Театр бес жылдан кейін өз шаңырағына оралады

11 Ақпан 2023, 13:00 2179

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры наурызда ашылады

Бес жылға созылған М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының қайта жөндеу құрылысы наурыз айында аяқталады, деп хабарлайды El.kz  ақпараттық агенттігі.

Театр – сананы сілкіндіретін үлгі мен тәрбие мекені. Рухани кештерден адам шабыт алып, өмірге деген көзқарасы өзгере бастайды. Осы сынды қоғамға ерекше көңіл-күй сыйлап жүрген Қазақстанның көне театрлардың бірі – М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры.

Өнер ғимараты бес жыл көлемінде жөндеу жұмысына байланысты жабылып, басқа ғимаратта жүрсе де, театр ұжымы жұмысын тоқтатпады. Бүгінде көрермендерін музыкалық жас көрермен театрында түрлі қойылымдармен қуантып жүр. Дегенмен, драма театр директорының айтуынша, кейбір кең диапазонды спектакльдер тек қара шаңырақта орналасқан сахнаға арналған.

«Бұл театрда жұмыс істеп жатқаныма бір жыл толады. Бес жыл бойы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы жылы жұмыс қарқынын тездетіп, наурыз айында театр есігі көрермендерімізге айқара ашылады деген сенімдеміз. Біздің театрдың өзіндік стилі бар. Алға қойған мақсаты бар, жетістіктері де көп. Алда ауқымды койылымдар күтілуде», – дейді Ернар Жұматаев.

Сегіз жыл өнердің ақ ордасында жұмыс жасап келе жатқан Ернар сұхбат барысында театр басқару қиын болғанымен өте қызық процесс екендігін де айтты. Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар драма театрдың бүгіні басқа театрлармен салыстырғанда артық болмаса кем емес.

«Соңғы бес жыл ішінде театрға деген сұраныс артты. Елорданың өзінде онға жуық театр бар. Сонымен қатар, қойылымдар баға жағынан да ыңғайлы. Жанды қойылымдарды көру екі есе эмоция беріп, көрермен жан тәнімен сезіне алады. Көрермендер саны күн санап артып келеді. Олардың арасында жастардың қарасы көбейе түсті. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Өзіміздің ордамызға оралғасын үлкен қойыдымдар күтіңіздер. Арнайы сахнамызда түрлі жанрда спектакльдер қойылатын болады».

- Ернар мырза, көрерменге ой салып, ізгілікке жетелейтін тағылымды қойылымдар қалай дүниеге келеді?

- Бұған дейін біраз театрларда жұмыс жасадым. Сегіз жыл уақыт өнердің ақ ордасында қызметтемін. Пікір білдіретіндей тәжірибе жинақтадым деген ойдамын. Негізінен театр төрт бағытта жұмыс жасауы керек. Біріншісі -  ұлттық классика, екіншісі -  шетелдік классика, ал үшінші -  эксперименттік шығармалар және заманауи спектакльдер. Сонымен қатар мюзикл форматында үлкен спектакльдер ойнайтын болсақ, театрдың кемесі ешқайда ауытқымай жан-жақты жұмыс жасайды, көрермендердің де саны артады. Оған қоса біз көрермендердің үлкен, орта, кіші буынын аралас қамти алуымыз қажет. Сол кезде ғана ауқымды дүние шығады.

- Қоғамда театр көру мәдениеті жаңғырып, қалыптасып келе жатқан тәрізді. Ал бүгіннің театрлары сол сұранысқа сай жұмыс жасап жүр ме?

- Театрлар аптасын бес спектакль қояды. Біздің ұжым әр спектакльге халықаралық стандарттарға сай дайындайды. Мейлі ол тек өзіміздің елде көрсетілсе де. Ал осы процестің барлығын жүргізу қиын, әрі қызық. Театр өнердің төресі. Бұл жерде экперименттік тұрғыда көптеген дүние жасауға болады. Бір қойған қойылымды түбегейлі түрлендіріп немесе бұрынның қойылымдарын қайта қоюдың өзі премьера болып саналады. Осындай әр нәрсенің тамырынан ұстай білсек, эффект пайда болады. Театрлардың әлеуетін көтеру үшін жаңа технологиялар мен әдістерді қосу керек.

- Жастар рухани азық алатын қойылымдарды керек етеді. Жан тыныштығын сылайтын қойылымдардың жарнамасы қалай жүзеге асуда?

- Иа, жастар қазір театрға бейім. Жастардың энергиясын үлкендердің дәрежесіне апарып, одан үлкендердің тәжірибесіне отырып жұмыс жасау керек. Үлкендердің салған  сара жолын әдемілеп, дұрыстап пайдаланып әлеуметтік желіге бере білуіміз керек. Бүгінде бұрыңғыдай афишаның қажетті. Барлығы онлайн форматқа өтіп, әлеуметтік желі арқылы таратылады. Бұл өз кезегінле шығынды азайтып, табысты арттырады. Киноның дамуы да бізге үлкен жол ашты. Актерлеріміз кино әлемінде көрермендерді баурай алса, олар театрға да оның өнерін тамашалауға келеді. Бір көрген қойылымды қайталап көруге келетіндер де бар. Себебі әрқайсысында әртүрлі эмоция сезінуге болады.

- Сіздердің теартларыңызда жарнама бөлімі қалай жұмыс жасайды?

- Жарнамалық бөлім ол театрдың екінші көркемдік жетекшісі. Оның бірі залда көрерменмен жанды жұмыс жасаса, олар виртуалды жұмыс жасайды. Жарнаманы барлық Қазақстан мен шетелдіктер де көреді. Олардың қызығушылығы артқан сайын театр әлемі түрлене береді. Бірақ, жарнама тарамастан бұрын әдебиет бөлімінің фильтрінен өтеді. Себебі театр идеологиясы ерекше. Көрерменге жұмбақ моментті көрсету арқылы қойылымды көруге шақырамыз.

- Мәдени экономика деп жатады. Театрды қаржыландыру қалай жүзеге асады?

- Художник, менеджер, режиссер үшеуі мықты болатын болса жоқ қаржыдан бар дүние жасауға болады. Мемлекеттен қаржы бөлінгенімен, ақшаны үнемдей білу керек. Қайта қайта киім ауыстырудың қажеті жоқ. Актер ойыны мықты болса сыртқы келбеті маңызды емес. Актер қаншалықты әлсіз болған сайын келбетіне көп мән береді. Декорацияда қаржыны талап етеді. Бірақ бір зат бірнеше функцияны атқаруы керек. Ол ақшаға ғана емес, жолға да ыңғайлы болу керек. Гастрольдерге шыққанда алып жүруге көлемі мен салмағы жағынан келісті болса керемет. Фестиваль өте көп шығын аз, мәдени экономика жақсы дамып жатыр.

- Гастрольдер дедіңіз.. Соңғы уақытта жеткен жетістіктеріңіз бен биылғы жылғы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

-Бір жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жеттік. Республикалық театр фестивалінде бас жүлдені иелендік. Халықаралық фестивальдерге де қатысып жүлделі орындарға қол жеткіздік. Актерлеріміз шет елдерде бірінші қатарда бой көрсетіп жүр. Ресейде қызмет етіп жүрген жерлесіміз Рача Махатаевты  елге шақырып алдым.  Үлкен қойылымдар дайындық үстінде. Биыл Батыс Қазақстанға барсақ деп отырмыз.

- Сұхбатыңызға рахмет, театрға шығармашылық табыс тілейміз!

Айым Даниярқызы
Бөлісу: