бүгінде театр сахнасының саңлағына айналды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Өтеуіл мен оның жары Айнұр Бермұхамбетова да осы киелі орданың отбасылы әртістері. Олар Абай мен Әйгерімнің, Генрих пен Розалинданың, Теңге мен Көтібар сынды інжу-маржан саналатын көптеген тарих тізбесіндегі тұлғалардың рөлін жеткілікті деңгейде сомдап, өмірде де өнерде де ғашықтықтың ғаламатын халыққа шебер жеткізуге тырысып жүрген жандар. Биыл бұл жұптың отау құрғандарына 26 жыл болыпты.

 Біз бір топта оқыдық. Бір жерде жұмыс істедік. 1998 жылы Астана қаласына қоныс аудардық. Бізді осында жетелеп келген құтты ордамыз Қаллеки театры еді. Кейін отбасын  құрдық. Ақмоланың Астана болғанына куә болдық. Балаларымыз дүниеге келді. Бас қаламызбен бірге жасап, елордамызбен бірге есейіп келеміз,  - дейді Нұркен Өтеуіл.

Театрдағы тың туындыға өзінше рең беріп, үн қосу, халыққа ұсыну үлкен жұмысты талап ететіні анық. Сахнадағы әртістерден бөлек мұнда көптеген адамның еселі еңбегі жатыр. Сахна төрінде көңіл жарастырмаса да, театр қабырғасында жүріп тағдырларын бір арнаға тоғыстырған жандардың бірі - театрдағы жарық жабдықтарына қызмет көрсету бөлімінің жарық суретшісі Асылбек Айтмұхамбетов пен театрдың есепшісі Ботакөз Жанабекова. Екеуі де ең алғаш осы өнер ордасында бір-бірін кезіктіріпті. Сол сәтте-ақ жастардың арасында көзге көрінбейтін нәзік байланыс орнаған. Осылайша, отбасын құрған.  

2000  жылы  осы театрға жұмысқа орналастым. Жарым Ботакөз театрда есепші болып қызмет етеді екен. Сөйлесіп, тіл табысып, бір бірімізге деген көңілімізді білдіріп, отбасын құруды жөн көрдік.  Бүгінде қос қызымыз бар берекелі шаңыраққа айналдық. Отау құрғанымызға 21 жылдан асты, - дейді Асылбек Айтмұхамбетов.

Театрдағы актерлер Ерғұлан Жанпейісов пен Инабат Әбенова да бүгінде  отбасылық жұп, талантты театр әртістері. Ерғұлан Жанпейісов Балқаш қаласының тумасы, ал оның жары Инабат Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Амангелді  ауылында дүниеге келген. Қос актер де өнер саласы бойынша жоғары білім алған. Олар да театр деген ғаламат әлемнің табалдырығын аттаған тұста танысқан. Екі үш жылдың бедерінде бір-бірін тани түсіп, өнерде өзектес, өмірде адал жар болу үшін шаңырақ көтеруге бел байлаған.  

Екеуміз де Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегіміз. Бүгінде осы қара шаңырақта қызмет атқарудамыз. Біз үшін бір жерде  жұмыс істегеннің жақсы тұстары өте көп. Рөлдерге дайындық барысында жұмыста да, үйде де бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп, кемшін тұстарын жетілдіруге көмектесеміз. Бір салада қызмет еткеннен кейін оның қиындығын, қыр-сырын жақсы білеміз. Сондықтан бір-бірімізге демеу болып, әркез түсіністік танытуға тырысамыз, - дейді Ерғұлан Жанпейісов.

Жас отбасының шаңырақ құрғандарына биыл 5 жыл болыпты. Бүгінде олар Ертөре есімді батырдың ата-анасы. Жас отбасының алға қойған жоспарлары көп. Болашақта сахна саңлағына айналып, хас талантты шабыттандыратын шоқтығы биік рөлдерді сомдауды мақсат тұтады.

Мереке Амантай
Бөлісу: